Құрылысты рұқсатсыз жүргізген: Астанада G-Park компаниясына қатысты дау шықты
Астанада G-Park құрылыс компаниясына ақшаларын сеніп тапсырған үлескерлер пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүргендерін айтып, бас көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Үлескерлердің айтуынша, орлар компанияға 2,5 жыл бұрын қомақты қаржы құйған. Көбі пәтердің жарты немесе толық құнын төлесе де, 2022 жылдың тамызында аяқталады деген құрылыс әлі бітпепті.
“Бізге былтыр тамызда берілуі керек болған, бірақ бермеді. Соңғы мерзім желтоқсан айы да, оны да күттік. Алайда күте-күте шаршаған соң мамырда үйдің берілмейтінін түсініп, келісімшартты бұзу үшін арыз жаздық”, – деді үлескер Жадыра Саттарова.
Жиналған жұрттың сөзінше, 500-ге жуық адам қаладағы бірнеше тұрғын үй кешенінің құрылысына ақша салған.
Дегенмен компания өкілдері жиналған жұрттың алдына шығып, мән-жайды түсіндірмепті. Ал шендіоер азаматтарға құрылыс компаниясымен арадағы мәселені тек сот арқылы шешуге кеңес беріп отыр.
“Компанияның алты нысан бойынша құрылысқа рұқсат құжаттары жоқ. Бірақ олардың айтуынша, екі айдың ішінде барлық рұқсат құжаттар алынады. Біз бұл мәселені бақылауда ұстаймыз”, – деп мәлімдеді Астана қаласы әкімдігінің өкілі Дәулет Досқұлов.