Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ бірнеше жылдан бері су тапшылығын көріп отырған ауылға құдық қазып берді

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ Қарқаралыдан 60 шақырым жерде орналасқан, су тапшылығын көріп отырған Жаңажол ауылына бұрғылау арқылы құдық қазып берді. Енді ауыл тұрғындары ауыз суы үшін қалаға баруға мәжбүр болмайды. 

Мұнда тұратын 22 отбасы мал және егін шаруашылығымен айналысады. Көп жылдар бойы ауыл тұрғындарының басты мәселесі ауыз суы болған. Елді мекендегі жалғыз құдықтың суы тұзды болғандықтан адамдар тек шаруашылыққа ғана пайдалана алған. Ал ішетін су үшін қалаға баруға мәжбүр болған. 

“Біз көмек қолын созғанымызға өте қуаныштымыз. Алыс аймақта су, жарық, жол болуы үшін инфрақұрылым өте маңызды. Сонда ауылдық жерде тұру әлдеқайда ыңғайлы болады. Мал өсіріп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, облыс үшін үлкен жұмыс жасап жатырсыздар. Сіздердің ауыз су мәселесін көре тұра шара қолданбай отыра алмадық”, – деді тұрғындар алдында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ бас директоры Владимир Яблонский.

Құдық қазу "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы қолға алған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Мұнда енді бір айдың ішінде малға қоршау орнату, электр желісін тарту, сорғы орнату, ауыз су құбыры бар модульдік ғимарат салу жоспарланған.

“Қазақстан Президенті 2025 жылға дейін ел тұрғындарын сапалы ауыз сумен жүз пайыз қамтамасыз ету міндетін қойды. Біздің облыста Жаңажол ауылын қосқанда орталықтандырылған су құбыры жоқ 20-дан астам елді мекен бар. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тұрғындар атынан мың алғыс. Сіздер шынымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін үлгі етіп  көрсетудесіздер. Серіктестікпен жасалған меморандум аясында облыс үшін әлі талай пайдалы жобаларды жүзеге асыратынымызға сенімдімін”, – деді Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын.

19 метрлік құдықты бұрғылау жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, жұмыс 10 күнде аяқталды. Құдықтың дебиті сағатына 43 текше метрді құрайды. Қарқаралы аудандық Тұрғын үй коммуналдық қызметінің мәліметінше, Жаңажол ауылына қажетті су көлемі тәулігіне 40 текше метрді құрайды. Яғни, құдық суы елді мекеннің тұтыну нормасынан бірнеше есеге асып тұр. Қазір судың сапасына тексеру жүргізілуде.

Бірнеше жылдан бері көмек сұрап келген жергілікті тұрғындар ақыры туған ауылында ауыз суы пайда болғанына қуанышты.

“Жаңа әкім келіп, іс алға жылжыды. Жұмыстың қалай жүріп жатқанын тексеріп, үшінші рет келіп отыр. Қазір сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Бірақ судың дәмін татып көріп, біздікінен әлдеқайда жақсы екенін ұқтық. Арманымызды жүзеге асырған Қарқаралы ауданының әкіміне және "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына рахмет”, – деді ауыл тұрғыны Тәулет Терлікбаев ақсақал.