Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аналар жертөлелерде босанып жатыр": Украинаның ірі қалаларында киіз үй тігумен айналысқан қазақ әйел елдің қазіргі ахуалын айтты

Украинаның бірнеше қаласында қазақ мецанаттары киіз үйлер тіккен еді. Оған жергілікті қазақтар ерікті түрде көмектесіп жатыр. Жылу мен жарықсыз қалған қала тұрғындары киіз үйде бойларын жылытып, ыстық тамақ ішіп, ұялы телефондарын қуаттап алады. Украинаға қоныс аударған отандастарымыздың бірі – Дайраш Колесникова Маханбетқызы, Stan.kz тілшісіне Украинадағы қазіргі ахуал туралы, қазақтың киіз үйлерінің жұмысы жөнінде айтып берген еді. 

Дайраш Колесникова Маханбетқызы - 1964 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында дүниеге келген.

Қазақстанда екі туған ағасы және сіңілісі тұрады. Туыстары Дайраш ханымға қолдауларын көрсетіп тұрады екен.

1985 жылы Украина астанасы – Киев қаласындағы "Көпсалалы қонақүй бизнесі және кәсіптік" техникумына оқуға түскен. Өзі қонақүйде жұмыс істеп, қазір зейнетке шыққан. Оқуын бітірген соң, осында тұрмыс құрған. Күйеуі күзет агентігінде жұмыс істейді. Оның жасы 58-де. Бір ұлдары бар. Украинадағы "Ақпараттық технологиялар" университетін бітірген. Ол телеканалда бейнемонтажер болып, соғысқа дейін жұмыс істеген. Ұлдарына әскерге шақырту келмепті. Бірақ шақырту келсе, оның соғыстан қашпайтындығын айтады. 

"Соғыс аяқталмаса да, бұл елден кеткім келмейді. Өзімнің туған жерімдей болып кеткен. Жақын достарым да осында. Украинада тұрғаныма 38 жыл болыпты. Украинадағы соғыс ұзап барады. Сондықтан мұнда жүріп тұру қиын. Бірақ біздің басшылар тырысып жатыр, тастап кеткен жоқ. Қандай да бір атылған зымырандар инфроқұрылымды құртса, олар жылу мен жарықты дер кезінде қалпына келтіруге тырысады. Бірақ біздің "киіз үйіміз" сияқты орындар бар. Ұялы телефондарымызды қуаттап, ыстық шәй және тамақ ішуге болады. Өзімнің үйімнің қасында осындай кітапхана бар. Біз үкіметімізге разымыз. Кішкентай бүлдіршіндері мен қариясы барларға қиын. Гуманитарлық көмектер ай сайын жағдайы төмен адамдарға да беріліп жатыр. Мұндағы мешіттерден де қайырымдылық акциялары жүріп жатады", - дейді жерлесіміз.

Дегенмен де Украинада өмір сүрудің қауіпті екендігін айта кетті. Ресейдің қай кезде атқылайтындарынан хабарлары жоқ. Тек сиреналар дабыл берсе, кез келген жақын маңдағы жертөлелердің біріне тығыламыз, дейді ол. 

"Әрбір ауданда зымырандардан қорғанатын нысандарды дайындап қойған. Көбіміз метроны паналаймыз. Мектептеріміз де сондай орындарға айналды. Көп қабатты үйлердің жертөлелеріне де тығылуға болады. Соғыс басталысымен осы орындарды жасақтап қойды. Қазір жертөлелерге медициналық жабдықтарды да орналастырды. Перзентхана аппараттары жертөлелерде де бар. Украинадағы аналар жертөлелерде сәбилерін босанып жатыр. 

Украина халқы қазіргі сәтте өте мықты. Олар енді ештеңеден қорықпайды. Кейде зымырандар ұшқанда, әртүрлі жағдайлар тосыннан болады. Біздің әуе қорғаныс күштері, кейде зымырандарды ұстай алмай қалады. Зымырандар лезде екі-үш минутта Киевке де жетеді. Мұндай кезде біз қатты қорқамыз. Қиын болса да осы жерде қаламыз. Сыр жерінде ағайын-туыстарым көп болса да осында қалуды шештім. Украина халқы болған соң қалдық қой. Бәріміз де жеңіске жетеміз!", - дейді отандасымыз.

Жерлесіміздің өз туыстарын көрмегеніме үш жылдың жүзі болған. 

"Қызылорда мен Алматы қалаларына барып тұратынмын. Соғыс болып жатқанынан Қазақстандағы барлық туытсарым хабардар. Олармен хабарласып, оқиғаның мән-жайын сурет пен бейнеге түсіріп жіберемін. Қазақстанда Украинаға қатысты ақпараттар өте сирек сияқты. 

Украинадағы қазақтар бір-бірімізбен жиі байланыстамыз. Көбісімен киіз үйлер құрылғанда таныстық. Қазақ жастары киіз үй туралы ақпараттарды естіп, әрбір жерлерден келіп жатыр. Бұрыннан бері осында тұрып жатқан қазақтар жақын араласамыз. Әрбір мерекелерді де атап өтеміз. Қазақстан елшілігі де біздерді арнайы шақырып, мерекелерді бізбен атап өтеді",  - деп қосты Дайраш Маханбетқызы. 

Дайраш ханымның айтуынша, бауырлас халықтың соғыс ашады дегеніне украиналықтар мүлдем сенбеген. Бастапқыда әскери нысандарды ғана атқылаймыз деген. Бірақ соғыстың алғашқы күндерінен-ақ, бейбіт халықты өлтіріп жатыр дейді. 

"Жаппай елге шабуыл жасағанда өте қауіпті болды. Украинадағы ірі қалалар Харьков, Мариуполь т.б. бірінен соң бірі атқыланды. Халықтың біразы Еуропа елдеріне қашты. Поляктар, болгарлар т.б. көп көмектесті. Украинада да еріктілер өте көп. Олар адамдарды қақтығыс аймақтарынан алып шықты. Менің жақындарым Құдайға шүкір, бәрі де аман-есен! Бірақ дүние-мүліктерінен айырылғандар да бар. Херсондағы бір досымыздың үйіне зымыран түскен. 

Сөзінше, дүкендердің барлығы да жұмыс істейді екен. Бірақ ел аумағында таңғы бестен кешкі он бірге дейін коменданттық сағат дейді. 

"Әуе қорғанысының дабылы болмаса, дүкендер мен маркеттер қалыпты режимде жұмыс істейді. Сирена болған сәтте электр жарығы сөндіріліп, қоғамдық көліктер тоқтайды. Ол кезде маршурттық таксилер ғана жүреді. Тұрғындар далада қалып қойды деп қорқуға да негіз жоқ. Маршурттық таксимен үйлеріне жетеді. Бірақ үлгермей қалғандарға қиын. Олардың бас сауғалап жертөле өткелдеріне тығылуларына тура келеді. Соғыстың бірінші күндеріне қарағанда, қазір айырмашылық бар. Халықтың еті үйреніп қалды. Тірі кезімізде ешкімге де берілмейміз", - дейді ол. 

Оның айтуынша, азық-түлік қорының барлығы да бар. Сүт, ет, нан т.б. ең қажетті деген заттардың барлығын да табуға болады екен. Тіпті, жергілікті атқамінерлер аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр дейді.

"Киіз үйлер алдымен Буча қаласында салтанатты түрде ашылды. 14 қаңтарда Киев төрінде ашылды. Оның ашылуына қатыстық. Киіз үй қала орталығы мен Шевченко университетінің жанында бой көтерген. Қазақ мецанаттарының арқасында іске асты.  Келген адамдар ыстық шәй немесе кофесін ішіп жылынады. Өз смартфондарын зарядтап та алады. Азанғы сағат 10:00 шамасында ашылып, сағат кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Украинада тұратын қазақтар ерікті түрде қызмет көрсетіп жатыр. Бұл шараға Украинада тұратын қазақтар да атсалысты.

Отандасымыздың айтуынша, Украина халқының жеңіске жететініне ешқандай да күмән келтірмейді. Біз жеңіп шығамыз. Өйткені, көптеген елдер бізге өз көмектерін көрсетіп жатыр, деп ол сөзін аяқтады.

Еске салсақ, қазақстандықтар Украинаға 42 генератор мен бірнеше киіз үй жіберіп, ең көп зардап шеккен ауданға орнатылғаны хабарланған еді. Киіз үйді қала тұрғындары жылыну үшін паналаған. Сондай-ақ адамдарға тегін палау, бауырсақ пен ыстық сусын берілген. 

Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі  Мария Захарованың Сыртқы істер министрлігінің сайтындағы түсініктемесінде Қазақстан билігі Ресейді Бучадағы акцияға қатысы жоқ екеніне сендіргенін айтқан.

 

 

Қадірәлі САРЫПБЕК 
    
 

Талқылау