"Олар бәріне келісуде": Қазақстанға келген ресейліктер жұмысқа қалай орналасуда
Бүгінде елімізге келген ресейліктердің ағынынан соң еңбек нарығында бос орындарға сұраныс артқан. Еңбек министрлігі ресейліктерді жұмысқа орналастыру көрсеткіштері рұқсат етілген нормада екенін жеткізді. Мамандар қызметкерлерден бөлек, көшуге ниетті компаниялардың елге келуі экономикамызға оң әсерін тигізетінін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.
Мобилизация жарияланғаннан кейін еліміздің аумағына 300 мыңға жуық Ресей азаматы келді. Соның 147 мыңы елде қалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ресейлік нарықтан кеткен шетелдік компаниялардың Қазақстанға қоныс аударуы үшін іскерлік ахуалды жақсартуды тапсырған болатын.
Ресеймен шекаралас орналасқан Қостанай облысында жұмыс іздеуші шетелдіктер мен тұрғындарға арналған бос орындарға арналған жәрмеңке өтті. Мұнда келіп өтініш білдірген ресейліктердің қарасы мол екен.
“Көбіне өндіріс мамандарын іздеудеміз. Алайда заңгерден бастап техникалық қызметкерлерге дейін көптеген мамандық иелерін де қабылдаймыз. Өтініш білдірушілердің тізімі күнде толығуда. Біз ҚР-ның еңбек шарты бойынша жұмысқа орналастырамыз. Ал жалақыға келсек, дәл қазіргідей кезеңде олар бәріне келісуде. Айлық табыс мөлшері маманның білімі мен тәжірибесіне байланысты есептеледі. Орташа жалақы мөлшерін 120 мың теңгеден басталады деп айта аламын”,- деді жұмысқа қабылдау бойынша маман Юлия Фиронова.
Кадрлар бөлімінің басшысы Оксана Самулевичтің сөзінше, жұмыс іздеп жүрген жас жігіттердің көбісі мұнда ұзаққа тұрақтамайтындарын, бір-екі айдан соң жағдай реттелсе кері қайтатындарын ескерткен екен. Оксана олардың бәрібір біздің елде ұзаққа қалмайтынын жеткізді.
Ал мәскеулік Вячеслав Иванцов Қазақстанға алғаш ата-әжесімен екі жасында келгенін есіне алды. Қазір ол жұмысқа орналасқан, енді азаматтық алуға ниетті.
“Мен Мәскеуден осында туыстарыма келдім. Маған бұл қала ұнайды. Сондықтан осында тұрып, жұмыс істеуді шештім. Миграцилық полиция бөлімшесінен жұмыс туралы хабарландыруды көріп хабарластым. Келіп басшылықпен сөйлесіп, іске кірісіп кеттім. Қазір жұмыс визасын, яғни бір жылға елде болуға рұқсат беретін визаны алдым. Енді азаматтық алуға өтініш бермекшімін”,- деді Вячеслав Иванцов.
Қостанай облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Мойсеев бүгінде ауруханада соңғы уақытта 67 дәрігер жұмысқа орналасса да, әлі күнге дейін мамандар тапшылығы байқалатынын жасырмады. Дәрігер әлі де 21 қызметкер қажет екенін алға тартты.
“Әлі де неанотолог, гинеколог, анестазиолог пен ревматологтар, реабилитолог радиодиагностика мамандары қажет. Ресейліктерден алты дәрігер маманнан өтініш келіп түсті. Дегенмен заң талаптарын сақтай отырып, олар өздерін құжат жағынан қамтамасыз ете алуы керек”,- деді бас дәрігер.
Юрий Мойсеевтің сөзінше, қазір шетелдіктер жіберген резюмелерінде 600 мың, 800 мың тіпті 1 миллион теңгеге дейін жалақыны талап еткен екен. Алайда бас дәрігер бұл ауруханада анестезиолог дәрігерлердің өзі кезекшіліктерді қосқанда 400 мың теңге жалақы таба алатынын алға тартты.
Үкімет 56 компанияның Ресейден Қазақстанға бизнес бойынша көшуге ниетті екенін хабарлады. Осы ретте 6 шетелдік компания түпкілікті шешімге келген. Мамандар шетелдік компаниялар мен өндіріс нарығының Қазақстанға келуі экономикалық дамуымызға оң әсерін тигізетінін айтады.
“Қазір кейбір көрші елдердегі компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Солардың ішінде ресейлік компаниялар біздің елге келіп, өнімдерін шығарғысы келеді”,- деді Қостанай облысы әкімдігінің кәсіпкерлік басқармасының басшысы Аслан Жаныспаев.
Еңбек орталығының есептеу мәліметі бойынша қыркүйек айында 600 ресейлік жұмысқа тұрса, қазанда олардың саны 2 есеге өскен. Елге білікті мамандардың келуі ішкі кадр тапшылығын жоюға да септігін тигізуде.
"Заманауи дағдыларды меңгерген, еңбекке қабілетті, дайын адамдар келеді. Сонымен қатар әр жұмыс істейтін азаматтың жалпы ішкі өнімге үлесін қосатынын да ұмытпау керек", – дейді "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ президенті Дәулет Арғадықов.