Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көмекке мұқтаж қазақстандықтарға – тұрғын үй: "Харекет" қоры кімдерді баспанамен қамтамасыз етеді

Елімізде тағдырдың тауқыметіне түсіп, қиындық көрген отбасылар көп. Олардың тіпті мемлекеттік көмек ала алмай жүргендері қаншама. Алайда қоғамда бұл мәселелер көтерілмей жүрген жоқ. “Харекет”қайырымдылық қорының Алматы облысы бойынша жетекшісі Теміров Әлімжан Бекжанұлы қара халықтың тұрмыс жағдайы мен көмекке жүгінетіндер, қайырымдылық жасайтындар мен көмек алу үшін қандай әрекеттер жасалуы керек екенін Stan.kz тілшісіне айтып берді.

 – Әлімжан мырза, қордан көмек алу үшін адамдарға қойылатын талаптар қандай?

 –  Баспананы кімдерге береміз және қалай береміз деген сұрақ бізге жиі қойылады. Жұмыс барысында барлығын жақсылап бақылауымызға аламыз. Қараймыз, танысамыз, құжаттарын толықтай жинап тексереміз. Кейін комиссия мүшелеріне тапсырамыз. Басты назарды көмекке жүгінген адамдардың тұрмыстық жағдайына аударамыз. Яғни ол қайда тұрып жатыр, көмекке расымен мұқтаж ба, неліктен бұндай жағдайға түскен деген сияқты сауалдарға жауап іздейміз. 

Жалпы тексеріс пен қабылдау талаптары бойынша алдымен алғашқы үш категория бойынша көмек береміз. Бірінші кезекте жетім-жесірлер, яғни асыраушысынан айырылған, қиын жағдайда қалған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді жолға қойып отырмыз.  

Екінші кезекте толыққанды көпбалалы отбасылардың жағдайы қарастырылады. Оларда бала саны 7-ден 10-11-ге дейін болуы мүмкін. Ата-анасының әлеуметтік жағдайы, балаларды асырауға жете-жетпей ме, осының барлығы есепке алынады. 

Үшінші кезекте мүмкіндігі шектеулі баласы бар немесе өзінің денсаулығында кінәраты бар жалғызбасты аналарға көмек көрсетеміз.

Ал енді үш отбасының бірін салыстырмалы түрде таңдау керек болса, жетім-жесірлер бірінші қарастырылады. Оның ішінде де көмек бергелі жатқан жанның отбасында еңбекке жарамды кәмелеттік жастан асқан адам бары, жұмыс жасау қабілетінің болуы сараланады. 

Басты назар құжатқа аударылатынын ескере кеткен жөн. Талап бойынша жәрдем сұраған жанның басында бұрын баспанасы, жер телімі, автокөлігі тағы да басқа мүліктері болмауы керек. Өйткені бізге пәтерден-пәтерге, әрең күнін көріп жүрген отбасылар жиі хабарласып көмек сұрайды. Міне соларға қоғам болып, ел болып демеу береміз.

Жағдайы ауыр отбасылар да бар. Өзбекстаннан көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген жанұялар да болды. Әрине, барлығы уақыттың еншісінде. Ондай жандарға жасалатын көмек бір күнде немесе бір аптада бітетін шаруа емес. Бұндай жағдайда қандастарымыз азаматтығын алғанша берген баспанамызды қордың атына уақытша тіркеп қоямыз. Кейін құжаттар реттелген соң өз атына аударамыз. Өкінішке қарай, құжаттары жоқ, оны жасатуға білімдері жетпей жүрген қара халықтың бар екені жасырын емес. Оларға да қол ұшын созу міндет. Міне жұмыс процесі бізде осылай жасалады.

 – Жұмыс барысында түрлі тағдырларды кездестіретініңізге күмәніміз жоқ. Солардың ішінде жүрегіңізді бір сілкіндіріп, көңіліңіз бен ойыңыздан кетпей, көзге жас ұялатқан жағдай болды ма? 

 –  Иә, былтыр бізге 19 жастағы Анель дейтін қарындасымыз келді. Оның басынан біраз нәрсе өткенін естіп, жүрегім ауырды. Өзінен кейін бес бауыры бар екен. 11 жыл бұрын Анель 9 жаста болғанда көз алдында анасы әкесін өлтірген. Қаршадай қыздың көрмегені жоқ екен. Әкесі қаза болған соң анасы жаман жолға салынып, ішімдікке әуестеніп, бауырларының бірін алқапқа, бірін мал бағатын орынға жіберіп, жан-жаққа апарып тастапты. Анель өзі алыстағы бауырларын жинап, енді бірге тұрамыз-ау деген кезінде, шешесі ана құқығынан айырылып, оларды балалар үйіне алып кеткен. Сол жерде тәрбиеленген қарындасымыз 18-ге толған соң, бар ойы бауырларын өз қамқорлығына алу болады. Алайда қаршадай қыздың не үйі жоқ, әкесінің үйін анасы ішімдікке сатып жіберген. Бес бауырын қамтамасыз ете алатын жағдайы да болмады. Заң бойынша баланы қамқорлыққа алу үшін азамат 20 жастан асқан болуы тиіс. Сондықтан оның күтуіне тура келді. Уақыт жоғалтпай, жағдайын жақсарту үшін түрлі жерлерде жұмыс істеді. Сөйтіп ұзақ еңбек пен талпыныстан соң былтыр ғана ол бауырларын қамқорлығына алды. Кейін біз де оларға баспана жағынан қолдау көрсеттік.

Қарындасымыз басынан өткендерін өксіп еске алғанда, бәріміздің жүрегіміз қарс айырылды. Өмір өрімдей қызды ерте есейткен. Қарап тұрсам оның жасындағы қыздар оң мен солын ажырата алмайтын, алаңсыз шақта жүр ғой.

Анельдің өзі тәрбиелі, ақылына көркі сай бауырмал, жанашыр қайсар қыз. Тіпті толыққанды отбасының ішінен сезілмейтін жылулықты осы Анель мен оның бауырларын байқап, тіптен таңғалдым. Сондай тату, бауырмашыл, бір-біріне жылулық сыйлап, бір-бірін құрметтеп, қадірлейтін, тәрбиелі балалар. Мен бұрын-соңды мұндай татулық пен мейірімді көрмеппін. 



 – Қордың тарихында жиналған ең қомақты сома қанша теңге болды?

 – Біз басынан бастап отбасыларға қаражаттың жинақталу жүйесін айтамыз. Мысалы, бір отбасыға 5 миллион теңге жиналса, басқа біреуінде 10 миллион жиналуы мүмкін. Сондықтан да бізде шектеу бар. Биыл бұл сома 15 миллион теңгеге дейін жетті. Бұл ірі үш қала Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шыкентке арналған. Ал өзге қалаларда орналасқан жері мен үй бағаларына қарай қаражат құны белгіленеді.

Кей отбасыларға мұндай сомма жиналмауы мүмкін. Ал кейбіріне бір емес, бес-алты отбасыны үймен қамтамасыз ете алатын қаражат жиналуы әбден мүмкін. Мұндай кезде қаражат қойылған шектеу бойынша бөлінеді. Яғни жиналған соманың 15 миллион теңгесіне үй алынса, қалғанын өзге де жанұялардың есебіне аударылады.

 – Ең көп көмекке жүгінетіндер қай өңірден және басым бөлігі кімдер? 

 – Алматы үлкен мегаполис екенін бәріне белгілі. Облыстың, қаланың тұрғылықты тұрғындарынан бөлек, шаһарға көрші облыстан отандастарымыз немесе көрші елден қандастарымыз жиі көшіп келеді. Қазір көмек сұраушылар саны бойынша көш басында Алматы қаласы тұр. Одан кейін Қызылорда, Шымкент пен басқа да оңтүстік аймақтарды айта аламын. 

Олардың ішінде ең көп көмек сұрайтындар – асыраушысынан айырылған немесе жұбайымен бірге тұра алмай ажырасып, төрт баламен, бес баламен жалғыз қалған аналар. Алайда олардың ішінде де мұқтажы бар, мұқтаж емесі бар.

 – Қайырымдылық жасауда ең көп жомарттық жасайтын қара халық па әлде қалталылар ма?

   Бізде, Аллаға шүкір, демеушілер аз емес. Қол ұшын созатын, елге танымал экранның алдында жүрген кәсіпкер ағаларымыз бар. Бірақ мойындау керек қаражат жіберіп, көмек беретін жандардың басым көпшілігі қарапайым халық.

Меніңше, қалталылар қазір шынайы жұрт тұрмысын көрмей жүр. Егер олар халықтың осындай дәрежеде өмір сүріп жатқандарын өз көздерімен барып көрсе ол адам міндетті түрде көмектеседі деп ойлаймын.

 – “Қазақстан халқына” қорының жұмысына көңіліңіз тола ма? Жалпы қор тарапынан немесе сіздердің тараптарыңыздан бірлесіп жұмыс істеп көру бойынша ұсыныс, пікірлер болмады ма?

 – Жоқ. Меніңше, қордағы қаражат қазір дұрыс бағытта жұмсалып, керекті жеріне жетіп жатқан жоқ. Өйткені бұл қордың тізгінін тәжірибесі бар, азаматтар ұстау керек еді. Халыққа шынымен жанашыр, ел қамын ойлайтын ағаларымыз баршылық. Олар шынымен де қарапайым жұртшылықтың төменгі тіршілігін жақсы түсініп, көре алады. Себебі бір кездері өздері де сол халықтың арасынан шықты. Тәжірибелі, бұл мәселелердің негізгі бастауын білетін адамдар осындай “Қазақстан халқына” қорын басқарса, қаражат жететін жеріне жетер еді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, қазір қордың жасап жатқан жұмысын да, қол жеткізген нәтижесін де көрген жоқпыз.

 – Сіздерге көмекке жүгінетіндердің негізгі мәселесі қандай?

 – Көмекке шынымен мұқтаж жандар көп. Тағдыр тауқыметін көріп, есеңгіреп қалғандары да жетерлік. Мысалы, кейбірінің жасы 40-тан асқандықтан жұмыс таба алмайды, енді біреулер баласын тастайтын жер болмағандықтан тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайды. Тіпті мемлекеттен берілетін АӘК ала алмай жүргендер де бар. Неге? Себебі тұрақты тіркелген мекенжайы жоқ. Егер ол кісінің басында баспана жоқ болса, қайда барып тіркеледі? Осындай кезде биліктегілерге көкейде көптеген сұрақтар туындайды. Жұмыс істеп, алға ұмтылғысы келетін аналар бар. Біз оларға жұмысқа орналасуда барынша көмектесуге тырысамыз.

Өзім білетін төрт балалы бір отбасы бар. Кенжесі небәрі 1 жаста. Анасы бүлдіршінді 10 жастағы үлкен қызына қалдырып, өзі жұмысқа шығады. Өйткені бала-шағаны асырау керек. Отағасы болса тұрмыстың қиыншылығына шыдай алмай, жауапкершіліктен қашып, отбасын тастап кеткен. Екі сағат бір жердің еденін жуып, тағы екі сағат шаштаразды тазалайтын аналарды талай кездестірдік. Олар ресми түрде жұмыс жасай алмайды. Себебі баланы қарайтын адам жоқ. Оны балабақшадан алып кету керек, басқа баласын мектепке жіберу қажет. Осылайша балалары үйде болмағанда жалдамалы жұмысшы болуға мәжбүр.

 – Елдің әлеуметтік жағдайы көтеріліп, қоғам сіздердің қорларыңызға мұқтаж болмайтындай кез қашан туады деп ойлайсыз? 

– Алла бұйырса, алдағы 5-10 жылда елді бір үлкен өзгеріс күтіп тұр деп ойлаймын. Тарихта да қарап тұрсақ, үлкен дүмпулерден кейін басшы ауысып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып отырған ғой. Сондықтан елде үлкен өзгерістер орын алып, жұртымыздың жағдайы тағы бір жаңа деңгейге көтерілетін уақыт жақындады деп айта аламын. Соған сенемін!

Сұхбаттың толық нұсқасын ютуб арнамыздан тамашалай аласыздар

 

Талқылау