Төрт мекеменің ақшасын жымқырған: Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының орынбасарына қандай айып тағылғаны белгілі болды
Бұрынғы Атырау облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрқуат Нудинге мектепке, сондай-ақ екі медициналық мекеме мен дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне бөлінген ақшаны жымқырды деген айып тағылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі.
"Қаржылық мониторинг агенттігінің Атырау облысы бойынша аумақтық департаменті "Атырау облысының құрылыс басқармасы" лауазымды тұлғаларына және "Техника-Рем строй" ЖШС басшысына қатысты әлеуметтік нысандар (мектеп, екі медициналық амбулатория, дене шынықтыру-сауықтыру кешені) құрылысына бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде", – делінген хабарламада.
ЖШС басшысына қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданған.
"Осы қылмыстық іс аясында ҚІЖК-нің 128-бабы тәртібінде Атырау облысы құрылыс басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары (қазіргі Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары) ұсталып, Атырау уақытша тергеу изоляторына қамауға алынды", - деп толықтырды қаржылық мониторинг агенттігі.
Атырауда 10 ақпанда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрқуат Нудин ұсталған болатын. Денсаулық сақтау басқармасы бұл фактіні растап, шенеуніктің ұсталуы – облыстық денсаулық сақтау саласындағы жұмысына байланысты емес екенін атап өткен.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
