"Тойда көргендер "сен маған жаңа өмір сыйладың" дейді": Желіде жалғыз аяғымен би билеп танымал болған ару өзі жайлы айтып берді
Жақында тойда бір аяғымен үнді биін билеген алматылық қыз желіде танымал болған еді. 17 жастағы биші қыз Аружан Рашидтің айтуынша, туа біткен ауруы мен бір аяғының кесілгені оның армандарын жүзеге асыруға кедергі болмаған. Stan.kz тілшісі арумен тілдесіп, оның болашақ жоспарлары туралы сұрап білді.
Аружан Рашид 2003 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында өмірге келген. Арудың туғанынан сол аяғының кемшілігі болған. Ақыры емделмеген соң, кесуге тура келген.
“Анамның айтуынша, аяғыма 6 жасымнан бастап ота жасалған. Міне бәрі жақсы болады, жазылып кетемін деген үмітпен аяғыма 7 рет операция жасаттым. Нәтиже болмағандықтан, сегізінші отада аяғымды кестіртуге мәжбүр болдым. Ата-анам мені кішкентай кезімнен емдетіп, бар жағдайымды жасады”, – дейді Аружан Рашид.
Сөзінше, алғашында анасы оның би билеуіне қарсы болған.
“Биге 12 жасымда келдім. Youtube желісінен қарап, өзім үйрендім. Кішкентай кезімнен бастап емханада жатқаннан кейін, сол жердегі медбикелерге арнап кішігірім концерт қоятынбыз. Ауруханада үнді биін билеп, махаббатым ашылды деп айтсам болады. Үйге шыққаннан кейін де билеп жүрдім. Анам көріп қойып, маған билеуге тыйым салды. Бірақ мен билеуге қатты қызыққандықтан, бәрінен жасырынып билей бастадым. Бір күні анам көріп қойды. Сөйтіп биді жақсы билейтінімді, оған деген қызығушылығымды көргеннен кейін маған рұқсатын берді. Осылайша кішігірім той-томалақтарда билей бастадым. Жиындарға шақыртумен де, шақыртусыз да барамын. Аптасына екі-үш реттен шығып тұрамын. Тойда көргендер көбінесе жылы лебіздерін білдіріп жатады. Кейбірі тіпті артымнан келіп, “сен маған жаңа өмір сыйладың” деп әңгімесін айтып кетеді”, – дейді Аружан.
Ару желіде танылғаннан кейін оны “Салем Намасте” үнді этносаяси бірлестігі төрағасының орынбасары Вадодария Хитеш Чандра үш күн бойы іздеген.
“Тойда билеп жүргенімді бір кісі түсіріп алып, TikTok желісіне салып жіберіпті. Мен басында ол туралы білмедім. Әпкем жібергеннен кейін көріп, қуандым. Кейін осы видеоны үнді азаматы тамашалап, мені үш күн бойы іздепті. Ақырында маған хабарласып, қолдау көрсететінін айтты. Осылайша Алматы қаласындағы танымал биші Ақмарал Қайназарованың би үйірмесіне шақырту алдым. Қазіргі сәтте сол кісіден тәлім алып жүрмін. Өзбек биін де, қазақ биін де билеп көрдім. Бірақ ең жақыны үнді биі екенін түсіндім. Әндері мен бидегі қимыл-қозғалыстары ұнайды. Оның үстіне қазақша билеуге аяғым жарамайды. Әрине, үнді биін билеу де қиындық тудырады. Кейбір қимылдарды жасай алмай жатамын. Әсіресе, жүгіру қимылдарын жасай алмай жатсам, биді өз ойымнан құрап жіберемін”, – дейді ару.
Айтуынша, протезбен жүру бойжеткенге қиындық тудырған.
“Бұрын сол аяғым оң аяғымнан қысқа болғандықтан, мен қисық жүрдім. Негізінде екі аяқпен бірдей жүру үшін сол аяғымды кестірткен болатынмын. Өкініштісі, мен протезбен жүре алмайтын болып шықтым. Себебі қисық жүргендіктен омыртқам қисайып кеткен екен. Алғашқы кезде протез киіп, бір күн бойы жүрдім. Оны киген кезде бой жазылады ғой. Сол себепті менің арқама салмақ түсіп, ертесі жүре алмай қалдым. Дәрігерлер де алдын ала ешнәрсе айтпаған”, – дейді биші.
Сол себепті ару жалғыз аяқпен билеп көру туралы ойға келген.
“Үйге келгеннен кейін неге бір аяқпен билеп көрмеске деген ой келді. Ол кезде үйде ешкім болмаған. Билеп көрдім, қолымнан келді. Өз-өзіме таңғалдым. Қуанышымда шек болмады. Оны сіздерге айтып жеткізе алмаймын”, – дейді ол.
Бұған қоса биші ару бос уақытында ән айтатынын сөз етті.
“Әкем әскери бөлімде қызмет етеді. Анам үй шаруасында. Маған қарайды. Әкем әскери қызметкер болғанымен, өнерге де жақын. Бос уақытында маған ән айтуды үйретуге тырысады”, – дейді ару.
Аружанның анасы Әсем Қамысбаева да қызының ешбір қиындыққа мойымаған жігерлігі мен қайсарлығын мақтан тұтады.
“Ол кісі Үндістаннан билейтін протез алып беріп, Аружанды “Маюри” фильмінің басты кейіпкері сияқты билетеміз деп айтып отыр. Бірақ қызым айтып өткендей, омыртқасы түзу емес. Әзірше түсірілген МРТ-ны, анализдерін үнді тіліне аудартып, сол жаққа жібертіп жатырмыз. Бәрі соның нәтижесіне байланысты болады. Өзіміз де жақсы хабар естиміз деген үмітпен отырмыз. Аружанға біз бір жағынан көмектестік, бір жағынан өзінің жігерлігі бар бәрін жеңіп шығуға көмектесті. Оның басынан өткен жағдай оңай емес. Ақылдылығы мен түсінігінің арқасында барлық қиындыққа төтеп бере алды. Бір аяғын кескеннен кейін билей алмайды деп ойлағанбыз. Алайда билеп кеткенде, қатты таңғалдық. Өнерімді халыққа көрсетемін деп тойға да шығып кетті. Оған қарсы тұра алмадық, бағын байлағымыз келмеді”, – дейді анасы.
Аружан барлық сынаққа төзе білу керек деп санайды. Оның ойынша, бір жамандықтың артынан міндетті түрде жақсылық болады. Соған сену керек.
“Армансыз адам болмайды, сынақсыз өмір болмайды. Өнер адамы – өмір адамы дейді ғой, менің де арманым –
өнер адамы болу. Сол арманым мені алға жетелеп келеді. Арманыма жету үшін талай белестерді бағындыруға дайынмын”, – дейді ол.
Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде бойжеткеннің тойда бір аяқпен ғана билеп жүрген видеосы таралған болатын. Әлеуметтік желі пайдаланушылары биші қыздың өнеріне тәнті болған. Бүгінде оның өнерін YouTUBE желісінде 100 мыңнан астам адам тамашалаған.