Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

30 жылдан астам уақыт полиция болған: Полковник осы кезең аралығында не өзгергенін айтты

Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы қызметіне кіріскен Саттар Әуезұлы ішкі істер саласында талай ілкімді істердің атқарылуына ұйытқы болған азамат. Өз мамандығының қыр-сырын жетік білетін ол бүгінде Түркістан облысы полиция департаменті Келес аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Ел егемендігіне қол жеткізген алғашқы жылдары жұмысында кездескен қиындықтар туралы полиция полковнигі Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Алғашқы еңбек жолын қатардағы милиция сержанты ретінде бастаған Саттар Отыншиев қызмет барысында ел егемендігімен бірге дами отырып, полиция полковнигі дәрежесіне көтерілген. Мұның барлығы, әлбетте,  отыз жылдан бері осы салада тынымсыз тер төгудің нәтижесі екендігі сөзсіз. 

"Алғаш Тәуелсіздік алған жылдары елімізде полиция қызметкерлерінің саны аз болатын. Учаскелік пункттер де тапшы тұғын. Техникалық құрал-жабдықтармен де толыққанды қамтамасыз етілмейтін едік. 

Ішкі істер саласындағы қызметкерлердің бәріне бірдей қызметтік көлік берілмейтін.Тек ғана бірді-екілі бөлім басшыларына ғана бұйыратын. Ол заманда жеке көлік те жоқтың қасы еді. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, қылмыспен күрес қарқынды жүргізілетін", – дейді полиция полковнигі. 

Жұмыс кезінде дабыл қағылғанда, көліксіз-ақ, ешбір байланыс құралынсыз-ақ бір сағатқа жетер-жетпес уақытта тік тұрып, бәріміз түз түгел жинала қоятынбыз дейді кейіпкеріміз.

1991 жылы патрульдік полиция құрамында қызмет еткен Саттар Әуезұлының басынан сан қилы оқиғалар өтіпті. Жоғарыда атап өткеніміздей, көлік тапшы сол бір заманда (бұрынғы ОҚО-ға қарасты) Сарыағаш қаласының ана басы мен мына басын жаяу жортып жүріп, елдің қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау жолында еңбек етіпті. 

"1992 жылдың маусым айы еді. Ол кезде Сарығаш ауданына қарасты, Дарбаза ауыл округінде учаскелік милиция инспекторының көмекшісі қызметін атқаратынмын. Дәл осы мезет ел бойынша барлық ауыл округтерінде бидай орымы басталатын. Яғни бұл жалпыхалықтық науқан тұғын. Орымды бастау үшін Сарығаш ауданына қарасты Сарысу елдімекеніндегі егістік алқабына алты бірдей комбайн әкелінген. Әрбір аймақ науқанға қызу дайындалып, жоғарыға команда беріп, бір күнде орымды бастап кететін. Ертесі күні жұмысқа кірісуге сақадай сай тұрған алты бірдей комбайнның аккумуляторы түн ішінде үшті-күйлі жоқ болып кетеді” – дейді ол. 

Абырой болғанда, қылмыс тез ашылды, дейді полиция қызметкері. 

“Таң атпай бізге бұл жөнінде хабар жетті. Біз бүкіл жеке құрамды көтердік.  Сол кездегі учаскелік милиция капитаны Жалпыбаев Есеннің жетекшілігімен шұғыл іздестіру жұмыстары басталып кетті. Аудан көлемінде қайткен күнде де сол күні орым басталуы керек еді. Тапсырма орындалмаған жағдайда, үлкен мәселе туындайтын. Бұл ол заманда үлкен саяси мәні бар оқиға етін.

Содан не керек, бар күш-жігерімізді салып, әлгі комбайндардың аккумляторын іздеуге кірістік. Көршілес ауылдардың барлығын түгел қамтуға тырыстық. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде аталмыш егістік алқабында бұған дейін шөп ұрлығының орын алғандығы анықталды. Сол іске тереңірек үңіле отырып, әлгі шөп ұрлығына қатысы бар көршілес ауылдың адамдарына одан әрі сұрау салдық. Ақырында комбайн аккумляторын ұрлағандар да осылар болып шықты. Осылайша істің ізін суытпай, тез арада қылмыскерлерді құрықтадық. Нәтижесінде сол күні кешке комбайндардың аккумляторлары қайта орнатылды. Орым жұмысы да жоспарланған күні басталып кетті. Ол кезде бұл оқиға дүйім жұрттың таңданысын туғызып еді", – деп еске алады Саттар Отыншиев қызмет атқарған алғашқы жылдарын. 

Осынау жүгі ауыр салада жемісті жұмыс істеуінің сыры аға буын өкілдерінің берген тәлімінің зор болғандығымен тікелей байланысты дейді кейіпкеріміз.

Полиция полковнигінің айтуынша, Тәу етер Тәуелсіздігіміздің арқасында бүгіндері ішкі істер саласында қылмыскерлерді іздеп, табуға мүмкіндік мол көрінеді. Бұрынғыдай емес, ұялы телофон, қоғамдық орындардағы бейнебақылау камералары, қызметтік көліктер, компьютерлер осының барлығы да нәтижелі жұмыс істеуге септігін тигізетіндігін айтады білікті маман.

"ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жұртқа жақын полиция" қағидатының аясында полиция қызметкерлері халықпен бұрынғыдан да етене араласып жұмыс істеуіне мүмкіндік тууда. Сондай-ақ, сала мамандарына қарқынды жұмыс істеуі үшін барлық қолайлы жағдай жасалуда", – дейді Саттар Әуезұлы.

Қазіргі таңда Саттар Отыншиев Түркістан облысы ПД Келес аудандық полиция бөлімі бастығының Кадр саясаты жөніндегі орынбасары ретінде жеке құрамның тәртібі, жүріс-тұрысы, халықпен қарым-қатынасы, сөйлесу мәдениетіне жете көңіл бөледі. Жас мамандардың ортаға бейімделуі, кәсіби маман ретінде қалыптасуы жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді екен.

"Бүгінгі күні жеке құраммен жұмыс жүргізу аса зор жауапкершілікті талап етеді. Бәріне бірдей топырақ шашқым келмейді. Бірақ қазіргі жастардың кейбірі төзімділік танытуға бейім емес. Қолға алған істі соңына дейін жеткізуге талпынбайды. Жұмыстың қиындығына төтеп бере алмай, жарты жолдан тастап кетіп жататындары да бар", – деп өз саласындағы орын алып жататын олқылықтарды да атап көрсетті кәсіби маман. 

Еліміздің болашағы жастар екені сөзсіз. Полиция полковнигі жігерлі жастарды қалыптастырудың жолы жайлы айтып берді. 

"Қиындықтың бәрін еңбек қана жеңбек" деп бір ауыз сөзбен түйіндеген ғой ата-бабамыз. Біз оқушы кезімізден еңбекке араласып өстік. Мақта тердік, егіс алқабын арам шөптерден тазарттық. Бұдан жаман болған жоқпыз. 

ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың заманы десек те, біз мектеп оқушыларын еңбекке баулудың жолдарын қарастыруымыз керек. Сонымен қатар ер балалардың барлығын жаппай спортқа баулу кезек күттірмейтін мәселе. Сонда ғана біздің өскелең ұрпақ, қазіргіден де шымыр, қазіргіден де батыл бола түспек. Тәуелсіз Қазақстанды қорғайтын, Отан үшін отқа түсетін ержүрек азаматтарды тәрбиелеп шығару – ең басты міндетіміз", – дейді Саттар Отыншиев. 

Жұмыста ғана емес отбасында да ер азаматтардан табандылықты талап ететін полиция полковнигі өзінің ұлын да осы салаға бейімдеген. Кішкентайынан әкесінен үлгі алған Нұрсейіт Әуезов бүгінде Шымкент қаласы полиция департаментінің Қаратау аудандық полиция басқармасының анықтау бөлімінің аға анықтаушысы қызметін атқарады. "Әке көрген оқ жонар" демекші, келешекте Нұрсейіт Саттарұлы да ішкі істер саласындағы тәжірибелі мамандардың қатарын толықтырары сөзсіз.

Сұхбаттасқан: Гүлмира Садық

STAN.KZ
Дүйсенбі, 25 Шілде, 2022 07:21
Талқылау