Миы шайқалған: Алматы облысында оқушыны жоғары сынып балалары соққыға жықты
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында 9-сынып оқушысын жоғары сынып оқитын балалар ұрып-соққан. Бұзақыларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Facebook желісінде Сандуғаш Дүйсенова есімді қолданушысы Еңбекшіқазақ ауданында 9-сынып оқушысын, жоғары сыныптың балалары соққыға жыққанын айтты.
"Баланың ата-анасы мектеп мұғалімдерінің бұл істі жабулы қазан күйінде қалдырғылары келетінін айтты. Асхат Аймағамбетов, қанша уақыт көз жұмуға болады? Оқушының сыныптастары оларды “Жандос” есімді жоғары сынып оқушысының соққыға жығып, қорқытатынын айтты", – делінген жазбада.
Жазба авторы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа зардап шеккендердің деректерін беретінін айтып шара қолдануды сұрайды.
Бұл ақпаратты Алматы облысының білім басқармасы растады. Қазіргі таңда бала Еңбекшіқазақ ауданындағы көпсалалаы ауданаралық ауруханада ем қабылдап жатыр.
“15 жастағы бала травматология бөліміне “ми шайқалуы” диагнозымен келіп түсті. Жағдайы тұрақты. Ем қабылдап жатыр. Егер хәлі жақсаратын болса ертең ауруханадан шығарамыз”, – дейді ауруханадан.
Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі 6 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданының "Рахат" саяжай қоғамының аумағындағы №1 мектептің жанында 10-шы және 11-ші сынып оқушылары арасында төбелес болғанын хабарлады.
Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, сот-медициналық сараптама тағайындаған. Нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Қылмыстық істі тергеу жұмысы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберілетін болады.