Зейнетақының бір бөлігін алғысы келетін қазақстандықтардың саны рекордтық деңгейге жетті
Зейнетақы жинақтарын пайдаланғысы келетін адамдардың саны рекордтық көрсеткішке жетті. Бір күннің өзінде зейнетақы жинақтарын пайдалануға 16 мың өтініш түскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Enpf-otbasy.kz платформасы арқылы соңғы үш күнде жинақтағы қаражатты пайдалануға 46 мың өтінім берілді. Бүгінгі таңда 43 744 өтініш бойынша платформа пайдаланушылары БЖЗҚ-дан қаражаттың аударылуын күтіп отыр. Олардың "Отбасы банкіндегі" арнайы шоттары жалпы сомасы 242 млрд теңгені құраған.Тек жұма күні 16 мың қазақстандық зейнетақыны артығымен пайдалануға өтініш білдірді”, – делінген хабарламада.
Қарапайым күндері платформа арқылы күніне 2200-ге жуық өтініш қаралғаны атап өтілді.
Жинақтар баспананы толық сатып алу, банктердегі ипотекалық несиені ішінара өтеу және "Отбасы банкіндегі" несиелерді ішінара өтеу мақсатында пайдаланылған. Қазақстандықтар өз қаражатын туыстарына беру функциясын да көп пайдаланған.
"Азаматтардың enpf-otbasy.kz платформасына қызығушылығы артқанына қарамастан, ол тұрақты режимде, үзіліссіз жұмыс істейді. Ал желтоқсан айының соңына дейін оның негізінде есептелген біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомасын пайдалануға болады. "Отбасы Банкі" қаражатты пайдалану үшін 45 жұмыс күні береді, осы уақыт ішінде артық зейнетақыны пайдалану мақсатын растауға немесе жаңа жағдайлар мен жаңа мақсаттар туындаған жағдайда оны өзгертуге болады", - делінген хабарламада.