Қазақстандағы коронавирус пандемиясына қарсы азаматтық штабы: Вакцинация паспортын сатып алған адамдарға кешірім жасау керек
Алматы, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында коронавируc вакцинасына қарсы болып отырған тұрғындардың үлесі жоғары. Мұндай тоқтамға "Елім үшін егілемін" азаматтық штабының бастамашыл тобының мүшелері еліміз бойынша жүргізілген сауалнама нәтижесінен кейін келіп отыр. Пандемияны тоқтатудың жалғыз жолы – жаппай вакцинация деген штаб өкілдері бүгінде екпені насихаттауды дамыту керектігін айтады. Бұл туралы азаматтық штабтың мүшесі, Қазақстан заңгерлер одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының төрағасы Серік Беркамалов Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.
– Қазақстандағы коронавирус пандемиясына қарсы “Ел үшін егілемін” азаматтық штабын құрудағы негізі мақсат қандай болды?
– Қазақстандағы коронавирус пандемиясымен күрес бойынша “Ел үшін егілемін” азаматтық штабы 2021 жылдың 3 тамызында құрылды. Бұл штабты құруға белгілі қоғам қайраткерлері, журналистер, дәрігерлер ат салысты. Оның арасында Вячеслав Локшин, Жибек Жолдасова, Рафаил Розенсон, Динара Сәтжан, Рахым Ошақбаев, Ләйлә Сұлтанқызы сынды азаматтар, тағы да басқа белгілі кәсіпкерлер, мамандар бар. Штабымыздың негізгі мақсаты – Қазақстандағы вакцинация науқанына қолдау көрсету, қоғамдық күштерді пайдалана отырып, тұрғындарды екпе салдыруға тарту, вакцинаға қатысты жағымды көзқарас қалыптастыру. Сондай-ақ, пандемияны тезірек еңсеруге жағдай жасау, аурудың бетін қайтару мақсатында қоғамды біріктіру, халықтың пікірін тыңдап, өз ойымызбен бөлісу. Қазір, мысалы, көптеген азаматтар вакцинаның пайдасын толық түсінбейді, тіпті, олардың арасында коронавирусқа қарсы екпеге күмәнмен қарайтындар да бар. Міне, осы күмәнді сейілту – біздің міндетіміздің бірі.
Қазіргі таңда біздің штабымызда 2000-ден аса адам бар. Штаб мүшелері – еліміздің әрбір өңірінен жиналған, қазіргі ахуалға бей-жай қарамайтын азаматтар.
– Қазір штаб немен айналысуда?
– Біріншіден, біздің негізгі жұмысымыз шынайы, тексерілген ақпарат тарату, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріп, мемлекет пен тұрғындар арасындағы қарым-қатынасты кеңейтуге бағытталған. Екіншіден, біз мемлекеттік органдармен, әсіресе, денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланыс орнатып, вакцина алған, коронавирус жұқтырған, аурудан емделіп шыққандардың нақты статистикасын алып, соған сараптамалық талдау жасаймыз. Ресми ақпаратты халыққа түсінікті тілде жеткіземіз. Қазір байқағанымыздай, коронавирусқа қатысты мәліметтерді, статистиканы халық қабылдамайды, елемейді. Бұған себеп – қазақстандықтардың пандемиядан шаршауы. Тұрғындар тексерілген ақпаратқа емес, коронавирусқа, вакцинаға қатысты жалған ақпаратқа сенуге бейім келеді. Бұған қоса, антиваксерлердің айтқандары да халық арасында желдей есіп кетті. Халық интернеттегі, әлеуметтік желідегі ақпаратқа сенгіш келеді. Біздің жұмысымыздағы ең басты қиындық осы болды. Жалған ақпарат өте көп, ал онымен күресетін адам аз. Міне, біз осы тұрғыда жұмыс істеудеміз. Бұл мақсатта әр апта сайын әлеуметтік желілерде пандемиямен байланысты түрлі тақырыптарда вебинарлар өткіземіз. Мұндай вебинарларға білікті дәрігерлер мен басқа саланың мамандарын шақырып, жұртты алаңдатқан сұрақтарға жауап береміз.
Бір айта кетерлігі, штабымызды ешкім қаржыландырмайды, бұл – еріктілердің қозғалысы. Штаб мүшелерінің бәрі де қызметтегі азаматтар, дей тұрғанмен, олардың әрбірі бос уақытын осы штабтың жұмыстарына бөліп, халыққа бір пайдамыз тисін деп, осындай шараларға қатысып отыр.
– Халық пен үкімет бұл бастамаларыңызды қалай қабылдады?
– Үкімет тарапынан бұл бастамамыз қолдауға ие болды. Бұған дейін айтып өткенімдей, денсаулық сақтау министрлігі сұратылған ақпаратпен уақытылы қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, біз ұйымдастыратын вебинарларға мамандар, спикерлер қажет болған жағдайда министрліктің көмегіне тікелей жүгінеміз. Өңірлерге іссапар барысында жергілікті әкімдіктердің қолдауына сүйенеміз.
Қарапайым халық та мұндай игі бастаманы жылы қабылдады. Оны әсіресе, өңірлерге жасаған іссапарларымызда байқадық. Қоғам белсенділері ықыластылық танытып, “пандемия басталған кезде қажетті ақпарат жоқ болатын, сол кезде қолға алу қажет еді” деп пікірлерін айтып жатады.
– Жақында Қазақстан бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізіп, сауалнама өткізген болатынсыздар. Сауалнама нәтижесінен кейін қандай тоқтамға келдіңіздер?
Коронавируспен күресу үшін алғашқы кезекте шынайы, кәсіби аналитикалық деректерге сүйену қажет. Бұған қоса, күзде вакцинация қарқынының төмендеп кеткені бізді алаңдатты. Сондықтан біз халық арасында осы вакцинация жайлы сауалнаманы жүргізуге бел байладық. Сауалнама тамыз айында жүргізілді. Басты мақсат – халықтың екпе жайлы ойын білу, вакцинацияның жүргізілу деңгейін анықтау. осы мәселенің төңірегінде жүрген сұрақтарға жауап беру. Сауалнама нәтижелерінен байқағанымыздай, қатысушылардың 11,9%-ы жалпы екпе салдыруға қарсы болса, ал 24,2%-ы COVID-19-ға қарсы вакцинаға қарсылық білдірген. Ал сауалнамадан өткендердің 70%-ға жуық астамы екпені қолдап отыр. Негізінен коронавирус қарсы вакцинасынан үрейленіп отырғандардың көбі – Алматы, Атырау және Солтүстік Қазақстан тұрғындары. Бұған қоса, әсіресе, жастар екпені қолдамайтынын білдік. Осы мәселе бойынша шаралар қабылдауды қолға алмақпыз.
– Азаматтық штаб вакцинация паспортын сатып алғандарға рақымшылық жасау туралы бастаманы көтерді. Қазір осы мәселенің жайы қалай?
– Жалған вакцинация паспортын сатып алғандарға рақымшылық жасау туралы бастама көтергеніміз рас. Бұл ұсынысымызды Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қолдады. Қазіргі таңда арнайы комиссия біздің ұсынымызды қарап жатыр. Жақын арада шешім қабылданады. Сондықтан күтеміз. Біздің ойымызша –вакцинация паспортын сатып алған адамдарға кешірім жасау керек. Себебі оларға о бастан жұмыстарынан айырылып қаламыз ба деп қорқып, осындай қадамға баруына тура келді. Енді ауру өршіп жатқан кезде олар өз қателіктерін түсініп, өкініп жатыр. Сондықтан ол азаматтарға жанашарылық таныту керек.
– Алдағы уақытта халықтың вакцина салдыру қарқынын жоғарлату мақсатында қандай жұмыстарды жүзеге асырмақсыздар?
– Бірінші кезекте осы айтылған жұмыстарды әрі қарай жалғастыру, ақпаратты халыққа барынша түсінікті етіп жеткізіп, олардың вакцинаға деген сенімін жоғарылату жоспарымызда бар. Вакцинаға сенімі төмен аймақтарда ақпараттық-түсіндіру шараларын ұлғайту мақсатында жұмыстар атқармақпыз. Халыққа жақын әрі түсінікті ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланып, бұған дейін жүргізіп жүрген вебинарларымызды әрі қарай жалғастырамыз.
Мұнымен қатар, қазіргі кезде вакцинаға қарсы шығушылардың қарасы көбейді. Өз басым олардың әрекеті заңға қайшы деп ойлаймын. Себебі олар бірінші кезекте халықты адастырып отыр. Сондықтан олардың іс-әрекетіне заңнамалық тұрғыдан баға беру керек. Осы тұрғыда жұмыстар жүргізбекпіз.
Айта кетсем, Qazvac отандық вакцинасын насихаттауды күшейту ойымызда бар. Қазақстандық ғалымдардың коронавирусқа қарсы отандық екпені дайындап шығуы – тәуелсіздігіміздің үлкен жетістігі. Әлем мемлекеттерінде де өздерінің вакцинасын өндіріп жатқан елдер кемде-кем. Сондықтан мұны түсіну керек, халыққа жеткізе білу керек.
– Қалай ойлайсыз, жыл соңына дейін вакцина алған қазақстандықтардың саны 10 миллионға жете ме?
– Пандемия басталғалы бері көп мемлекеттер қателіктерге бой алдырып, індетпен күресудің дұрыс жүйесін қалыптастыра алмады. Біздің еліміздің үкіметі коронавирустың таралуын тоқтату үшін барынша тырысты, көп жұмыстар атқарылды. Дегенмен тек мемлекетке сеніп, қол қусырып отыру дұрыс емес. Себебі біздің денсаулығымыз өз қолымызда. Біз де өз кезегімізде ақпараттық жағынан мемлекеттің бір жағына шығысып, қолымыздан келгенімізше көмектесуді жөн көрдік. Міне азаматтық штабтың мақсаты да осы. Егер халық вакцинация маңызын жетік түсінсе, жылдың аяғына дейін екпе алғандардың саны 10 миллионға жетіп, қоғамда коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет пайда болады. Бұл өз кезегінде пандемияны тоқтауға септігін тигізеді.
Біздің әлеуметтік желілерде топтарымыз бар. Көзі ашық, көкірегі ояу, белсенді азаматтарымызды осы штабымызға мүше болуға шақырамыз. Ол үшін біздің штабымыздың өкілдерімен байланысқа шығып, штабқа қосылу туралы өтініш білдерсеңіздер болады.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
