Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халық коронавирустан емес, оған қарсы шаралардан үрейленіп отыр": Қазақстандықтар неліктен вакцинациялауға қарсылық білдіруде

Елімізде вакцинаның бірінші компонентін алғандардың саны 6 миллионнан асты. Үкімет тарапынан қазақстандықтарды вакцина алуға ынталандыру шараларына қарамастан, халықтың кей бөлігі екпеге күмәнмен қарайды. Бірі коронавирусқа қарсы вакцинаның тиімділігі дәлелденбеген десе, ендігілері вакцинациялау ерікті түрде жүргізілуі керек екенін алға тартады. Тіпті осы мақсатта қоғам белсенділерінің бастамасымен міндетті вакцинациялауға қарсы петиция ұйымдастырылыпты. Сонымен, вакцинация үрдісіне кім қарсы шығуда? Халық вакцинадан не себепті қорқады? Stan.kz тілшісі анықтап көрді. 

антиваксер

Сурет: Svoboda.org сайтынан

Екпеге қарсы шығушылар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тысқары қалмады. Өз сөзінде президент денсаулық сақтау министрлігіне ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, антиваксерлердің әлеуметтік портретін құрастыруды тапсырды. 

Жалпы, денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда түрлі себептерге байланысты екпеден бас тартқан адамдардың қатары өсуде. Мысалы, 2018 жылы – 14980 адам, 2019 жылы – 18998 адам, 2020 жылы –  22291 адам вакцина алуға қарсы болған.  Бұл жағдайды әлеуметтанушы Айман Жүсіпова халықтың денсаулық сақтау жүйесіне сенбейтінімен байланыстырады. 

“Халық екпенің тиімділігіне сенбей жатады. Олардың вакцинациялау үрдісіне сенбеуі билікке, денсаулық сақтау жүйесіне күдікпен қарайтынын көрсетеді. Бұл жағдайда халықтың сенімін ояту үшін қоғам арасында көбірек ақпарат таратып, қандай да бір шектеу шараларының шығарылу жолын түсіндіру, сенімді мәліметтердің жетіспеушілігін болдырмау қажет. Бүгінде вакцина салғызуды насихаттауға қомақты қаражат бөлініп жатыр. Бірақ мұндай жұмыспен вирусологтар, ғалымдар айналысуы керек. Яғни дәрігерлерге, медицинадан хабары бар журналистерге дәріс оқытып, әлеуметтік желілерге таратқан жөн”, – дейді маман. 

Бұл тұрғыда халықты екпе салдыруға күштеудің орнына, олардың ойларында туындаған сұрақтарға жауап беру мақсатында ғылыми-танымдық мақалалар жариялау керек деген ойын жеткізді ол. Оның сөзінше, елімізде вакцинаға қатысты барлық сұрақтарға жауап беретін ресурс жоқтың қасы. 

Айман Жүсіпова екпеге қарсы шығушылар жайлы да ойын айтты. Оның пікірінше, қазіргі таңда интернеттің арқасында антиваксерлердің қатары көбейген. 

“Негізі антиваксерлер деп отырған адамдар кеше пайда болған қоғам тобы емес. Олар сонау алғашқы екпе шығарылған күннен бастап келе жатыр. Мәселен, Еуропада антиваксерлердің наразылығының салдарынан шешек ауруына қарсы вакцина салғызушылардың саны күрт төмендеп кеткен, сәйкесінше, бұл мемлекеттерде эпидемия өршіп кетті. Бүгінде интернет пен қастандық теориясының танымалдылыққа ие болуының арқасында екпеге қарсылық білдірушілердің саны артқан”, – дейді ол.


Вакцина алмағандарға айыппұл салынуы қаншалықты дұрыс? Заңгер жауап берді


Қоғам белсендісі Айжан Мустафинаның сөзінше, шын мәнінде, олар екпені салдыру құқығы болуы үшін күресуде. 

“Халық мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай “қамқорлық” себебінен шарасыздың күйін кешуде. Себебі олардың алдында екі таңдау тұр: біріншісі –  эксперименттік екпе (бұл туралы ешкім айтып жатқан жоқ), екіншісі – жұмыссыз қалу және конституциялық құқықтардың шектелуі. Азаматтар вакцинаның жанама әсері туралы барлық ақпаратқа қол жеткізуі керек, COVID-19-ға қарсы екпенің құрамы жариялануы қажет, бұл тұрғыда тәуелсіз сараптама жүргізілуі тиіс. Ал біздің білуімізше вакцина сынақтың үш кезеңінен өтпеген, тәжірибе қарапайым адамдарға жасалып жатыр. Мемлекеттің халыққа осындай қылық танытуы орынды ма?” – дейді ол. 

Сөзінше, бүгінде мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан екпені насихаттау шаралары көңіл көншітпейді. 

“Менің ойымша, әрбір адам өз құқықтарын біліп, оларды дұрыс қорғай алуы міндетті. Біздің қозғалыстың негізігі мақсаты – халықтың құқықтық сауатын көтеру, медициналық білімін кеңейту және мәжбүрлі түрде екпеге итермелеуге қарсылық білдіру. Ал қазір байқап отырғанымыздай екпені халыққа таңып жатыр: жұмыстан шығару, пәтерді ұтысқа тігу, тіпті үш тонналық жем-шөп те ойнатылып жатыр, саны бар сапасы жоқ жарнамалар, ауруға байланысты жағдайды одан сайын қорқынышты етіп көрсету, камера алдына екпе салып жатқан блогерлер видеолары, тағысы тағы бар. Мұның барлығы вакцинациялауды насихаттау шараларына қыруар қаражат кеткенін көрсетеді, ал бұл қаржы халықтың салық төлемдерінен түскен. Менің ойымша, мұндай шаралар керісінше, халықтың бетін қайтарып, тіпті, бірқатар күдік тудырады”, – дейді белсенді. 

Бұған қоса, ол Конституцияны мысалға келтірді. 

“Конституцияның 13-бабында: “Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы” делінген. Алайда неліктен біздің мемлекетте өз құқығын пайдаланған азаматтарға қарсы түрлі санкциялар жариялануда? Қазірдің өзінде қарсылық шаралары мен халықтың үндеуі жаппай ереуілдерге, кәсіпорындардың жұмысының тоқтауына әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайын ықпал ететіні сөзсіз”, – деп қосты Айжан Мустафина. 

Қоғам белсендісі оларды антиваксерлер деп атау тіл тигізумен бірдей екенін алға тартады. 

“Біз вакцинаға емес, мәжбүрлі вакцинация шараларына қарсы екенімізді айтқым келеді. Осы бастамамыз үшін бізді мемлекет басшысы “айтқандарынан қайтпайтын антиваксер” деп атады. Біріншіден, бұлай айту –тіл тигізу. Ең өкініштісі, кейбір әлеуметтік желілерде біздің суреттерімізді жариялап, адам өліміне кінәлі болды деп айыптауда. Бізге антиваксерлер деген “атақ” беріп қойды. Шын мәнінде вакцинаға сенбейтіндердің, салғызғысы келмейтіндердің қатары әлдеқайда көп. Алайда олардың өз пікірлерін ашып айтуға мүмкіндігі жоқ”, – дейді ол. 

Міндетті вакцинацияға қарсы петиция авторларының бірі Ольга Юрковская азаматтардың құқығы үшін күресіп жүргенін алға тартады. 

“Мен вакцинаға қарсылық білдіріп жатқан жоқпын, мен азаматтардың вакцина салғызуды таңдау мүмкіндігі болғанын қалаймын. Себебі заң бойынша әр адамның таңдау құқығы бар. Біреуге денсаулық тұрғысынан вакцина салғызу қауіпті болуы мүмкін, біреулер бұған дейін коронавируспен ауырып, ағзасында антидене қалыптасқандықтан екпе қажет етпейді. Ал қазір бізге вакцинаны күштеп салдыруда. Қазақстанның бас санитар дәрігердің вакцина алмағандар жұмысқа кіргізілмейді деген қаулысынан кейін халық берекесі одан сайын қашты”, – дейді ол. 

Сөзінше, вакцинация үрдісінде жіберіліп жатқан қателіктер жетерлік. 

“Вакцинациялауда қанша олқылықтар кетуде. Мысалы, неліктен вакцина алмас бұрын, толыққанды тексеру жүргізілмейді? Егер екпе салдыруға келген тұрғын коронавирус тасымалдаушысы болса ше? Вакцина алмай тұрып міндетті түрде COVID-19-ға тест тапсыру керек. Сондай-ақ емханаға келген адамның дене қызуы, оның жағдайы түбегейлі тексерілгені жөн. Бірақ біздің екпе пунктерінде кез келген адамға әу деместен вакцина сала береді”, – дейді Ольга Юрковская.  

Бізді антиваксерлер деп атау көңілге тиеді деген ол Қазақстанда QazVac бола тұра, өзге елдерден вакцина әкелініп жатқанын түсінбейді. 

“Тағы бір түсінбестік тудыратын мәселе, біздің отандық QazVac вакцинамыз қайда? Не үшін біз әлі күнге дейін екпені басқа жақтан тасып жатырмыз? Екпе шығаратын зауыт ашылды деп жарияға жар салып еді. Бірақ әлі вакцинаны Қытайдан екінші рет жеткізіп, енді міне Pfizer-ді алып келеміз деп айтып жатыр. Оның керегі не? Әлде бұл зауыт да, планшет, автобус шығаратын зауыттар секілді пайдасыз болып қалды ма? 

Тағы бір айтары, неге вакцинациялау үрдісін тек үш адам – премьер-министр Асқар Мамин, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және мемлекеттік бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов қана қадағалап отыр? Басқа ведомстволар қайда кетті? Билік вакцинацияны міндеттеп, тұрғындардың құқығын бұзып жатыр ғой. Бізде бас прокуратура, президент жанындағы азаматтардың құқығы жөніндегі комиссия қайда қарап отыр?” – деді петиция авторы. 

Сондай-ақ ол балаларға вакцина салу дұрыс еместігін, олардың өз иммунитеттері жақсы екенін тілге тиек етті. 

Еске салсақ, бұған дейін елімізде 10 тамыздан бастап жұмыскерлердің коронавирусқа қарсы вакцинаны алғаны, не алмағаны жөнінде мәліметтер тексеріле бастайтыны айтылған еді. 

Талқылау