"Жасыратыны жоқ": Министр баланың тілі не себепті орысша шығатынын айтты
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бала ана тілінде сөйлесін десек, экранды түзету керек екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Жасыратыны жоқ, қазір таза қазақ тілді отбасыларда кішкентай бүлдіршіндердің тілі орысша шығып жатыр. Ол – мультфильмдер салдары. Өкінішке қарай, қазіргі заманда ата-ана ғана емес, экран да тілді қалыптастырады. Ал таза қазақша бастаған бала экраннан орысша мультфильм ықпалымен шүлдірлеп орыс тілінде сөйлеп кетеді", – деді Балаева орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Сондай-ақ министр жыл басында қолға алынған ауқымды жоба туралы айтты. Соның аясында танымал TiJi және Nickelodeon шетелдік арналарының өнімдері қазақ тіліне аударыла бастаған.
"Біз олармен келіссөз өткізіп, қазір "Қазақфильм" базасында аудармаға кірісіп кеттік. 800 сағаттық мультфильмдер қазақ тіліне аударылады. Ол жұмыс жылдың аяғында бітеді. Бұл дегеніміз, TiJi мен Nickelodeon-ның мультфильмдері қазақша сөйлейді. Өте маңызды бастама", – деп атап көрсетті Балаева.
Қазақстанда 250 жаңа мәдени нысан салынып, отандық фильмдер үлесі артпақ
Министр сонымен қатар аудармаға кететін ақшаның үнемделгенін айта кетті.
"Мысалы, барлық бүлдіршін сүйіп көретін "Маша и Медведь" мультфильмінің бір маусымын шығару үшін 2 миллиард теңге жұмсайды екен. Ал ол екі-ақ сағат. Біз болсақ, танымал мультарналардың 800 сағаттық өнімін төрт есе арзанға жасап отырмыз. Балаларымыз ана тілінде сөйлесін десек, экранымызды түзетуіміз керек қой", – дейді Балаева.
Ал өзімізде сапалы өнім жасау үшін қыруар қаржы қажет. Оған қоса, біраз уақыт керек. Сол себепті әзірше танымал арналардың өнімін қазақ тіліне аударуға шешім қабылданды.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
