Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлемнің ең мықты адамы 420 келі көтерсе, ал біздің атамыз 816 келіні еңсерген": Балуан Шолақтың немересі даңқты атасы жайлы естеліктерімен бөлісті

Балуан Шолақ – қазақ халқының маңдайына біткен біртума арыстарының бірі. Аты аңызға айналған Балуан аттың құлағында ойнайтын өнерпаз, күш өнерін көрсеткен спортшы, ақын-сазгердің жолын жалғаған композитор болған, сондай-ақ оның ел білмейтін қырлары мен сырлары әлі де баршылық. Азан шақыртып қойған есімі – Нұрмағанбет. Алайда жас кезінде саусақтарын үсітіп алуына байланысты халық оны "Балуан Шолақ" деп атап кеткен. “Гиннесс рекордтар” кітабына енген әлемнің ең мықты адамы 420 келі көтерсе, ал қазақтың Балуаны 816 келіні еңсерген екен. Осындай көрсеткішке жете тұра, рекордтар кітабына енбей қалған. Мұның себебін батырдың немересі айта кетті. Қазіргі күні аты әлемге мәшһүр алып күш иесінің ұрпақтары аталарының мұрасын халыққа жеткізу міндетін алдына қойған. Stan.kz тілшісі Балуан Шолақтың немересі Шайдолла Шолақпен тілдесіп, балуанның өмірі жайлы ел аузында жүрген деректерді анықтап, ұрпақтарының қазір немен айналысып жүргенін сұрады.

Шайдолла Шолақ, Балуан Шолақтың немересі

62 жастағы Шайдолла Шолақ Ақмола облысы Бұланды ауданының тумасы. Балуан (Нұрмағанбет) Шолақтың кіші ұлы Құдайбергеннің отбасында дүниеге келген. 1982 жылдан бастап мұғалімдік қызмет атқарған. Айтуынша, өзіне де даңқты атасынан қасиет дарыған. Бұл – ұстаздық ету құрметі мен абыройы. Бүгінгі таңда Шайдолла Шолақ "QazExpoCongress” АҚ-та бас менеджер болып жұмыс істейді, елордасы Нұр-Сұлтан қаласында отбасымен бірге тұрады. 

– Шайдолла аға, өзіңіз туралы айтып берсеңіз, немен айналысасыз? Сізді БАҚ-та “Шайдолла Шолақ” деп жазып жүр, атаңыздың лақап атына айналған есімін тегіңіз етіп алдыңыз ба?

– Атамыздың азан шақырып қойған шын аты – Нұрмағанбет. Оның есімін өнеріне сүйсінген халық "Балуан Шолақ" деп атап кеткен. Негізі халықтан артық көреген, қырағы, сыншы жоқ. Халық солай атаса одан артық қандай лайықты есім, мәртебе, құрмет керек? Керісінше, менің тегім Балуан Шолақтың атымен аталса оған қуанамын, мен үшін мәртебе болып қала береді. Атамыздың қандай тегімен жүрсем де текті отбасынан, осындай ұлы адамдардың отбасынан шыққандықтан халық, ұрпақ алдында үлкен жауапкершілік арқалайтынымыз рас. Халықтың ұлына айналған Балуан Шолақ атамыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәрбиесімен өсіп, қазір өз балаларымызды да солай баба аманатына лайық өсіріп келеміз. 

Тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің, парасаттылықтың үлгісі ретінде атадан балаға рухани сабақтастықпен беріліп отырары сөзсіз. Сондықтан баба рухына құрмет, осындай ұлы адамның ұрпағы болу – бұл да Алланың берген сыйы деп білемін.

Өзіме келер болсам, 39 жыл еңбек жолымда мен үшін ең қымбаты – ұстаздық. Алғашқы мамандығым балаларға тәлім беруден басталды. Мұғалім, мектеп басшысы, аудандық білім бөлімінің басшысы болып жүріп ұстаздықтың қыр-сырын меңгеріп, білім саласына өзіндік үлесімді қосқаным бар. 

Шайдолла Шолақ отбасымен

– Балуанның түр-сипаты жайлы деректер көп, ал мінезі, жүріс-тұрысы қандай болған?

– Кезінде Балуан Шолақ атамызбен қатар жүрген, араласқан дос-жарандары мен әнші, ақын шәкірттерінің Шолақ турасындағы ауызша тараған әңгімелері көп болған. Оларда Балуанның туып-өскен ортасы, ұстанымы, ән-өлеңдерінің жазылу тарихы, мінез-құлқы жайындағы қызықты пікірлер мол ұшырасады. Соларды іздестіріп, Балуан Шолақпен кездескен халық ақындарының әңгімелерін қағазға түсіруді ұйымдастырған негізінен Сәбит Мұқанов болды. Сәбекеңнің ізінен Балуан атамыз туралы әрі қарай зерттеу жұмыстарын жүргізген Жайық Бектұров, Әшімбек Бектасов, Естай Мырзахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Арғынбай Бекбосынов, Серік Оспан ағаларымыз болды. Осы тұрғыда 1985 жылдан бері қарай өз қаржысымен демеушілік көрсеткен Марат Нәбиев ағамыздың қазіргі қазақ меценаттарының ішінде шоқтығы биік. 2020 жылы "Әлемдегі ең бай адам" атты үш томдық жинағы халық назарына ұсынылды. Жан-жақты жазылған, қажырлы еңбекті қажет еткен туынды болды деп есептейміз.



Әкемнен атамның бойы 1.80-1.90 метрге дейін жеткен деп еститінмін. Жауырынды болғандығын "екі иығына екі адам отырады" деген сөзден аңғаруға болады. Естуімше, иманды, салмақты, мейірімді, таза адам болған. “Қысты күні далада қандай аяз суық болса да шынтағымен мұзды ұрып, су шығарып дәрет алатын болған” дейді әкем. Тағы бір естеліктер бойынша, Балуан Шолақ атамыздың Беляков Илья Васильич деген досы болған. Достықтарының қалай басталғанын ешкім білмейді. Сол кісінің немересі Сергеймен оқушы кезімізден бастап қазіргі уақытқа дейін жиі араласып, сол қарым-қатынас достыққа ұласып, әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Қазір ол кісі Германияда тұрады. Бала кезінде атамыздың үйіне жиі келетінін, сондай мейірімді адам болғанын әжесінің аузынан естіген екен. Осы сияқты студенттік кезде достасқан достарыммен бүгінде отбасымызбен бірге етене жақын араласамыз. Достығымыз одан да күшейді, оқуды бітірген соң әрқайсысымыз әр жаққа кетсек те, өмір айдынында бірге қалықтап келеміз. Олар өз кезегінде өмірлерінде үлкен нәтижеге жетті, үлгілі ата, әке болды. 

Достары: Сайфуддин, Нұрхан, Серік

“Балуан Шолақ келе жатыр” дегенде халық үйінен шығып қарсы алып қолынан ұстап қалуға, өнерін көріп қалуға асығып, іздеп келіп әнін, әңгімесін тыңдап алуға асыққан. Бойына біткен дала заңымен дарыған дархандық пен дүйім жұртты таңғалдыруға жаралған таланты мен өнері, қиналған жанға қол ұшын созған қайырымдылық, жанашырлық қасиеттерін, тік жаралған өн бойындағы қайсарлық пен қайратқа толы мәрт мінезі көпке үлгі бола білген. Жанына игі жақсыларды, өнерлі жігіттерді ертіп, елге пайдасын тигізетін іс жасаған. Еңбекпен айналысып, қара мал, жылқы сатып, кәсіп жасап, өзгелерге көмектесіп, халықтың алғысына бөленген. 

Балуан Шолақтың жеке өмірі жайлы айтып бере аласыз ба? Кімге үйленді, жарын қалай таңдаған? Деректерде, сүйген аруына қосыла алмаған дейді. Әкелеріңізден жеткен ақпарат қандай?

Балуан Шолақ пен әжеміз Қаныкейдің Исажар мен Құдайберген жəне Бәтен есімді қызы болған. Отбасында атамыздың күш-қуаты Бəтен қызына дарыған дейді. Оны 30-жылдарғы қиын кезеңде Балуан Шолақтың əндерін жазып алу үшін Б.Г. Ерзакович іздеп барады. Сондағы көргенін ол былай суреттейді: "...Көп ұзамай, үйден əріректе тұрған қауғалы құдық жақтан ұзын бойлы, бүрмелі кең көйлек пен жіңішке беліне шақ қыналған қамзол киген бір əйел бізге қарай келе жатты. Ол мойынағашпен ернеуінен асқан шелек суды көтеріп бара жатқанына қарамастан бүгілмей, бүкіреймей, аяқтарын жеп-жеңіл басып, тіп-тік жүріп келеді. Балуан Шолақтың қызы Бəтен Нұрмағамбетова – сол екен. Жас болмағанымен, оның спортшыға тəн сұлу сымбаты мені таңғалдырды”, – дейді. 

Кез келген шығармашылық адамы сұлулыққа бас иіп, шабыттанады ғой. "Ғалия" да соның жемісі. Атам базарда қымыз сатып тұрған қызды көреді. Бәлкім, өзі іздеген сұлулықтың бір бейнесін көрген болар. Сонда достары: "Ағасы, бұл қыздың қандай ерекшелігі бар?", – деп сұрағанда, атам: "Оның сөз жетпес сұлулығын көру үшін менің көзіммен қарауларың керек", – деген екен. Осылайша, сұлу қызға атам ән арнайды, сол әнмен Ғалия тарихта қалды. Қай ақын болмасын әсемдік пен сұлулықты әнге қосып жырлаған. Сол секілді, Балуан Шолақтың аса атақты əндерінің бірі "Ғалия" екені белгілі. Бұл ән авторының да, қарапайым қазақ қызының да есімін шартарапқа жайды. Ыстық, мөлдір махаббатты асқақтата жырлаған осынау сүйіспеншілік жыры өзінің
сазды əуенімен жəне нəзік сезімді ерекше құштарлықпен бейнелеуі арқасында көп көңілінен шықты. Бұл əн Балуан Шолақтың музыкалық шығармашылығының шырқау биігі санатында аталады. Ғалияға арнап шығарылған ән барша қазақ қыздарының ақылы мен көркіне, сұлулығы мен сымбатына арналғандай еді.

– “Бір үйдің өгізін өлтіріп алғаны” сияқты атаңызға қатысты тағы қандай елді таңғалдырған оқиғалар бар?

– Атамыз туралы естеліктер өте көп. Бала кезімізде әке-анамыз бізге ерінбей айтып беретін. Бұл оқиғаны бала кезімізде жиі естідік. 

Бірде атамның ауылына өзге ауылдан топ кісі келіп, одан көмек сұрапты. Олардың ауылында бір байдың үлкен қара өгізі адамдарға шабуыл жасап, кезіккенді сүзіп, әбден мазаларын қашырған екен. Атам мәселеге қаныққан соң әлгі ауылға барады. Атынан түсіп, киіз үйдің жанына таяғанда атпен бірдей қара өгіз атама шабуыл жасамақ болады. Атам сол өгіздің мүйізінен ұстап, ары-бері ырғап тұрып, құлақ шекесінен ұрыпты. Ешкімнің ырқына көнбеген қара өгіз сол жерде сұлқ түсіпті. Істі тындырған атам түк болмағандай байдың үйіне беттейді. Бай әйгілі балуанды зор құрметпен қарсы алып, бар қошеметін көрсетіпті. Соққының мықтылығы сондай, қара өгіздің бас сүйегі қақ ортасынан бөлініп түсіпті. Содан кейін әлгі бай келген-кеткеннің бәріне атамның ерлігін айтып, таң-тамаша болыпты.

Осындай қызық әңгімелер өте көп. Атамыз бірде ауыл аралап жүргенін де сазға арбасымен батып қалған орысты көреді. Шынымен де көмек керектігін байқаған атамыз "Көмек керек пе?" деп сұрайды. 

Сонда орыс: “Сен түгілі екі пар ат тартып шығара алмағанда қалай шығармақсың? Егер шығара алсаң, екі пар атпен бірге арбаны да беремін, тырысып көр” деп мысқылдаған көрінеді. Сонымен атамыз арбаның жетегін екі білегімен ұстап екпінмен саздан арбаны жұлқып тартып алады. Күші мен ептілігіне таңғалған орыс өз сөзінен ұялып қалады. “Уәденің аты уәде, арбаны екі атымен ала бер, жүгенімді қайтарсаң болды” деген екен.

Сол сияқты Сергей Беляковтың ұрпағы “Балуан Шолақтың бұлшық еттерін қатайтып, ине кіргізгенде, ине сынып кететін деген әңгімелер бар. 

– Сұхбатыңыздың бірінде, ағаңыз Қайроллаға атаңыздың аруағы қонды, бірақ кейін “кетіп қалды” деп едіңіз. Осы оқиға қалай болды? Оның өміріне қалай әсер етті? 

– Әрине, тек сабақтастығы бәрібір қайталануы тиіс. Атамыз алып күштің иесі бола отырып, өнерімен де танымал болды. Әулетімізде спорт шеберлері мен әнге әуес балалар бар. Бірақ олар атасындай танымал емес. Қазақта "Жеті атадан біреу шығар" деген сөз бар ғой. Әулетімізден тағы бір Балуан Шолақтың шығатынына сеніміміз мол. Ата-анамның айтуынша, Қайролла ағам туғанда ол кісіде атамның рухы болыпты. Яғни аруақты ұл саналыпты. Ағамның терісі қатты, салмағы ауыр болғандықтан, жақсыға ырымдаған, әке-шешем оны бала кезінен көп жерге апармай, "көз тиеді" деп 6 айға дейін барынша сақтанған екен. Жай ғана ұрған кезде үстелді бар күшпен соққандағы дыбыс шығады екен.

Бірде ата-анам ағамды алып қонаққа бармақ болады. Көлік жүргізушісі орыс екен. Сол кісіден баланы ұстай тұруын өтінгенде, қолына алған жүргізуші таңғалыпты. Ағам сәби кезінің өзінде ауыр болған. Сол оқиғадан соң ағам ауырып қалып, ата-анам "көз тиді" деп топшылаған. Дереу сол жүргізушіні іздеп ұшықтатайын десе, таба алмай басқа адамға ұшықтатқан екен. Ағам Құдайдың қалауымен аман қалады. Бірақ денесінде дақтар қалып, мүлде жеңілдеп, қарапайым балалар сынды күйге түсіпті. 

Атаңыздың “желкесінде жылқының жалы секілді қыл өскендігі” жайлы әкеңізден естіген едіңіз. Шын мәнінде, мұндай алып күштің астарында тылсым барына сенесіз бе?  

– Балалық шақта атамыздың қандай тұлға екенін толық түсінбесек те, есейген сайын ата-бабалар жолы мен тарихына үңіле отырып, оны ұрпаққа аманат еткіміз келеді. Балуан Шолақ есімі халыққа өте жақын болғанын білетінбіз. Өйткені ел арасындағы атамыз жайлы естеліктерге сан жетпейді. “Гиннесс рекордтар” кітабына енген әлемнің ең мықты адамы 420 келі көтерсе, ал біздің атамыз 816 келіні еңсеріпті. Атамыздың мұндай қара күшке ие болуы – тегін адам еместігінің дәлелі.

Көз көргендерден естуімізше,  атамның арқасында "жылқының жалы" тәрізді құжырайған ерекше дүние болған екен. Яғни жай адамдардың омыртқасы әлсіз болады ғой, ал атамның омыртқасында ауыр салмаққа былқ етпейтін қатты бұлшық ет болыпты деседі. Атамыздың арқасындағы қыл өскендігін Қайролла ағамнан жиі еститінмін. "Жел болмаса шөптің басы қозғалмайды" дейді ғой.

"Ерекше адамдардың киесі болады, олар қандай қиындық кездессе де, киесі жол көрсетіп, ғажайып күш қуат беріп, қолдап, қорғап жүреді" дейтін. Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, мысалы: Қабанбайдың киесі – арыстан, Жәнібек тарханның киесі – жолбарыс секілді, Балуан атамыздың киесі – ақ қошқар деседі. Атамыз көзіне ақ мүйізді, от шашқан жанарлы, темір тұяқты үлкен ақ қошқар елестейтінін айтатын болған. Демек, атамыздың киесі болған дегенге сеніммен қараймын.

– Балуан Шолақ атамыздың балаларымен қарым-қатынасы қандай болған? Ол кісіден ұлдарына, олардан сіздерге жеткен қандай ақыл-кеңестерін жадыларыңызға сақтадыңыздар?

Балуан Шолақтың кіші ұлы Құдайберген мен жұбайы Қазиза

 Әкем Құдайбергеннің аузынан атам туралы көп естелік естіп өстік. Атамыз балаларын қасынан тастамай өзінің бойындағы барлық қасиеті мен өнерін үйрете білген. Әкем де өте қайратты кісі болған. Тегіне тартпайтын тұяқ бола ма? Әкесінің естеліктерін, көңіліндегі әңгімелер мен көрген-білгенін әңгімелегенде әкемнің сөзі сай арасынан шақпақ тасындай сарт-сұрт түсіп, екі көзі жанып кететін. Сымбаты келіскен әкеміз үлкен қайраттылығымен ел аузында қалған.

150 литрлік сумай құйылған бөшкені машинаға бір өзі көтеріп, 3 центнерлік бидай толы қанарды қиналмай көтеріп, диірмен шанағына құйғанын көрген адамдар қазір де бар деседі. Атамыз көз жұмғанында әкем Құдайберген 17 жаста екен. Әкемнің көзін көрген үлкендермен кездесе қалсақ, атам туралы айтқандарын әңгімелей жөнеледі. Әкеміз арқылы бізге жеткен атамның өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ал анамыз Қазиза “Маткенов” әулетінен шыққан, әкесі қасиетті адам болатын. Ел-жұрт үлкен құрметпен қарап, анамнан бата алу үшін іздеп келетін. Ол кісі 95 жасқа келіп қайтыс болды. Сол үлкендерден алған тәліміміз бен естеліктерді кейінгі жас буынға жеткізсек дейміз.

– Өмірінің соңғы жылдарында балуан атамыз немен айналысты? Көз жұмғаны жайлы деректердің қайсысын шынайы деп есептейсіз?

– Балуан атамызды арқа жұрты әнші, композитор, балуан, цирк өнерінің шебері, бітімгер, сал сері ғана емес шабандоз, құсбегі, саятшы ретінде де жан-жақты қырынан көре білген. Тумасынан құс атып, аң аулап ер адам үшін пайдалы іспен айналыса білген, қай кезде де қарап отырмаған. Мал сатып кәсіппен айналысқан көрінеді. Жәрмеңкелерге шығып, көрген пайдасын халықтың иілігіне жұмсап отырған. Сол кезеңде би-болыстардың атамызды тәуір көрмегені белгілі. Қай заманда болсын, ел қамын ойлап, халықты жақтаған, үстем таптың өктем істерін сынаған ақындар мен шешендердің ізіне түсіп, басқан ізі аңдулы болды емес пе? Оның үстіне атамыз осы жәрмеңкеде жүріп, орыстың бір өктемшіл үлкен саудагерінің Қоянды жәрмеңкесінде сатқалы жатқан 80 өгізін қорасынан шығарып, кедейлерге таратып берген деген әңгіме бар халық аузында. Осыған қарап, атамыздың елінің қамы үшін кез келген тәуекелге барғандығын аңғаруға болады. Көңілі түскен пәс халықтың көңілін көтеріп, өнерімен тәнті ете отырып, халық алдында бар дарындылығымен есте қала білген. "Жәрмеңке думаншысына" лайықты барлық асыл қасиеттер мен өнер бойынан табылған.

Атамның дүниеден өтуі туралы тарихта әртүрлі алып-қашпа әңгімелер бар. Бірі жауларының қолынан қаза тапты, оққа ұшты десе, енді әкем атамыздың соқыр ішек болғандығынан қаза тапты деп айтады.

– Қазір балуанның ұрпақтары немен айналысып жатыр? Балуанның жолын қуам дегендер бар ма?

Шайдолла Шолақ емші әпкесі Әйбат пен інісі Есенбаймен

– Қазақта "түбін білмеген – түгін білмейді" деген. Балуан атамыздың ұрпақтары екенімізді білетін халық құрметтейді. Бауырларымыз да осы құрметке лайық болу үшін де адал жолмен, игі істерге талпынамыз. 

Отбасында біз төрт ағайындымыз: Қайролла ағам зейнетте. Інілерім: Есенбай, Қамидолла – кәсіпкерлер. Әрқайсысының отбасылары бар, ұрпақ тәрбиелеп, өз тірлігімен жетіліп жатыр. Отбасымызда ең үлкені әпкем – Әйбат. Қазір зейнеткер, емші. Өте өнегелі отбасының ұйытқысы болатын Мұрат Қабылбаев есімді жиенімізбен бірге тұрып жатыр. "Жетім көрсең жебей жүр" дегендей балалар үйінен 13 балақайды қамқорлығына алып, сол балалардың болашағының жарқын болуына үлкен үлес қосып отыр. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейді. Әйбат апамнан алған тәрбиесін қайырымды, игі істері арқылы көрсетіп келеді. Кенже қарындасым Асыл да жақсы қызметтерде істеп, еліміздің дамуына өз үлесін қосып келеді.

Атамызға ұқсап балуан болмасақ та, ұрпақтарының бойында қанымен келген дарындылық пен көрегендік, парасаттылық пен өзгеге қамқор болу секілді қасиеттер бауырларымның бойынан табылады. Дарын, өнер демекші, марқұм Манат апам, бауырларымның барлығы дерлік ән шырқап, домбыра тартады, өнерден құр алақан емес. "Атымызға кір келтірмеңдер" деген әкелеріміздің өсиетін өз балаларымызға ғана емес бүкіл жастарға жеткізіп отырамыз деп ойлаймын.

 Ұлы адамның ұрпағы болу қандай сезім? Сіздерге қоғамның көзқарасы қандай?

 Әрине, ұлы адамның ұрпағы болу біріншіден, қуаныш, себебі елі үшін сүйікті, халқы үшін қалаулы болса, артында өшпестей із қалдырса, бабаның атағы балаға өмір бойы азық қой. Қаншама атамызға арналған еліміздегі айтулы іс-шараларда көрсетілген үлкен құрметті көргенде жүрегіңді ерекше сезім баурайды. Бізге қоғамның көзқарасы жақсы. 

Екінші жағынан бұл – үлкен жауапкершілік. Тегіміз бен баба атына лайық болу үшін басқаларға өзің үлгі болуға тиіссің. Бала кезімізде анамыз: “Ешқашанда ұмытпаңдар, сендер ұлы адамның ұрпағысыңдар, балаға атаның атағы өмір бойы азық. Сыншы халық үнемі салмақты көзқараспен қарайды, сөздеріңді де, өздеріңді де түзеп, мәдениетті болуға тырысыңдар” деп отыратын. Сондай кісінің ұрпағы бола тұра басқаша болуға қақымыз жоқ. Осы тұрғыда ата-баба жолы деген сөз туындайды. Біз ұлы тұлғаның лайықты ұрпағы болуға тырыстық. Еңсемізді тік ұстап, адал болуды көкседік. Мен үшін ата-баба жолы – қазақтың дәстүрлі дүниетанымында атадан балаға жалғасып, ежелден орныққан өмір салты секілді, оның тәрбие мен тағылым принциптері мен нормаларының бірегей жүйесі сияқты дүние.


"Жәкең кетерін өзі сезгендей болды": Жақсылық Үшкемпіровтің бүгінгі 70 жылдық мерейтойына орай жұбайымен сұхбат 


– Балуан Шолақ атамыздың 100 жылдық мерейтойы қалай атап өтілді? Қандай шаралар ұйымдастырылды? Оған мемлекет тарапынан қандай да бір көмек берілді ме?

– 2015 жылы Макинск ауданының білім бөлімінің басшысы болып қызмет атқарып жүрген кезім. Осы жылы Балуан Шолақ бабамыздың басына Тасты өзекте кесене орнатылып, 140 жылдығы атап өтілді. Мерейтой республика көлемінде тойланды. Бүкіл зиялы қауым өкілдері Балуан Шолақ атамның теңдесіз алып күш иесі болғанын, 51 пұт (816 кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таңғалдырғанын, 1899 жылы орыс балуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Балуан Шолақтың 35 жаста бола тұрып халықтың мәртебесін бір көтеріп тастағанын айта отырып, өскелең ұрпақтың дәл осылай ұлттық рухта өскенін қалайтындарын білдірді. Ол кезде Жамбыл облысы әкімі Жексенбин Бөрібай мырза өзі басқарып, кесенені Тараз жақтан әкеліп қойғызды.

1986 жылдан бастап атамыз туралы зерттеу жүргізген Нәбиев Марат Әскенұлының да қосқан үлесі өте зор. Кесененің ашылуында елдің танымал азаматтары: ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жамбыл облысының құрметті азаматы, профессор Бекбосынов Арғынбай, жазушы, профессор этнограф, Ақселеу Сейдімбектің бүкіл елдің алдында сөз сөйлеп, жиналған халыққа тағылым болатын сөздері көпшілік есінде қалды. “Бұл күн ғасырға жуық уақыт бойы дене топырағымен жатқан Балуан Шолақтың бақилық болған рухы да күткен еді”, деп толғана айтты. Бұл ойы мен кесене талай тарихтың еншісіне естелік болып қала отырып, жас жеткіншектерге үлгі боларын тілге тиек етті. Сондай-ақ, осы тойда қоғам және мемлекет қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Өмірбек Байкелді ағамыз Шайдолла мырзаның 95 жасқа келіп қайтқан анасына, яғни Балуан Шолақтың келіні Ғазиза анамызға "Жигули" автокөлігінің кілтін ұсынған болатын. Макинка каласының жанында, ипподромда ат шабыс, қыз қуу, жамбы ату, күрес секілді ұлттық ойындар ойнатылып, дүбірлеген той халықтың есінде мәңгі сақталған еді.

– 2019 жылы Қазақфильм киностудиясы түсірген “Балуан Шолақ” көркем фильмі көңіліңізден шықты ма? Осы картинаның түсірілуіне, деректердің дұрыс келтірілуіне балуанның ұрпақтары, қатыстыңыздар ма? 

– Атамыз туралы көркем фильм түсіру туралы идея, ұсыныс қаншама жылдан бері айтылып жоспарланған болатын. Ойда жүрген бұл игі іс те орындалып жатыр. “Қазақфильм” киностудиясы түсірген көркем фильмді көрдік. Презентациясына қатысып, Сарыарқа кинотеатрында туыстарымызбен бірге тамашаладық. Әрине, фильмнің шыққанына қуандық. Балуан Шолақ атамның өмірі мен жүрген жолын, халыққа жасаған қызметі мен сол кезеңдегі атқамінерлермен тартысы, әнге, өлеңге деген шығармашылығын бір фильмге сыйғызу мүмкін емес. Атамыз туралы бүкіл тарихты бір бөлімнен тұратын кино емес, телехикая жасалса деген ой келді. 

Түсірілім жұмыстары 2017 жылы Алматы облысында өтті. Сондай-ақ, Павлодар мен Оқжетпесте де негізгі көріністер түсірілді. Жалпы, фильмге үш жүзден астам адам қатысқан. Мұның өзі – үлкен еңбек. Көркем дүние болған соң, әсірелеулер болатыны рас. Негізі, Балуан Шолақ өмірі туралы бұған дейін толыққанды деректі фильм не болмаса көркем дүние шыққан емес.

Алайда фильм түсірмес бұрын бабаның ұрпақтарымен кездесіп, сценарийді бірге қарап, фильмге қатысуға ұсыныстар болғанда оған бағыт-бағдар беруге, шынайы болуына, қатысуға қарсылық білдірмес едік деп ойлаймын. Себебі өз атамыз туралы фильмнің сапалы, шынайы, халықтың жүрегіне жететіндей туынды болғанын қалаймыз. Мысалы, корей, қытай, түрік халықтарының батырлары туралы фильмдерін көруге халық сондай ынтызар. Себебі, фильмнің сюжеті былай тұрсын, әрбір актердің сөзінен бастап, қимылы, костюмдеріне де асқан шынайылықпен қарайды. Ол халықтың тарихындай біздің халықта тарих жоқ па? Фильмнің дүниеге келгеніне қуанғанымыз рас, бірақ көңіліміз толды дей алмаймын. Атамыз туралы жоғарыда айтылғандай баба ұрпақтарын қатыстыра отырып, телехикая түсірілсе дейтін жандар жетерлік.

– Балуан Шолақ мұрасына қатысты олқылықтардың орнын толтыру мүмкін болып жатыр ма?  Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайының алдында ескерткіш орнату мәселесі қолға алынды ма?

– Қазақтың "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" деген сөз бабалардың ұлағатты мұрасының маңызын ұғындыратындай. Барлық әрекетімізді туған елге қызмет етуге, қадірлеуге, оған қамқорлық жасауға, ұрпағымыздың ұлт құндылықтарын қадір тұтуына бағыттаймыз. Атамыздың мұрасы арқылы еліміздегі тарихи орындар мен мұражайлар мәртебесінің көтерілуіне, ұлт санасында өткен тарихтың жаңғырып тұруына үлес қосамыз. 

Қазір маған ең құнды саналатын қолымда тұрған атамыздың қолымен жасаған, өзі қолданған домбырасы. Оны жан-жақтан сұрап жатқандар көп. Бірақ өзіме қалдыруды жөн көрдім. Атамыздың Оңтүстік Шу өңірінде, Бурабайда, Макинка қаласында Балуан Шолақ атындағы мектепте, Нұр-Сұлтан қаласы мұражайларында мұралары, естеліктері сақталған.

Қазір Бурабай өңірінде "Балуан Шолақ үңгірі" бар. Кешегі күнге дейін белгісіз боп келген бұл тарихы тереңде жатқан орынды арнайы гид арқылы біліп, басына журналистер апарып, бұл орынды адамдар демалатын, рухани азық алатын жайлы орынға айналдыру жұмыстары басталып жатыр. Көбі біле бермейтін орынға белгі қойылып, назарда ұстаймыз.

Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдында атамыздың ескерткіш орнатылу мәселесін көтеріп келеміз, алайда әкімдік тарапынан әрекеттер бастала қойған жоқ. Кез келген адам сонда барған кезде осы сұрақты қозғайды. Ел жастары патриоттық сезімде тәрбие алу үшін ең бірінші ата-бабаларымызды тану керек, елдің тарихын біліп, ұлттық құндылықтарды құрметтеу керек. Тарихта аты қалған бабаларымызды танытып, насихаттау міндетіміз.

2005 жылы Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексенбин өзі бас болып қолдап, көтерілген кесене басында бағалы бастамалар туралы айтқанда жұрт қуаттап қол соққан болатын. Сол кесененің басына баратын жолының нашар болуы да өзекті болып тұр. Жергілікті әкімдікке бұл мәселе ұсынылды, уәде етілді. Енді оның орындалуын күтіп отырмыз. Себебі Балуан атамыз біздің ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышы. Оны әрбір азамат біліп қана қоймай, ұрпақ, халық алдындағы міндеті мен борышын адал атқаруға тиіс.  Осыған ат салысып көптеген игі шара ұйымдастырып жатқан Қосы батыр атындағы қоры төрағасы Дәулетбай Есімбеков ағамыз.

– Шетелдіктер тарапынан Балуан Шолақтың өнеріне, керемет күшіне байланысты қызығушылық танытып, сіздермен байланысқа шыққан жағдайлар болды ма?

 Германияда Сергей Боксбергер деген досым тұрады. Сергейдің атасымен Балуан Шолақ атамыз өте жақын дос болған. Ауылда Сергей екеуміз бала кезде бірге өстік. Ол бала кезден атасынан, әжесінен естіген естеліктерін әлі күнге дейін айтып отырады. “Атамның бұлшық етіне инені басқанда сынып кететіні” туралы осы Сергей досымнан естідім. Осындай естеліктер, шын мәнінде, таңғалдырады. Алайда кейде мынадай ойға бой алдырамын: “Гиннесс рекордтар” кітабына енген әлемнің ең мықты адамы 420 келі көтерсе, ал біздің атамыз 816 келіні еңсерген. Атамыздың мұндай қара күшке ие болуы тегін адам еместігінің дәлелі. Алайда рекорд жаңартуға қауқары бар болса да, балуан “Гиннесс кітабына” енбей қалғаны қынжылтады. Осы жайт бойынша Нәбиев Марат ағамыз айналысып жүрген болатын. Сол уақытта я жазып алмаған, не суретке түсірілмегендіктен, нақты дәлелдер жоқ, бұл тек ауыздан ауызға тарап қалып кеткен. 

Қазақтың аңғал халық екені де рас. Барымызды көрсете алмай қалып жатамыз. Талай керемет деректер бізге уақытында жетпей қалған. Дегенмен де, Аллаға шүкір деймін. Атамызды бүкіл халық таниды, құрметтейді. Қаншама игі шаралар жасалды. Алғысымды білдіремін! Қолдан келгенше тарихи мұраларымызды жоғалтпай ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, естелік етіп қалдыру, көзіміздің қарашығындай сақтау қазіргі аға буын өкілдерінің борышы деп білемін. Сондықтан, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында өскелең ұрпақтың бойындағы рухын көтеретін игі шаралар ұйымдастырылса, балалар көзімен көрсе деген тілек айтамын. Батыр бабаларымыздың бойындағы Отанға деген патриоттық сезімді қалай болғанда да ұрпақ санасына сіңіру – міндетіміз. 

– Шайдолла мырза, әңгімеңізге рақмет! 

Талқылау