Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жәкең кетерін өзі сезгендей болды": Жақсылық Үшкемпіровтің бүгінгі 70 жылдық мерейтойына орай жұбайымен сұхбат

Бүгін, 6 мамыр - қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы, спорт саңлағы Жақсылық Үшкемпіровтың туған күні. Саналы ғұмырын спортқа арнаған палуан былтыр коронавирустан көз жұмған еді. Биыл көзі тірі болғанда мерейлі 70 жасын тойлар еді. Stan.kz тілшісі спортшының қарашаңырағында болып, жұбайы - Күлпан Үшкемпіровамен сұхбаттасып қайтты. Әйелі марқұм жары туралы ел естімеген естеліктерімен бөлісті және өмірінің соңғы кезеңдері туралы есіне алды. 

жақсылық үшкемпіров

Күлпан Үшкемпірова Семейдің Аягөз ауданындағы Мыңбұлақ ауылында өскен. Жақсылық ағамен студент кезінде танысқан. 

"1972 жылы Семейдегі техникалық институтқа оқуға түстім. Сонда Жақсылық ағаң 4-курс оқып жүрді. Ол менен төрт жасқа үлкен. Гауһар деген қызбен бірге жатақханада тұрдым. Сөйтсем, ол қыз Жәкемнің аулынан екен. Содан жерлесі Гауһарға келіп жүріп Жәкең менімен танысты. Ол мені "Сары қыз" деп еркелететін. Содан үйімізге жиі келе бастады", - дейді ол жас кезін есіне алып. 

Бұл кезде болашақ чемпионның күрес жолын енді ғана бастап, танылып келе жатқан кезі. Көп ұзамай екеуі шаңырақ көтеріп, отбасы құрады. Өмірге Жандос және Елдос деген екі ұлы келеді. Осыдан кейін Жақсылық Үшкемпіровтің жұлдызды сәті туады. 

"Үйленгеннен кейін бұл кісі спортқа қатты беріліп, жетістікке жете бастады. Әлем чемпионы, олимпиада чемпионы, КСРО-ға қанша рет барып жеңіп келді. Ең қызығы, Олимпиада чемпионы болған кезде мен үшінші баламызды босанып жатқан едім. Перзентханада жатқан кезде жеңді деген хабар естідім. Содан кейін Жәкең достары ұлымыздың атын Победа деп қойғысы келді. Сосын оны қазақшалап әкесінің жеңісінің құрметіне арнап Жеңіс деп қойдық", - дейді ол.  

жақсылық үшкемпіров

Солтүстіктен оңтүстікке келген Күлпанды ауыл өмірі шошытпаған. 

"Мен ауылдың қызымын. Маған ауыл тірлігі оңай болды. Семейден алып келген соң, Алматыда тұрдық. Жәкең жарыста, дайындықта жүреді мен жалғыз қалмаймын. Ауылға ата-енемнің қасына барып тұрамын. Сиыр сауып, тезекпен далада от жағып, ауыл апалары келгенде бәріне шай беремін. Ауылдың тірлігі маған ұнайды", - дейді Күлпан апай. 

Отбасы-ошақ қасында сирек болатын Жақсылық Үшкемпіров үнемі шет жақта, жарыстарда жүрді. Соған қарамастан ол үйде қамқор әке, мейірімді жар еді деп есіне алды Күлпан апай.

"Өте керемет әке болды. Бір баласына "әй" деген жоқ. Не бетінен қақпайды, әй деп ренжітпейді. Қайта оның қасында менің мінезім бар. Мен қаталмын. Балаларына "адам болыңдар, еңбек етіңдер, ешкімді алдамаңдар, жағдайы төмен адамдарға көмектесіңдер" деп үнемі ақыл айтып отыратын. Балаларын спортқа бергісі келмеді. Өйткені спорт оңай емес. Жәкең де соны айтып отыратын: "Спортқа уақытымды да, денсаулығымды да бердім. Спортпен айналысу үшін шыдам керек, жеңіліске шыдау керек. Егер шыдамасаңдар, бастамай-ақ қойыңдар" деп ескерткен", - дейді жары. Күлпан апай жарының соңғы күндері туралы да сыр шертті. 

Індет өршіп тұрғанда сыртқа шықпауын отбасы қанша ескерткенмен Жақсылық аға Таразға жол тартқан. Сол сапардан кейін денсаулығы сыр берген көрінеді. 

"Сол кездері "ешқайда шықпа, екі рет инфаркт болғансың, иммунитетің төмен" деп көп  айттық. Бірақ бір ай бұрын өзінің туған әпкесі қайтыс болды. Бармаймын деп жүрген. Бір күні жүргізушісі Таразға кетіп бара жатқанын айтты. Тоқтата алмайсың. Содан барып әпкесін жерлеген. Сол оқиғадан кейін бір айдан аса уақыт өткен соң өзі қайтыс болды. 

Бұл кісі көп денсаулығын спортқа берген. Салмағы 70-ке дейін барады. Жарысқа баратын кезде 48 килограмға дейін салмақ қуады. Жарыс болады деген қажетті салмағына дейін жету өте қиын. Ол кісінің "не өлемін, не жеңемін" деген сөзі бар. Сондықтан спортты бастадым ба мен мұның шыңына жетуім керек деп мақсат қоятын. Мал шаруашылығымен айналысқанда да осы кәсіптің шыңына шығуым керек деп еңбектенді. Бір жұмысты бастаса соңына дейін бармай қоймайды. 

Әпкесінің жаназасына барып, сол жерде жұқтырды ма, әйтеуір, содан кейін ауырып қалды. Бізде дәрігерлер де әлсіздік танытты. Ол кезде вирустың өршуі көбейіп, емін таппаған кез. Немен емдерін білмейді. Сонда кейде ойлаймыз емханаға жібермей, үйде емдегенде дұрыс болар ма еді. Өйткені мен медицианадан жақсымын.

Өлім айтып келмейді. Алланың бұйрығы. Оның үстіне кіші балам Жеңіс Жәкең ауырғанын айтпай, бірден ауруханаға алып кетті. Ауруханаға түскеннен-ақ сездім. Оған дейін білмей жүрдім. Жәкең ентігіңкіреп, дем ала алмай қиналып жүрді. Содан кіші баласы ауруханаға алды да кетті. Мүмкін маған айтқанда ауруханаға жібермес те едім. Себебі өзім емдеп, дәрісін беріп жазып алар едім", - дейді Күлпан апай өзегі өкінішке толып. 

жақсылық үшкемпіров

Жарының қазасынан кейін Күлпан апай өзі де коронавируспен ауырған. Бірақ ауруханаға бармаған. 

"Жәкеңнен кейін өзім де сол аурумен ауырдым. Бірақ өзімді-өзім жазып алдым. Антибиотик ішіп, дәрі егіп, емделдім. Жәкең сонда қиналып жүргенін ешкімге айтпайтын. Одан кейін кейінгі кездері "сендер аман болыңдар, мені қойшы, қартайдым" деп отыратын. Өзі сезгендей болды", - дейді ол.

Жақсылық ағаның көзі тірісінде ауылына, жағдайы нашар отбасыларға жасаған қайырымыдылығы көп. Бірақ өз отбасына да айтпай қаншама адамға көмектескенін жаназасына келген бейтаныс адамдардан білдім дейді Күлпан апай. 

"Ол кісінің жақсылығын кеткеннен кейін білдім. Қайтқаннан кейін көп әйелдер есік алдында келді. Бәрі көпбалалы. Сендерді танымаймыз десем, "Жақсылық аға бізге үй алып берген, мал берген, бұзаулы сиыр берген" деп көп адам келді. Сонда бізге айтпай, жақсылық жасап жүрген. Жәкең өте қарапайым болды. 47 жыл бірге тұрдық. Мұндай азамат көрген жоқпын. Біртуар тұлға. Мінезімен де, қылығымен де, адамгершілігімен де баурап алды. Керемет адам еді ...", - дейді  ол.

Бұл күндері спортшының 70 жылдық мерейтойына байланысты Алматы, Нұр-Сұлтан және туған өңірі Жамбыл облысында халықаралық жарыстар өтеді. Одан бөлек спортшының өміріне байланысты ақын, журналист-жазушы Сәуле Досжанның "Біртуар" атты кітабы тұсауын кесті. 

"Кітаптың сиясы кепкен жоқ. Алғашқы кітапты марқұм Жақсылықтың жарына табыстадым. Әлі тұсауы кесілген жоқ. Бірақ мен ешқашан ол кісі туралы естелік кітап жазамын деп ойлаған жоқпын. Жақаң қайтыс болғаннан кейін ағайын бауыры Сәт Тоқпақбаев өте қатты қайғырды. Менің жазушылық қабілетімді біліп, Жақаңның қыр-сыры саған жақсы таныс, кітап жазсаңшы деп ұсыныс тастады.  

Бір күні ойда-жоқта кітапты бастап кеттім. "Біртуар" деген атау бердік. Миллиондаған қазақтың ішінде осындай жетістікке жеткен біртуар адам. Кітабымда спорт саңлағының туған күнінен бастап, спорттағы тағдыр жолы суреттелген. Бұл кісінің дүниеге келуінің өзі ерекше. Таразда қоржын үйде тұрған. Бір бөлмесінде өздері тұрса, екінші бөлмесі дүкен болған. Бір күні сол ауылдың ақсақалы үйіне сабын алмақшы болып, дүкенге келеді. Астында - ат. Келіп есікті қағып сабын керектігін айтады. Ал айы-күні жақындап, іші ауырып тұрған Жақсылық ағаның анасы сабынды газетке орап, ат үстіндегі ақсақалға берген кезде босағаға бала түсіп кетеді. Босаға деген қасиетті жер. Босағадан биік тау жоқ дейді. Сонда анасы Жақсылық ағаға бала күнінде "шырағым, сен босағада туылып едің, өмірің жол үстінде өтетін шығар" деп айтқан еді. Босаға деген тау, сол тауда туды, сол биікте тұрып қазақтың атын күллі әлемге паш етті", - дейді ол.

жақсылық үшкемпіров

Жазушы Сәуле Досжанның сөзінше, кітапты ерекше сезіммен жазып шыққан. 

"Меніңше, бұл шығарманы да халық жақсы оқиды деп ойлаймын. Өйткені үлкен махаббатпен жаздым. Сенесіз бе, осы кітапты жазып отырып, Жақсылық ағаға жаным ашығаннан жылап жібердім. Балалары да оқып, әкеміздің мұндай қиындық көргенін білмеппіз деп алғысын айтты. Жұмыс үстінде "Алла кейбір адамдарға ерекше бақ береді дегенге көзім әбден жетті. Жастарымыз Жақсылық ағаларындай болсын", - деп тілегін жаудырды. 

Спортшының бауырлас ағайыны, қоғам қайраткері Сәт Тоқпақбаев бауыры Жақсылық Үшкемпіровтің қазасы қабырғасын қайыстырғанын айтады. 

"Өзіңді қадірлейтін, қастерлейтін, қатты сыйлайтын адам өмірден озғаннан кейін оны еске түсіру оңай емес. Жақаң өте адал адам болды. Бір кемшілігі бар ма деп ойлайсың, бірақ ешқандай кемшілігі жоқ. Ол үндемей жүріп, өз істерін орындай беретін, ешкімде шаруасы жоқ, ешкімге салмақ салмайды, келісе береді. Осындай қасиетті мінезінің арқасында үлкен жетістіктерге жетті", - дейді Сәт Тоқпақбаев. 

Ол Үшкемпіровтің Олимпиадада көрген қиындығы мен қызығы туралы есіне алып, былай дейді: 

"Жақаңның Мәскеудегі Олимпиадасына баруы да өте қиын болған. Әйтеуір, жолдаманы алғаннан кейін олимпиада басталарда болған қызықтарын бізге айтатын. Сол олимпиадада таңертең салмақ өлшеп болған соң, спортшылар қонақ үйге кетеді. Бапкерлері 10-да қайта жиналуын сұрайды. Содан сағат онға жақындап қалған, ал Жақаң еш жерде жоқ. Бәрі жабылып іздейді, жатқан қонақ үйін түгін қалдырмай қарап шығады, таппайды. Жаттықтырушысы қашып кеткен екен деп ашуланады. Содан іздеп-іздеп қонақ үйдегі бөлмесіне келіп, шаршап Жақаңның төсегіне отыра кеткенде астынан бажылдаған дауыс шығады. Жақаң көрпенің астынан атып шығады. Сонда жаттықтырушысы қайда жүрсің, қашып кеттің бе деп сұрақты жаудырғанда: "Ешқайда қашпадым, ұйықтап қалыппын" дейді. Сонда өзі 48 килограмм. Бір жапырақтай болған соң төсекте ұйқтап жатқаны білінбеген. Сәл толықтау адам болса, томпайып білініп жатушы еді, ал Жақаң ұйықтап жатқанда төсектің қыры да бұзылмаған", - деп есіне алды бауыры Сәт Тоқпақбаев.  

Күлпан Үшкемпіровамен эксклюзивті сұхбат: 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Сәкен ҚҰЛМАН

Талқылау