Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басқа амалы болмады": Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза болған бөлім бастығының төрт баласы жетім қалды

Жамбыл облысында әскери нысандағы жарылыстар салдарынан қаза болған өрт сөндіру бөлімі басшысының артында төрт баласы қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Aibat жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Еркін Нәдірбеков 42 жаста болған. Ер адамның төрт баласы бар. Ең кішкентайы әлі бір жасқа толмаған екен.

Жақындарының айтуынша, әскери бөлімде жарылыс болған кезде Еркін Нәдірбеков өрт сөндіру командасын бастап, бірден оқиға орнына барған.

"Ол өрт сөндіру тобын басқарды. Бұл оның тікелей міндеті еді. Оларда басқа амал болмады. Егер олар жарылысты жоймаса, қалған қоймаларда оқ-дәрілерден өрт шығуы мүмкін еді. Тіпті елестету мүмкін еместей жағдай бұдан да қиын болатын”, – деп бөлісті марқұм Еркін Нәдірбековтің әпкесі.

Жарылыстар тоқтағаннан кейін туыстары Еркінді іздей бастаған. Бүгін таңертең Нәдірбековтің отбасына ол қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болғаны туралы хабар келді.


  • Қазақстан президенті Жамбылдағы жарылыс бойынша шұғыл кеңес өткізді

Туыстары Еркінге батыр атағы беріледі деп үміттенеді. Айта кетсек, Нәдірбеков Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасындағы өртті сөндіру бойынша команданы басқарды.

Еске сала кетсек, кеше сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жарылыс болды. Жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланды. Жарылыс салдарынан 88 адам зардап шегіп, 9 әскери қаза тапты. 6 адамның жағдайы ауыр деп бағалануда. 

Айнұр Мұхади
Жұма, 27 Тамыз, 2021 15:31
Талқылау