AAPL
144.84 $
0.75 %
TSLA
843.03 $
3.02 %
NDAQ
203.02 $
1.19 %
GOOGL
2827.36 $
0.15 %
FB
324.76 $
-1.15 %
FRHC
63.3 $
-1.45 %
AAPL
144.84 $
0.75 %
TSLA
843.03 $
3.02 %
NDAQ
203.02 $
1.19 %
GOOGL
2827.36 $
0.15 %
FB
324.76 $
-1.15 %
FRHC
63.3 $
-1.45 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арыстағы оқиға бізге сабақ болды": Қорғаныс министрі не үшін отставкаға кетуді ұйғарды?

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 2019 жылы Арыстағы жарылыс сабақ болғанын мәлімдеген еді. Апаттан кейін еліміздің барлық аймақтарындағы әскери қоймаларға тексеру жүргізіліп, 2023 жылға дейін оқ-дәріні сақтау бойынша кешенді жоспар құрылған. Алайда 26 тамызда Жамбыл облысында болған жарылыс министрдің жүргізген жұмыстарының шикілігін көрсетті. 

Ермекбаев

Нұрлан Ермекбаев Шымкент қаласының тумасы, 58 жастағы министр орыс, қазақ, ағылшын тілдерінен бөлек, қытай және португал тілдерін жетік меңгерген.

2014-2016 жылдары ол ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі болған. Сонымен қатар Қытай елшісі, сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған. Түрлі жылдары президент әкімшілігінде қызмет етіп, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы да болған. 2018 жылы 7 тамызда ол қорғаныс министрі атанды.

Ермекбаев қорғаныс министрі ретінде үш жыл қызмет етті. Жамбыл облысында болған жарылыстан кейін ведомство басшысы отставкаға кетуге дайын екенін жеткізді. Қорғаныс министрінің өтініші ресми түрде қабылданған жоқ, десек те басшы лауазымынан босатуына себеп жетерлік. 

Ермекбаевтың қорғаныс министрлігін басқарған тұсында осымен екінші рет әскери қоймада жарылыс орын алды. Бұған дейін 2019 жылы маусымда Арыста оқ-дәрі қоймасы өртеніп, бүкіл қала тұрғындарын эвакуациялауға тура келген еді. Апаттан жалпы 70 адам зардап шегіп, тағы үшеуі қаза тапқан. Екі жылға созылған тергеу мен сот амалдарынан кейін 16 азамат айыпталып, түрлі жаза арқалаған еді. 

Жойқын оқиғадан кейін қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеме жасап, бұл жағдай сабақ болғанын жеткізген. Ол жарылыстан әлдеқайда аз адам көз жұмғанын тілге тиек еткен еді. 

“Болған жағдайға байланысты қатты өкінеміз. Тиісті қорытынды шығардық, бұл оқиға бізге сабақ болды. Тіпті әлдеқайда кіші жарылыс орын алып немесе жол-көлік оқиғаларының, өрттің кесірінен одан да көп адам көз жұмып жатқанын көріп те жүрміз. (Арыстағы өртті сөндіру кезінде екі қала тұрғыны мен бір әскери қызметкер қаза тапты – ред.түсіндімерсі). Бір айта кетерлігі, апаттың салдары одан да ауыр әрі қорқынышты болар еді, дегенмен, ұзақ жылдар бойы Арыстағы оқ-дәрілерді сақтау бойынша жүргізіліп келген шаралардың көмегі тиді. Сонымен қатар әскери басшылыққа тәуелді және тәуелді емес бірқатар факторлардың рөлі жоғары болды. Біз үшін әрбір адамның өмірі маңызды, сондықтан қаза болғандардың отбасына қайғыра көңіл айтамыз”, – деді Ермекбаев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында. 

Осы тұста Ермекбаев жарылыстың бір себебі ретінде қолданылмаған оқ-дәрі мен әскери техниканы утилизациялаудағы кемшіліктерді атаған болатын.  

“Мерзімі өтті деп танылған оқ-дәрі уақытылы жойылмайды. Мұндай мәселелер де бар. Қазіргі таңда қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау, әскери инфрақұрылымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 2023 жылға дейін кешенді жоспар құрылды. Жоспарға сәйкес, жаңа нысандар салынып, бұрынғыларын жөндеуден өткізу ойымызда бар. Бұл тұрғыда жаңа нысандар заманауи қауіпсіздік техникаларына сай болуы қажет. 

Арыстағы кешен 1934 жылы сол кездегі стандарттар бойынша тұрғызылған. Біріншіден, бұл өткен ғасырдың жобасы, оны қазақстандық мамандар емес, қазақстандық әскерилер салған. Екіншіден, ол аймақта қала болмаған. Соңғы жылдары қала әскери қоймаға жақындап кеткен. Бұл әрине, дұрыс емес, сондықтан да жағдайды ушықтырып жіберді”, – деді министр.  

“Бірақ біз бұл оқиғадан кейін тиісті қорытынды шығардық. Енді барлығы әскери инфрақұрылымды қауіпсіздік техникаларына сай етіп қайта жабдықтауға тікелей байланысты”, – деді Ермекбаев. 

2019 жылы ҚР парламент мәжілісі отырысынан кейін журналистер қорғаныс министріне “Зардап шеккен Арыс тұрғындарынан кешірім сұрайсыз ба?” деген сұрақ қояды. 

“Бұл жерде ешкімді кінәлауға болмайды, бұл табиғи нәрсе әрбір арсеналдың өз қаупі бар. Сондықтан мен кешірім сұрауға негіз жоқ дегім келеді”, – деп жауап берді Ермекбаев. 

Оның бұл сөзі желі қолданушыларының наразылығын тудырғанын атап өткен жөн. 

Арыстағы жарылыстан кейін Ермекбаев президенттен қатаң сөгіс алды. 

“Қорғаныс ведомствосындағы істер үшін бар жауапкершілік сізде. Бұдан басқаша болуы мүмкін емес. Болған жағдайдың салдары өте ауыр. Бұл туралы, тіпті сөз қозғаудың қажеті жоқ. Бар күшті ликвидацияға жұмсадық. Басқаша айтқанда, қаланың көп бөлігін бомбаладық", – деді президент. 

Бір жыл өткеннен кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай апатты енді болдырмау керектігін мәлім етті. 

“Қорғаныс министрі маған оқ-дәрілердің қауіпсіз қоймаларда сақталып жатқанын және адамдарға қауіп тудырмайтынын баяндады. Дегенмен, біз ендігі жерде мұндай жарылыстың болуына ешқашан жол бермеуіміз керек. Бұл мәселе өте маңызды және менің тікелей бақылауымда болады”, – деді Тоқаев. 

Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында үкіметке қазіргі заманға сай қоймалар салу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Олардың елді мекендерден алыс жерлерде салынуын, жарамсыз оқ-дәрілерді уақытылы жою қажеттігін де ескертті.

Еліміз бойынша 2019 жылы оқ-дәрілер сақталатын қоймаларды тексеру жүргізілген еді. Ведомство бұл объектілерді қауіпсіздіктің қажетті деңгейіне жеткізу және оларды оңтайландыру бойынша жоспар құрған.

Еске салсақ, Нұрлан Ермекбаев басшылық етіп отырған ведомствода жарылыстардан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қатысты да дау туындаған. Мәселен, 2020 жылы Батыс Қазақстан облысында полковник Марат Есенов 200 мың теңге пара алғаны үшін сотталды. Ол қол астындағы қызметкеріне жаңа лауазымды жұмысқа орналастырамын деп уәде еткен. Ал 2021 жылдың мамырында ҚР Қарулы Күштерінің Тылы және қару-жарақ бастығы, полковник Асылбек Сатыбалдинов қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, бюджеттік қаражатты жымқырды деп айыпталып ұсталған. Сонымен қатар, құқық қорғаушылардың назарына ведомствоның қаржы қызметінің бастығы Әлихан Жарбұлов та ілінген. 

Осыған байланысты аппараттық кездесуде министр ведомстводағы сыбайлас жемқорлықты жоюды тапсырған еді. 

“Біздің мақсатымыз – қазақстандық әскерде сыбайлас жемқорлықтың фактілерін болдырмау. Бұл тек жемқорлық фактілерін азайту ғана емес, оны мүлдем жою дегенді білдіреді. Біз үшін ведомствода биыл сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстың алдын алу басты тапсырма”, –деді Ермекбаев. 

Жамбыл облысындағы болған апат жүргізілген жұмыстардың нәтижесіз екендігін көрсетті. Айта кетсек, әскери қоймада болған жарылыс салдарынан тоғыз адам қаза тауып, 90-ы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр