Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Азия чемпионы, үш ұлдың әкесі: Токио Олимпиадасында жартылай финалға шыққан Қамшыбек Қоңқабаев жайлы не білеміз

Токио Олимпиадасында қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев ресейлік қарсыласы Иван Вериасовты жеңіп, жартылай финалға шықты. Қоңқабаев бокстан ұлттық құрама команданың капитаны, әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ол Токио – 2020 Олимпиадасының ашылу рәсімінде еліміздің көк туын желбіретіп, жеңіл атлет Ольга Рыпаковамен ұстап шыққан еді. Stan.kz тілшісі қазақстандық спортшының өмірі жайлы мәліметтерді оқырмандарға ұсынады. 

Қамшыбек Қоңқабаев – Қызылорда облысының тумасы. Ол 1991 жылы 18 қарашада дүниеге келген. Спортшы 9-сыныптан бастап кәсіби бокспен айналысады. Оның алғашқы жаттықтырушысы – Сейтжан Төкенов. Қазіргі таңда боксшымыз Қызылорданың "Тарлан" бокс орталығында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Байғұндиевпен жаттығады. Қамшыбек 91 келіден жоғары, яғни ауыр салмақта шаршы алаңда бақ сынап жүр. 

Спортшының ең басты жанкүйері – отбасы. Қамшыбек Қоңқабаев үйленген. Ол үш ұл тәрбиелеп отыр. 

Спортшы 2021 жылдан бастап кәсіби боксшылар арасындағы WBO Asia Pacific рейтингісінде Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ауыр салмақ бойынша чемпион. BoxRec рейтингісінің 2020 жылғы нәтижелері бойынша Қамшыбек 44 -ші позицияға тұрақтаған. Әлемдегі ауыр салмақтағы топ 45 боксшы қатарына кірген. 

Қамшыбек Қоңқабаев 2017 жылдың ақпанында Софияда өткен "Strandja" халықаралық турнирінде 91 келіден жоғары салмақта қола медальға ие болған.

2017 жылдың мамырында Ташкентте өткен Азия чемпионатының финалында ол өзбек боксшысы Баходир Жалоловтан жеңіліп қалды. Алайда осы жылдың тамызындағы біріншілікте Жалоловты тізе бүктіріп, өзі Әзербайжанның екі дүркін чемпионы Магомедрасул Меджидовпен тең түскен. Нәтижесінде Қамшыбек Қоңқабаев 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

2019 жылдың қыркүйегінде спортшы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатының ширек финалында неміс боксшысы Нелви Тиафакты 5:0 ұпайымен ұтып кетті. Жартылай финалда да аустралиялық Джастис Ханиден де басым түсті. Дегенмен, финалдық кездесуде өзбекстандық спортшы Баходир Жалоловқа есе жіберген. Осындай көрсеткішпен Қамшыбек Қоңқабаев күміс медальға ие болды. 

Спортшы 2020 жылдың 23 тамызында бірінші ауыр салмақта кәсіпқой дебют жасады. Ол тәжірибелі боксшы Иса Ақбербаевты 2-раундта техникалық нокаутпен жеңді.

2021 жылы 27 ақпанда 3-ші жекпе-жек өткізген Қоңқабаев мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Ол өзбек Сервер Емурлаевты 23-1 есебінде жеңіп, Азия чемпионы атағын жеңіп алды.

Қамшыбек Қонақбаев кәсіпқой бокс пен әуесқой боксты қатар алып жүрген спортшы. Ол әр бокстың өзіндік ерекшеліктері бар екенін айтады.

“Екеуін алып жүру қатты қиын емес. Бұл менің жұмысым. Кәсіпқой боксқа енді ауысып, қыр-сырын үйреніп жатырмын. Мен үшін өте қызық. Қиындық тудырып жатқан жоқ. Айырмашылықтары өте көп. Әуесқой бокста үш раунд тез өтіп кетеді. Асықпай баппен ойланып отыратын уақыт жоқ. Кәсіпқой бокста бір соққыны оныншы раундқа дейін дайындап жүрсең болады. Кәсіпқой бокста шыдамдылықты талап етілсе, әуесқой бокста жылдамдыққа жұмыс жасау керек. Кәсіпқой бокста жекпе-жек өткізудегі басты мақсатым – Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалу. Енді менің бір ғана мақсатым бар, ол – Олимпиаданың алтын медальін алу. Мақсатыма жету үшін кәсіпқой бокста жұдырықтасып жүрмін. Кәсіби бокстағы жолым жақсы басталғанымен, Олимпиада чемпионы болмайынша әуесқой бокстан кетпеймін”, – дейді Қамшыбек Қонақбаев. 

Қонақбаев кәсіби спортта Генадий Головкинмен кеңесіп тұратынын жасырмайды. Спортшы бокстың бұл түріне енді аяқ басып келеді. 

“Біздің елдің жігіттері, жігіттердің төресі. Қазақ елінің нағыз батыр азаматы.
Айтқан ақыл кеңестеріңізге рақмет. Алдыда өтетін жекпе-жектеріңізге сәттілік тілеймін”, – деп жазды Қонақбаев Головкин туралы. 



Токио – 2020

Қамшыбек Қоңқабаев Токио Олимпиадасының 1/8 финалдық кезеңінде мысырлық Юсри Резк Мостафа Хафезді 5:0 есебімен басып озып, ширек финалға жолдама алды. 

“Жекпе-жекте ойымдағы әдістерімді 100 пайыз орындай алмадым. Қанша дегенмен, бірінші кездесу, сондықтан қобалжу да жоқ емес. Бар күш-жігерімді салдым жеңіс үшін. Қарсыласым да осал емес, физикалық тұрғыдан мықты әрі бойшаң. Кейбір әдістерім жақсы шықса, енді бірі өтпей қалды. Сол үшін әр кездесуге дайын болу керек. Келесі қарсыласым да осал емес. Ресейлік боксшымен спаррингтік кездесулер өткіздім, бірақ жарыс кезінде бәрі де басқаша болатыны анық. Көпшілігі мені Өзбекстан намысын қорғайтын Бахадор Жалоловпен кездестіруге асық. Бірақ мен үшін әрбір қарсылас мықты. Себебі, бұл Олимпиада. Кеше біраз жігіттің жарысты аяқтағаны да жанымызға батып, көңіл күйімді түсірді. Десе де, елімізді қуантуға дайынбыз, бар күшімізді саламыз”, – деп мәлімдеген алғашқы жекпе-жектен кейін. 

Ширек финалда қазақстандық спортшы ресейлік Иван Верясовпен кездесті. Қамшыбек алғашқы раундтан бастап-ақ өз басымдығын танытты. Төрешілер бір ауыздан бірінші раундта жеңісті Қамшыбекке берді. Екінші раундта да қазақстандық боксшы қарсыласынан оқ бойы озық өнер көрсетті. Клинчке тырысқан қарсыласына бірнеше соққы дарытып, өзіне ыңғайлы қашықтықта жұдырықтасты. Осының арқасында екінші раундта да Қамшыбек ұпай санымен алға шықты. Үшінші раундта Вериасов кездесуді уақытынан бұрын аяқтауға тырысқанымен, Қоңқабаев оған еш мүмкіндік берген жоқ. Айқас қорытындысы бойынша Қамшыбек айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға шықты.

"Бірінші раунд жақсы өтті. Екінші раундта мен тактикалық қателіктер жібердім. "Лас бокс" деген ұғым бар, мен оған әйтеуір қосылдым. Мен келесі қарсыласымды білемін, бірақ мен онымен ешқашан рингке шыққан емеспін. Ең бастысы – нәтиже, мен бұдан былай қателеспеуге тырысамын. Мен жеңу үшін бәрін жасадым", – деді Қоңқабаев. 

Аталмыш кездесуде Ирландия, Ушанда, Аргентина, Моңғолия, Марокко елдерінің төрешілері төрелік етті.

Қоңқабаев финалға шығу үшін америкалық Ричард Торреспен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жекте жеңілген адам қола медаль алады.

Еске салсақ, биылғы Олимпиадаға ерлер құрамасынан 8 спортшы барды.

Олардың арасынан Қамшыбектен өзге Сәкен Байбосынов (52 келі) жартылай финалға өтті. 

Ал Серік Теміржанов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) қарсыласына есе жіберіп қойды. Қыздарда Надежда Рябец (75 келі) алғашқы кездесуде жеңіліп қалды.

Талқылау