Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлем елдері электромобильдерге көшуде: Қазақстан электротранспорттың дамуын қалай қолдап жатыр

Экологиялық көлік түрлерінің, атап айтсақ, электротранспорт нарығы көптеген шет мемлекеттерде бірнеше жыл бұрын дамып кетті. Бұл елдерде аталмыш нарықтың құрылуы мен дамуына септігін тигізген негізгі күш – мемлекеттік қолдау болды. Тіпті әлемдік алып автоөндірушілердің бірі Audi 2026 жылдан бастап дизельмен және бензинмен жүретін көліктерден біржолата бас тартып, тек электромобиль құрастырумен айналысатынын жариялады. Ал Қазақстан электротранспортқа енді ғана бет бұра бастады. Сонымен, қазақстандықтар не себепті көліктің осы түріне көшкені дұрыс? Мемлекет халықтың экологиялық транспортқа көшуі үшін қандай  ынталандыру шараларын қабылдауы керек? Бұл туралы Stan.kz тілшісі анықтап көрді. 

электрокар

Ғалымдар көліктердің қозғалысы үшін электр энергиясын пайдалану жайлы XIX ғасырдан бері ойланып келеді. Бүгінде технологиялардың дамуына орай өнертапқыштардың бұл идеясы жалғасын тауып, оны жүзеге асыру мүмкін болды. 

Қазақстандағы электротранспорт мәселесі

Ресми деректерге сүйенсек, 2021 жылы Қазақстанда 1200 электротранспорт жасап шығару көзделіп отыр. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш екі мыңға дейін артпақ. Мұндай көліктер ішкі нарыққа тасымалданып, шетелге экспортталмақ. Қазіргі күні Нұр-Сұлтанда электромобильдерге арналған 50 қуаттау станциясы орналасқан. 

2021 жылы 4 маусымнан бастап ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің электрлік қозғалтқышы бар автомобиль, автобус және жүк көліктері үшін утилизациялық төлем тағайындалмайтыны туралы бұйрығы өз күшіне енді. Яғни бұл қаулы бойынша ел аумағына өткізілген электротранспорт утилизациялық салықтан босатылады. 

Елімізде электротранспорт жүргізушілерін қолдау шараларының бірі – электромобильдер үшін кедендік мөлшерлеменің жоқтығы. Бұл ереже 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданылады. Қазақстанда электротранспортқа салынатын салық алынып тасталды. Бүгінде Алматыда электромобиль иелері Шымбұлаққа ақысыз кіріп, Көк-Төбеде тұрақты тегін пайдалана алады.

электро

2019 жылы әкімдіктер қаланың инфрақұрылымын дамыту мақсатында  электроавтобустарды енгізу бойынша бірқатар жобаларды іске асырды. Ең алғашқы электробустар Ақтауда іске қосылса, қазір мұндай автобустар Павлодар, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында қатынайды.

Елімізде 48 JAC электромобилінің пилоттық модельдері жасалынды. Бұл модель Еуропалық Одақ пен ЕАЭО техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес болғандықтан, оларды экспорттау мүмкіндігі қарастырылуда. Қазақстанда мұндай көліктің құны 14,9 млн теңгені құрайды.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда электромобильдерді зарядтауға арналған 50-ден бекеттер орналастырылған. Бұған қоса, Ұлттық павильон аумағында орнатылған станцияда бір уақытта 25 электромобильді зарядтауға болады.

"Электротранспорттың дамуы Қазақстанның Париж келісімі бойынша міндеттемелерін орындау үшін климаттың өзгеруіне қарсы күрестің маңызды бөлігі болып табылады. Қазірде Қазақстан неміс мамандарымен бірге төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеу үстінде. Бұл 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына бағытталған іс-әрекеттің іргетасы болмақ. Әзірленген тұжырымдама экологиялық таза көлік түрлерінің дамуы ескеріледі. Бұл шараға көшу қоғамның, бизнестің мүдделерін және мемлекеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы керек. Біз электромобильдер нарығының дамуы электрмен жабдықтау желілерін, қалалардағы электр станцияларын жаңартуға және дамытуға, сондай-ақ өңірлерді заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қосымша шығындарды қажет ететіндігін түсінеміз", – дейді экология, геология және табиға ресурстары вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов Қазақстандағы электротранспорт саласын дамыту туралы.

Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, қалаларда экологиялық көліктердің көбеюіне жағдай жасау үшін бірқатар нақты шаралар қабылдау қажет. Атап айтсақ, Алматыда электромобильге көшу бағдарламасын әзірлеп, қымбат емес электромобильдерге субсидия енгізу керек. Екіншіден, бүкіл қала бойынша электрмен жабдықтау ​​станцияларының инфрақұрылымын құру. Осылайша, 2035 жылға қарай жанармаймен жүретін көліктердің санын әлдеқайда қысқартуға болады. 

Әлем елдерінің электротранспорт саласындағы тәжірибесі

Қазіргі таңда әлем бойынша электромобильдердің сатылымы бойынша Норвегия көш бастап тұр: мемлекетте электр энергиясымен қозғалатын көліктердің саны жалпы елдегі транспорттың 15%-ын құрайды. Сонымен қатар АҚШ пен Еуропаның басқа да елдерінде халық бірте-бірте экологиялық көлікті пайдалануға бет бұруда. Бірқатар мемлекеттерде электр қозғалтқышымен жүретін автомобильдерді сатып алушыларға әртүрлі жеңілдіктер ұсынылып, қарапайым көліктердің қоршаған ортаға деген зияны жайлы жиі насихатталады. 

Көптеген елдерде экологиялық таза көлік түрлерін дамытуға бағытталған мемлекеттік кешенді қолдау шаралары қарастырылған. Мұндай шаралар жаңа көлік түрлері нарығының қалыптасуына, атмосфераға бөлінетін зиянды заттарды азайту үшін қарапайым көліктердің қолданысын шектеуге бағытталған. Автокөліктерден шығатын зиянды газдардың стандарттарын қатаңдату  өндірушілерді көліктің экологиялық түрлерін, оның ішінде гибридті және электр энергиясымен жүретіндерін құрастыруға  негіз болды. 

Бұған қоса, отандық автомобиль өндірушілердің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру және экологиялық таза көлік түрлерін қолдануға ынталандыру үшін мемлекет қолдау көрсетті. 

Мәселен, АҚШ пен Норвегия баламалы энергия көздерімен жұмыс істейтін көлік құрастыру және бұл үшін қажетті инфрақұрылымды дамыту саласындағы зерттеулерге инвестиция құйып, гранттар бөлді.

Қазіргі таңда электромобильдерге сұраныс бірқатар шаралардың арқасында артты: 

  • автомобиль сатып алушыларға жеңілдік жасау (Мысалы, Жапония мен АҚШ-та қаржыландыру федералды және аймақтық деңгейде қамтамасыз етіледі);
  • автомобильдер сатып алуға салынатын бір реттік салықтар мен жылдық көлік салығын азайту немесе босату;
  • мемлекеттің экологиялық көлік түрлерін сатып алуы;
  • электромобильдер үшін ақысыз автотұрақтар ұсыну;
  • электромобильдер үшін арнайы қозғалыс жолақтарын қарастыру және жүргізушілерге жолдарды ақысыз пайдалану мүмкіндігі;
  • такси операторлары мен автокөлік жалға беретін компанияларға электромобильдерді сатып алуға ынталандыру.

Мемлекеттің экологиялық таза көлік түрлерін дамыту және жаңа технологияларды құру жөніндегі бастамаларын іске асыру нәтижесінде АҚШ, Жапония, Норвегия, Нидерланды және Ұлыбританияда электротранспорт нарығы айтарлықтай артқан. 

Canalys аналитикалық компаниясының мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылы электромобильдердің дүниежүзілік сатылымы 2019 жылмен салыстырғанда 39%-ға өсіп, 3,1 млн бірлікке жеткен. Сонымен қатар жеңіл автомобильдердің нарығында 2020 жылы көлік сатылымы 14%-ға төмендеген. Сарапшылардың пікірінше, электроқозғалтқышы бар темір тұлпарға деген сұраныс экономикалық қиын жағдайларға қарамастан 2021 жылға дейін жалғасын табады.

Электромобильдер 2020 жылы жалпы сатылымның шамамен 5%-ын құраған, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 7%-ға дейін көтеріліп, 5 миллионға дейін жетуі мүмкін. 2020 жылы қытайлық және еуропалық нарықтарда шамамен 1,3 миллион электромобиль сатылыпты, бұл АҚШ-тағы осындай көліктердің сатылымынан төрт есе көп.

Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2030 жылға қарай әлемдік автомобиль сатылымының жалпы көлеміндегі электромобильдердің үлесі 60%-ға дейін өседі, ал алдағы 10 жылда әлемдегі жолдарда әрбір бесінші көлік электромобиль болмақ. 

Электротранспортқа көшудің маңызы неде

Электромобильдердің басты артықшылығы – олардың қалалардағы ауа сапасын жақсартуға қосатын үлесі. Электрлі қозғалтқышы бар көліктер ауаға көмірқышқыл газын бөлмейді. Яғни бұл электротранспорт ауаның ластануын айтарлықтай төмендетеді деген сөз. Бір жыл ішінде бір электромобильдің өзі орташа есеппен ауадағы 1,5 миллион грамм көмірқышқыл газының төмендеуіне ықпал етеді. Өз кезегінде бұл тыныс ауру жолдарының ауруларының азаюына, озон қабатын сақтауға жағдай жасайды. Мұнымен қоса, электромобильдерді қолдану жаһандық жылынуды баяулатуға септігін тигізеді. 

Электромобильді зарядтауға кететін электр энергиясының құны бірдей қашықтықта жүрген қарапайым көлікке құйылатын жанармайдан 40%-ға арзанырақ. Ал, егер электрокар күн көзінен немесе ақысыз станцияларында қуатталса, онда көлік шығыны тіпті төмендейді. 

Қорытындылай келе, электротранспортты қаланың инфрақұрылымына негізделген көлік деп атауға болады. Алдағы уақытта электромобильдердің әлемдегі үлесі артатыны сөзсіз, бұл тенденцияны қазірдің өзінде байқауға болады. Сол себепті де электротранспорт нарығының дамуына және халықты электромобильге көшуге ынталандыру үшін мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі қажет.

Талқылау