Қазақстанда құрылыс саласындағы отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жаңа онлайн-платформа құрылады
Қазақстанда тұрғын үй сапасын арттыру үшін құрылыс материалдарын жақсарту ұсынылды. Бұл мәселе мемлекет басшысының Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелері жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы баспасөз маслихатында көтерілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алтай Күздібаев бүгінде құрлыс материалдарын сатып алу мәселесіне ерекше мән беріліп отырғанын айтты. Сондықтан бұл саланы оңтайландыру үшін онлайн-платформа құрылмақ.
"Қазіргі уақытта Қазақстан тұрғын үй компаниясы "Нұрлы жер" бағдарламасына сәйкес баспана құрылысындағы қазақстандық құрылыс материалдарының үлесін ұлғайту үшін онлайн-платформаны дамытып жатыр. Мұнда елдегі барлық қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілер өз өнімдері туралы ақпаратты орналастыра алады, ал құрылыс компаниялары қажетті қазақстандық материалдарды делдалсыз ең жақсы бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болады", - дейді Алтай Күздібаев.
Оның сөзіне сүйенсек, 2020 жылы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынып жатқан 106 жылжымайтын мүлік объектілерінің электронды қаржы жоспарына талдау жасалған. Бұған қоса, айтылған 106 нысанның құрылыс материалдарына 51,4 млрд теңге қажет екен.
"Сондай-ақ, біз "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша құрылыс ұйымдарының материалдарына қажеттілік көрсеткішін бақылау үшін онлайн-витрина құрастырдық. Бұл арқылы отандық өндірушілер тек құрылыс материалдарын көріп қана қоймай, тіркелу арқылы мекемелерге коммерциялық келісім жолдай алады. Өз кезегінде құрылыс ұйымдары мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасында осындай байланыс орнатылады", - деп қосты басқарма төрағасының орынбасары.
Қазіргі таңда жаңа жүйе www.stroimaterial.kz сайтында сынақ режимі ретінде іске қосылған.
Мұнымен қатар, Алтай Күздібаев елімізде құрылыс материалдарын сатып алу үшін онлайн-аукциондар ұйымдастырылатынын сөз етті.
Қажет болған жағдайда онлайн-аукциондардың алгоритмі мен қызметі алдын ала әзірленетінін атап өткен ол жүйенің барынша қолданушыларға ыңғайлы болатынын да ескертті. Сөзінше, жаңа платформа құру арқылы мынадай тиімді нәтижелерге қол жеткізуге болады:
- "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша баспананың өзіндік құнының төмендеуі;
- Қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілерді қолдау, аталған бағдарламаға сәйкес, қазақстандық құрылыс өнімдердің үлесін арттыру;
- Қаржы жоспары мен қазақстандық кәсіпкерлер ұсынатын нарықтық баға сараптамасының онлайн-жүйеге өтуі;
- Құрылыс материалдарының бағасын оңтайлы түрде бақылау;
- Қазақстандық өнімнің баспана құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдағы үлесін бақылау.
Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі баспананың бағасын қалай тұрақтандыруға болатынын мәлім еткен еді.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
