Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"5 балам бар": Алматыда хостелдегі 13 адамның өліміне қатысты сотта айыпталушы бас бостандығынан айырмауды сұрады

Алматы хостелі 13 адамның қазасы

Фото: Stan.kz

Алматыда хостелдегі 13 адамның өліміне қатысты сот отырысында сотталушылар соңғы сөзін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2023 жылы 30 қараша ALA Hostel-ден өрт шығып, 13 адамның өмірін жалмаған еді. ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедияров пен "Гидсервис" компаниясының иесі Александр Пекельникке өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды деген айып тағылып отыр. Прокурор Әділбек Мұхамедияровты 5 жылға бас бостандығынан, ал Александр Пекельникті 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

27 маусымда Алмалы аудандық сотында іс бойынша жарыссөз өтті. Сотталушылардың адвокаттары бірнеше адамның өліміне жауаптыларға айып тағылмағанына келіспейді. Әділбек Мұхамедияровтың адвокатының сөзінше, олар ғимаратты "Куса халық" ЖШС-дан жалға алған. Сол компания оны өрт қауіпсіздігінің барлық талабы орындалғанын айтып сендірген.

Алматы хостелі 13 адамның қазасы

Фото: Stan.kz

Александр Пекельниктің қорғаушысы Карина Сейітқожанованың айтуынша, өрт қауіпсіздігі жүйесі 2022 жылы орнатылған, бұл кезде құжат бойынша ғимарат тұрғын үй болмаған. Яғни ол ғимараттың пайдалану мақсаты өзгергенін білмеген, онда хостел болатынынан хабардар болмады.

Сотталушы Мұхамедияров соңғы сөзінде 5 баласы, егде жастағы ата-анасы барын алға тартып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

“Мүмкіндігінше жәбірленушілерге материалдық көмек көрсеттім. Кейін де оларға қаржылай қолдау көрсетуге дайынмын. Сол үшін жұмыс істеп, оларға ақшалай көмек беруге мүмкіндік беруіңізді сұраймын. Әділ шешіміңізге сенемін”, – деді ол.


"Матрастармен шығу жолын жауып тастаған": Алматыда хостелдегі 13 адамның өліміне қатысты сотта прокурор айыптарды оқыды


"Ұлымды көрмегеніме 1,5 жыл болған еді": Алматыда хостелде қаза тапқан 19 жастағы жігіттің анасы желіде жазба жариялады


Ал Пекельник оның әрекеті адам өліміне тікелей себепші емес екенін айтты.

“Иә, “Куса халыққа” қызмет көрсету кезінде есеп-қисапта, келісімшарт кезінде қателер болды. Бірақ оның хостел қызметіне қатысы жоқ. Ол ғимаратта адамдар тұратынын, хостел барын білмедім. “Куса халық” менің қызметімді қабылдап алып, қол қойды, ақшасын аударды. Мамандар, жәбірленушілердің өзінің маған наразылығы болған жоқ, олар да түсініп отыр. Менің бұл қазаға қатысым жоқ”, – деді Пекельник.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Жандос Палманов та сотқа барлық күдікті тартылмағанын айтты. Сөзінше, хостелдегі өртке темекі тұтануы себеп болды. Яғни қасақана өртеу бойынша қылмыстық істің қозғалғанын талап етеді. Сондай-ақ ғимаратты жалға берген “Куса халық” та жазасын алуы керек деп санайды.

Алматы хостелі 13 адамның қазасы

Фото: Stan.kz

“8,5 айға созылған сот процестерінде Еркін Таңжарықов есімді адамның темекі тұқылын матрасқа тастағаны айтылды. Ол қазір басқа қылмыстық іс бойынша жазасын өтеп жатыр. Ал мына істе оның қасақана өртегені туралы дерек бар, қылмыстық іс қозғалды, ол күдікті деп танылды. Алайда жақында Алмалы аудандық полициясы қандай себеп екенін түсіндірмей, қылмыстық істі қысқартты. Мұның бәрі күмән туғызады. Осы жайт бойынша прокуратураға шағым жолдадық”, – деді Палманов.

Сондай-ақ адвокат мемлекеттік айыптаушының екі сотталушыға өте жеңіл жаза сұрағанын айтады.

“Бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оларға ұсынылған жазаның ең азын ұсынып отыр. 13 адамның қазасы үшін бұл өте жеңіл жаза”, – деді ол.

Жәбірленуші тарап сотталушылардан моральдық шығын ретінде 20 миллион теңгеден талап еткен.

Еске салсақ, 2023 жылы 30 қараша күні Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адамның қаза тапқаны туралы жазған едік. Қаза тапқандардың ішінде 4 шетел азаматы да бар.

Қырмызы Скендирова
Жұма, 27 Маусым, 2025 12:14
Талқылау