Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Таңертең жұмысқа кеткен баламның кешке мәйітін алдық": Жаңаөзендік мұнайшы белгісіз жағдайда көз жұмды

"Өзенмұнайгаз" компаниясының "Бұрғылау жұмыстары" басқармасына өз аяғымен жұмысқа кеткен мұнайшының өлімі туыстарына жұмбақ болып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Төртінші дәрежелі оператор қызметін атқарған Жұмабек Жамаловтың өмірден өткеніне бүгін он сегіз күн. Бірақ оның қандай жағдайда қайтыс болғаны әлі белгісіз. "Өзенмұнайгаз" компаниясы қызметтік тексеріс бастаған көрінеді. Ал марқұмның туыстары компания басшылығымен тілдесе алмай отыр.

Марқұмның анасының айтуынша, 10 қаңтар күні Жұмабек түнгі ауысымға жұмысқа барған кезінде соңғы рет хабарласқан. Осыдан кейін туыстары оның денесін мәйітханадан бір-ақ тауыпты. Айтуларынша, мәйітті көруге рұқсат бермеген. Тек жерлеу кезінде Жұмабектің денесінде жарақаттың бар екенін байқаған. Сондықтан да жақындары бұл өлімнің күмәнді екенін айтады.

"Балам 10-ы күні екінші ауысымға жұмысқа кетті. Маған телефон соғып хабарласып еді "Мама, уайымдама, жұмыстамын" деді. Содан кейін таңғы сағат төртте маған тумаласым телефон соғып "балаңыз больницада жатыр" деді. Больницаға жүгіріп барсақ больницада моргте жатыр екен. Баламның өліміне жазықты адамдар заңды түрде жазаланса екен деймін", - дейді марқұмның анасы Разия Түлкібаева. 

"Қалай қайтты, не болды әлі анық-қанығын ештеңе айтып жатқан жоқ. Одан бері міне жиырма күн өтті ешқандай нәтиже жоқ. Тіпті, үстіндегі киіп кеткен киімдерін де бермей жатыр", - дейді марқұмның жұбайы Дариға Базарбаева. 

Марқұмның туыстары "жұмыс уақытында қаза тапқан Жұмабектің өлімі жөнінде компания ешнәрсе айтпады, тіпті хабарласпады" дейді. Ал "Өзенмұнайгаз" компаниясы өз қызметкерлерінің 10 қаңтар күні түнгі он екілер шамасында жұмыс орнынан рұқсатсыз кетіп қалғанын айтады. Қызметкер еңбек шартындағы тәртіпті бұзғандықтан, оның қазасына компания жауап бермейді, дейді олар. 



"Осы іс бойынша қазіргі таңда қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр компанияда. Марқұмның жанұясына 291 мың 700 теңге материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, «Өзенмұнайгаз» акцинерлік қоғамы Жамалов Жұмабектің банктен алған несиесін өтеу мақсатында 5 миллион 572 мың теңге қаражат бөлу жөнінде шешім қабылдады", - дейді "Өзенмұнайгаз" АҚ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Әділ Сүйебай. 

Жаңаөзен қаласының көпбейінді ауруханасында Жұмабек Жамаловтың мәйіті 11 қаңтарға ауысқан түнгі сағат екіде жеке көлікпен жеткізілгенін мәлімдеді. Одан басқа ешқандай ақпарат жоқ. Асыраушысынан айырылған Жұмабектің туыстары енді компанияға отбасынан бір адамды қызметке орналастыруын талап етеді.

Талқылау