"АҚШ-та сайлау аяқталса, доллардың 500 теңгеге баруы ғажап емес": Шетелдік валютаның тұрақсыздығы қашанға дейін жалғаспақ?
Соңғы уақытта қазақстандықтардың мазасы доллар бағамының тұрақсыздығына байланысты кеткені белгілі. Шетел валютасы көтеріле бастағанда ақша айырбастау пункттеріне ағыла бастағандар да табылды. Теңге осы жылы тағы бір мәрте құнсызданып кетуі мүмкін бе? Доллардың тұрақсыздығы қашанға дейін жалғаспақ? Біз бұл туралы қаржы сарапшыларынан сұрап білдік.
Бүгін 7 қазан күні доллар бағамы түсе бастаған сыңайлы. Ұлттық банктің сайтының мәліметтеріне сүйенсек, доллар бағамы 429.46 теңгені құрапты. Алматылық ақша айырбастау пункттерінде долларды 428.9 теңгеге сатып, 430.3 теңгеге сатып алуға болады.
Қаржы маманы, Tickmill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаевтің сөзінше, доллардың белгілі бір шекте толқуы қалыпты құбылыс. Бұған қоса ол осы жағдайды пайдаланып, доллар сатып алып жатқандар еш пайда таппайтынын алға тартады.
"Қазір доллардың тұрақсыздығынан қорқып, ақша айырбастау пунктеріне ағылудың қажеті жоқ. Егер сіз бұл уақытқа дейін ұзақ мерзімде инвестиция жасауды ойластырып жүрсеңіз, әрине, оның ерте-кеші жоқ. Бірақ сіз арзанға сатып алып, кейін қымбатқа сатамын деп жүрсеңіз, бұл - орынсыз шешім. Доллар ешқашан бір қалыпта тұрмайды", - дейді сарапшы.
Айтуынша, алдағы уақытта көктемдегі сценарий қайталанып, теңге қайтадан құлдырап кетуі екіталай.
- Қазақстанда коронавируспен күреске бөлінген 727,5 миллион доллар қайда кетті?
- Ақшаны сақтауға ең тиімді валюта аталды
"Көктемде теңгеміз құнсызданып кетті. Бұған себеп - әлем елдерінің жаппай карантинге жабылуы, бизнеске тосқауыл қойылуы. Дегенмен алдағы күндері айтарлықтай қатаң карантин қайтадан орнайды деп айта алмаймын. Мүмкін, кейбір кәсіпорындардың жұмысына шектеу қойылса да, бұл айтарлықтай валютаға әсер етпейді. Карантин жарияланған күні мұнай өндірісі де тоқтайды. Бұл қара алтынға сұранысты азайтады. Ал егер мұнай сатылмаса, валюта бағамы өзгермейді. Тіпті, жағымсыз сценарий бойынша, доллар ары кетсе 440 теңгеге дейін баруы мүмкін. Бірақ одан жоғары болмайды", - деп қосты ол.
GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық та доллар бағамының күз айларындағы тұрақсыздығы - соңғы жылдары қайталанып тұратын қалыпты процесс екенін тілге тиек етті.
"Мемлекеттің қаржы саясатына орай, теңгеміз жылдың соңына дейін тұрақсыз болады. Оның бірде түсіп, бірде көтерілуі - таңғаларлық емес дүние. Бірақ ұзақ мерзімде теңгеміз тек одан әрі құнсыздана береді. Сондықтан қаражатыңыздың көп бөлігін шетелдік валютада сақтаған дұрыс. Ал күнделікті өміріңізде жарататын ақшаңызды теңгемен ұстаңыз", - дейді Мақсат Халық.
Сондықтан ол қаржыны бөліп сақтауға кеңес береді.
"Ақшаңызды әрдайым әртүрлі валютада сақтаған жөн. Қазіргі таңда доллардың тұрақсыздығына қарамастан қаржатыңызды тек долларда ғана емес, одан бөлек тағы екі валютада (теңге, еуро) сақтаған жөн. Мысалы, қазір юань, британдық фунт сатып алып жатқандар да бар. Тоқетерін айтқанда, долларға сенуге болмайды", - дейді сарапшы.
Сондай-ақ, экнономист доллардың құбылуына себеп - қазіргі АҚШ-тың саясаты әсер ететіні алға тартады. Қаржы маманының сөзіне сүйенсек, егер қазір АҚШ-тың федералды резервтер жүйесі доллардың шектік бағамын төмен түсірмегенде, шетел валютасының құны 500 теңгеге дейін барар еді. Десек те бір айдан кейін Құрама Штаттарда өтетін сайлаудан кейін теңгенің құлдырап кетуі ғажап емес, дейді сарапшы.
Дайындаған: Дидар Халық

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
