Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қалталы азаматтар тұрады: Шымкенттік сәулетші жаңадан салынатын тұрғын үй талапқа сай емес деп наразы

Шымкентте әлі бастала қоймаған құрылысқа қарсы шығушылар көбейді. Олар жасыл аймақ белдеуіндегі шұрайлы жерге он екі қабатты биік үйлердің түскенін қаламай отыр. Сарапшылар алдымен демалыс аймағына биік үйлер салу бас жоспарға қайшы десе, кейін қала көшелеріне түсер салмақ күрт артып кетеді деп отыр.

Ал қала басшылығы болса, шаһар дамып келеді, бас жоспар бекітілген уақытта Шымкенттің мегополис болатыны белгісіз еді деп ақталып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға бағдарламасына сілтеме жасап.  

Шымкенттегі ипподромның талапқа сай еместігі соңғы кезде жиі айтыла бастаған. Оның сайда орналасуы жылқылардың тыныстауына ауыр деген пікір де бар. Ескіргені тағы бар. Енді сол орынға қала әкімдігі көп қабатты тұрғын үйлерді тұрғызуды жоспарлапты. Ал сәулетші Асқар Сымайылдың пікірінше, саябақта, рекреациялық аумақта тұрғын үй салуға болмайды. Сондықтан қала әкімдігі де, сәулет басқармасы да заңды өрескел бұзып отыр дейді.

"Оның үстіне бұл жерге салынатын ғимараттың барлығы элиталық тұрғын үйлер. Ол жоғарғы класты тұрғын үй. Бұл дегеніміз сіз бен біз секілді қарапайым адамдарға тимейді деген сөз. Қалтасы қалың азаматтар пәтер жалдап тұратын болады", - деді сәулетші. 

Сарапшы маманның пікірінше, бос жатқан жер көп. Ал жасыл аймақ белдеуіне көз салуда үлкен азаматтардың қызығушылығы жатыр деп топшылайды. 

Ал сәулет басқармасы инвесторларды үркітіп алмай, көніп тұрған сәтін ұтымды пайдалану керек деп есептейді. Жасыл аймақтан 30 гектар бере отырып, 100-ден астам млрд қаржы тарта аламыз дейді. Ұсыныс нақты бекітілген жоқ, егжей-тегжейлі жоспар жасалынады деп отыр. 

"Оның бәрін жай ғана тұрғыза салмайды. Қайта қарайды, есептейді. Халықтың жағынан да ұсыныс болады, оны да қарайды. Барлығы талданады", - дейді сәулет, қала құрылысы және жер басқармасының орынбасары Нұрлан Архабаев. 

Егер ұсыныс мақұлданса, онда алпауыт компания тұрғызатын 12 қабатты үйді саусақпен санай алмайсыз. Оның құрылысын премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бақылауға аламыз деп уәде етті. Айтпақшы, осы компания жаңа ипподромды басқа орынға салып беруге ниетті дейді әкімдіктегілер. 

STAN.KZ
Жұма, 11 Қыркүйек, 2020 19:24
Талқылау