Қазақстандағы қашықтан оқыту жүйесі өскелең ұрпақтың білімсізденуіне алып келеді - сарапшылар
Қазақстан карантин жағдайында қашықтан оқытуға дайындалып үлгермей жатыр. ЮНЕСКО сарапшылары шенеуніктер оқушыларды үйден қалай оқытуға болатынын білмей, дал болып отырғанын айтады. Қашықтан білім беру, әсіресе, ұстаздарға қиынға соққаны белгілі. Себебі кейбір оқушылар жаңа сабақты түсінбей қалып қояды. Бұған қоса аймақтарда орналасқан ауылдарда интернет жоқтың қасы. Міне, осының салдарынан елімізде еңбек нарығында қауқарсыз, білімсіз ұрпақ өсуі мүмкін дейді мамандар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Альмира Күзеубаеваның төрт баласы бар, олардың екеуі мектепке барады. Сөзінше, баласы мен қызында ескі телефоннан басқа онлайн оқуға арналған ешнәрсе жоқ. Ал ертең жаңа оқу жылы тағы қашықтан болатынын ойласам, төбе шашым тік тұрады, дейді ата-ана.
"Менің қызым, оқу жылы аяқталғанша жылап шықты. Бір сабақты жазбай жатып, екінші сабақ басталып кетеді. Ешнәрсеге үлгермей қалады. Whatsapp-пен ескертеді. Сөйтіп-үйтіп ана екеуіне үлгергенше үшінші сабақ басталады. Оның үстіне үйіміз тар, абыр-дабырда балаларым сабақ жаза алмайды. Әрине, олардың мектепте оқығанын қалаймын. Өйткені мектепте мұғалімдер балаға сабақты жақсы түсіндіреді ғой", - дейді ол.
Бұған қоса ол қашықтан оқыту отбасылары үшін қымбатқа соғатынын жеткізді. Айтуынша, айына интернеттің өзіне кем дегенде 7 мың теңге жұмсалады екен. Көпбалалы отбасы үшін бұл үлкен ақша. Күйеуі болса, пандемия салдарынан жұмыстан шығып қалыпты. Ал 42 500 теңгелік жәрдемақы анда тартса, анда жетпейді, мында тартса, мында жетпейді.
"Айына 2500 мың теңгеден ақша саламын. Мегабайт жетпей қалып жатады. 20 күнге жетіп жатса, қуанамыз. Сабақ көп береді, кейде телефонда бос орын таусылып қалады. Ал біздің үйге интернет тартатын шамамыз жоқ" , - дейді Альмира Күзеубаева.
Үкімет оқушыларға арнап ұялы байланыс үшін 990 теңгелік жаңа тариф шығарамыз деп уәде беруде. Алайда шенеуніктер бұл тарифке қосылу шарттарын әлі жарияламады. Сарапшылар интернет жалғыз мәселе емес дейді, себебі еліміздің білім және ғылым министрлігінің өзі не істерін білмей дал.
"Ұстаздардың жетіспеушілігі бар. Бұл бір сұрақ. Екініші сұрақ, бар ұстаздардың өзі қашықтан білім беру форматында жұмыс істей алады ма? Олар техникалық жағынан жабдықталған ба?" - дейді ЮНЕСКО сарапшысы Василий Шахгулари.
Білім министрі Асхат Аймағамбетов ұстаздар мен оқушыларға компьютер жетіспей жатқанын мойындады. Жарты миллион оқушының интернетке қосылуына мүмкіндіктері жоқ екен. Десек те шенеунік жаңа оқу жылы басталғанша бұл мәселелерді шешіп үлгереміз дейді. Ал кейбір балалардың мектепке баруларына рұқсат беріледі.
"Эпидемиялогиялық жағдайы жақсы алыс өңірлерде оқушылар дәстүрлі түрде мектептерге барып, білім ала алады. Сонымен қатар ата-аналардың өтініші бойынша бастауыш сынып оқушыларына арналған кезекші сыныптар ашылады. Бұл жағдайда бір сыныптағы балалардың саны 15-тен аспайды, оларға тек бір мұғалім сабақ береді", - дейді Аймағамбетов.
Қазақстанда екі жарым миллионннан астам оқушы қашықтан білім алады. Бірақ бұл қалай жүзеге аспақ? Әлемдік банк сарапшылары онлайн білім беру өскелең ұрпақтың білімсізденуіне алып келетінін айтады. Әсіресе, қашықтан оқыту тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар үшін қиынға соқпақ.
"Отбасының ақшалай мүмкіндіктеріне қысым түседі. Сол себепті әлеуметі төмен жанұядан шыққан балалар жоғарғы білім ала алмауы мүмкін. Өйткені көптеген адамдар жұмыстарынан босап қалған, олар балаларын ақылы түрде университетте оқытуды қамтамасыз ете алмайды", - дейді Орта Азиядағы әлемдік банктің білім беру саласының сарапшысы Айша Вауда.
Сол себепті мамандар пандемия аяқталғаннын өзінде бірден бұрынғы мектеп бағдарламасына көшуге болмайтынын жеткізді. Балалардың білім сараланып, олардың әрқайсысына өзіндік сабақ жүргізу тәсілі жасалуы қажет. Себебі бала қашықтан оқу кезінде жіберіп алған тақырыптарын түсініп шыққаны жөн.