"Мақсатым - Қазақстанға туристер ағылатындай бірегей сәулет өнерін қалыптастыру": Әлемдік брендтермен жұмыс істейтін сәулетші жұмысы жайлы
Болат Салтуреев - қазақстандық сәулетші-дизайнер. Қазақстандағы KFC, Hardee’s, Costa coffee, Pizza Hut брендтерінің архитектурасы мен дизайнын жасап шыққан. Басты мақсатым - туристер Қазақстанның архитектурасына қызығып келетін жерлерді ойлап табу дейді ол. Болат Stan.kz редакциясына берген сұхбатында танымал брендтердің дизайнын қалай жасағаны, "Жеті сиқырлы қонақүйлер" пилоттық режимдегі жобасы жайлы және архитектор болу үшін не керектігін айтты.
Архитектура саласында сегіз жылдық тәжірибесі бар Болат негізгі базалық білімді отандық оқу орны бергенін айтады. Осы уақыт аралығында сәулетші маман 90-нан астам объектілердің архитекурасы мен дизайнын жасап шыққан.
Жеті жылдың ішінде 90-нан астам объект
Архитектура мамандығын Қазақстанда және Малайзияда оқыдым. Өзім Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласының тумасымын. Алматы Құрылыс және менеджмент колледжін бітіргенмін. Биыл ол оқу орнына 90 жыл толды, ал Совет кезінде мықты оқу орындарының бірі болды, білімді профессорлар сабақ берді. Конструкция, технология, экономиканы жақсы үйрететін. Ғимараттарды салудың қыр-сырын осы колледжде үйрендік деп айтуға болады.
Americana Group Қазақстан компаниясында (The caspian international restaurants company) бас сәулетші болып жұмыс істедім. Ол жерде мен Қазақстан бойынша төрт брендке жауап бердім: KFC, Hardee's, Costa coffee, Pizza Hut. Жеті жылдың ішінде 90-нан астам қоғамдық тамақтану саласындағы объектілерді бітірдім, одан бөлек басқа да объектілер де бар.
Құрылыс мамандығы бойынша жұмыс істеп көрдім, бұл сала менікі емес екенін түсінген соң, Малайзияда, Таразда архитектураны қайта оқып алдым. Малайзиядағы бір жарым жылдық оқу адамның креативтілігін ұштауға басымдық беретінін түсіндім. Онда қиялға шектеу жоқ, конструкция, ғимарат, макеттерді жасауда ой еркіндігіне шектеу қоймайды.
Өзімді сәулетші ғана емес, сәулетші-дизайнер ретінде есептеймін
Қазіргі қоғамда интерьер дизайнерлерін көп кездестіруге болады, сондықтан кең таралмаған мамандық деп есептемеймін. Біздің жұмыс көзге көрінетін жұмыс. Қазақстан бойынша KFC, Hardee's, Costa coffee, Pizza Hut брендтерінің интерьерін толықтай өзім сызып шыққам деп айта аламын.
Бұл брендтер франшиза болғандықтан, өзінің стандарттары бар. Әрқайсысының конфигурациясы әртүрлі болады. Креативті қосып, СЭС талаптарын сақтау керек.
Жалпы бір объекті жасау үшін ең алдымен ол өлшенеді, одан кейін оның технологиясын жасау керек. Ас үй бөлмесін бітірген соң, интерьерін, фасадын франшизамен келісе отырып жасаймын. Одан кейін құрылыс жұмыстарын бастан-аяқ өзім қадағалаймын. Материалдарды тексеріп, келісемін. Кез-келген жобаның қиындықтары болады. Одан бөлек мейрамханалар, киім бутиктерінің, пәтерлердің де интерьерін, архитектурасын жасаймын.
Қазір Black star burger, Ninety One-ның “Muzz” деген брендін дамытуға көмектесіп жатырмын.
Ең алдымен брендтің тарихын зерттеу керек
Жұмыс жеңіл болу үшін ең алдымен брендтің тарихын біліп алу керек: не қолдануға болады, болмайды. Әдетте, мен өз ұсынысымды, ойымды айтамын және одан тайынбаймын.
Маған архитектурада екі бағыт жақын: QSR (жылдам тамақтану объектілері), және HoReCa. Кофеханалар, жедел тамақтану орындардың дизайны мен архитектурасын жасаған ұнайды. Хорекаға пәтерлер, қонақүйлер, мейрамханалардың дизайны мен сәулеті кіреді. Бұл салада қызмет ұсынатындар: соның ішінде толықтай дизайны, технологиясымен жасап беретіндер аз. Ал интерьер дизайнында бәсекелестер көп.
- Қазақстанның 5 көрікті жері ресейлік National Geographic журналына енді
- Қазақстанның көрікті жерлері: Еліміздегі ең үздік 50 туризм орындары қандай
Жеке адамнан гөрі, заңды тұлғамен жұмыс істегенді ұнатамын. Жеке тұлғалармен жұмыс істегенде құбылмалылыққа тап боласың. Бір күн мына дизайнды ұнатса, екінші күні басқасын ұнатып тұрады.
Бір жолы осындай тапсырыстардың бірінде пәтердің дизайнын келісіп қойған соң үйдің иесі түрік телехикаясын көріп, сол жердегі люстраны ұнатып қалғанын айтты. Соны қойғым келеді деп қоймады. Сонымен не керек, сол телехикаяны көріп, люстрасын қарап, дәл осындай түрін алдыруға тура келді. Осы сияқты жағдайлар орын алғандықтан заңды тұлғалармен жұмыс істеген әлдеқайда жеңілірек, себебі олар техникалық тапсырыс бекітеді. Сол бойынша дизайнын нақты жасаймыз.
Архитекторға қажетті қабілеттер
Сызу қабілеті болу керек. Екіншіден, визуализация жасай алу қажет. Мысалы, мен адамға пәтердің дизайнын сөзбен түсіндірсем, ол соны көз алдына елестете алу қажет. Сурет салу, коллаборациялық жұмыс та маңызды.
Басты мақсатым - туристер Қазақстанға архитектурасына қызығып келетіндей орындарды ойлап табу
Біз өзіміз көшпенді халық болған соң қазақтың архитектурасы дегенде ең алдымен көз алдымызға киіз үй келеді. Қазір қазақстандық дизайн деп сурет салатын болса, бірден киіз үйден, шаңырақ, керегеден бастайды. Дегенмен, қазір шығып жатқан архитекторлар транформация жасауға тырысып жатыр. Базасы киіз үй, бірақ екі қабатты етіп басқаша түр беріп жатқанын байқауға болады.
Бізде Қазақстанда Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркменстанның Ашхабад қаласымен салыстырсаңыз ол жақтағы барлық ғимараттар мәрмәрдан салынып жатыр. Бұл дегеніміз осы ғимараттар 200-300 жыл тұрып береді деген сөз. Демек бұл тарихи мұра ретінде қалады. Сондай-ақ Ашхабадтағы әр үйдің өзінің жеке территориясы бар, бір-біріне тығыз орналаспаған. Тура сондай қаражатқа бізде тығыз орналасып салынып жатыр. Ғимараттарды салған соң тарихта қалатындай етіп салған дұрыс. Бір Нұр-Сұлтанның өзінде әр қаланың стилін, архитектурасы көруге болады. Ең көңілім толмайтыны - жолдың сапасы.
Басты мақсатым - Қазақстанға туристер архитектурасына қызығып келетіндей орындарды ойлап табу. Кез-келген адам сол жерге барып, демалғысы келетіндей жерлер салу. Ол адамдар көп баратын жер болуы керек.
"Жеті сиқырлы қонақүйлер"
"Жеті сиқырлы қонақүйлер" жобасы Қазақстанның жеті жерінен болады. Шарын, Бурабай, Каспий жағасы, Маңғыстау үстірті, ормандар, және ШҚО-да Алакөл.
Жетеуі - жеті түрлі, өз бетінше ерекше болады. Мақсаты - Қазақстанның әдемі жерлеріне туристерді тарту. Екіншіден, сол туристерге сапалы қызмет беру.
Мысалы Шарынға Марс ғаламшарына ұқсайтын тұстары болғандықтан қонақүйлерді капсула тәріздес етіп жасадық. Дүниежүзінде осыған ұқсас қонақүйлер бар, бірақ біз солардың ішіндегі ең жақсысын жасадық деп ойламыз.
Жоба - автономды, жерден және күн сәулесінен алатын электр қуат алатын генераторлармен жабдықталған. Жазда кондиционері қосылып тұрады, ал қыста жылу беретін конвертерлер істейді. Нөмірдің ішінде екі адамға арналған төсек, интернет, үстел, диван, аристон қарастырылған. Одан бөлек, әр нөмірде скафандр және телескоп болады. Өзіңізді Марстағыдай сезінесіз. Келушілерге квадроцикл ұсынып, тематикаға сәйкес безендіріп қоюға болады.
Барлығы 25 бес жұлдызды капсула, оның екеуі қызметкерлерге арналған, қалғаны қонақтарға арналған нөмірлер болады, онда үш реттік тамақ беріледі. Әр капсуланың Қазақстан, Ресей, Түркия деген сияқты аттары болады.
Бұл идея маған 2018 жылы Мысырда жүрген кезде келді. Содан кейін біраз уақыт қалып кетті. Бертінде карантинде жобаны бастап, сызып, командамен алып шықтық.
Көпшілігі “бізге жоқ нәрсе керек” деп ойлайды
Мені жиі мазалайтын мәселе Қазақстан бойынша бірегей объектілердің жоқтығы. Мәселен, қарапайым велосипедті алайық. Жаңалық ашып, қайта жаңадан велосипедті құрастыру емес, оның басқаша түріп ойлап табуға болады. Құрастырмалы немесе жылдам жүретін деген сияқты.
Жылына кем дегенде екі рет шетелге шығып тұруға тырысам, идеяларды сол жақтан аламын. Қазақстанға алып келіп, одан сайын дамытатын идеялар болады. Бізде қазақтардың кемшілігі - бір жерден алып келіп жасасақ, "көшіріп алған" дейді. “Бізге жоқ нәрсе керек” дейді, сол себепті біз елде жоқ нәрсе іздеп жүреміз. Бар нәрсені жетілдіріп, трансформация жасауға болады.
Ғимаратқа түр беретін, жан бітіретін - сәулетші
Мен барған қалалардың ішінде Ыстамбұл жүрегіме ең жақыны. Архитектурасы өте керемет, себебі ол жерде бірнеше империя болған. Одан кейін тарихы тереңде жатқан ғимараттардың архитектурасы керемет көрінеді. Мысалы, Мысырда Бейбарыс ханның мешітін көрдік. Ал бір Каирда он мыңнан астам мешіт бар.
Заманауи қалалардан Нью-Йорк, Дубай, Куала-Лумпур қалалары ерекше ұнайды. Жақсы ойластырырылған жоба әрқашан өзінің жақсы нәтижесін береді.
“Құдай жерді жаратты, қалғанының бәрін құрылысшылар салды” деген сөз бар. Бірақ құрылысшылар өздері бәрін ойластырып салмайды. Идеяны, қалай салу керекігін айтатын архитекторлар. Ғимаратқа түр беретін, жан бітіретін, бірегей ететін, функционалды жұмыс істетуі - сәулетшінің мойнында.
Ғимараттың әдемі болып шығуына кедергі болатын - тапсырыс беруші
Біздің бір кемшілігіміз, тек тапсырысты орындаумен шектелеміз. Ал бірақ өзің іштей ойлап жүрген объектіңді жүзеге асыра бермейміз. Оны жан-тәніңмен беріліп жасап шыққан соң ол басқаша болып шығады. Себебі бұл жобада ешқандай тапсырыс беруші болған жоқ. Ғимараттың әдемі болып шығуына кедерді болатын - тапсырыс берушілер. Түрлі шектеулер, түзетулер, бюджеттің жетіспеушілігі идея азайып, соңында ойлағандай нәтиже болмай жатады
Менің ойластырып жатқан қонақүйлерім Rixos, Hilton сияқты көп қаражатты қажет етпейді. Барлығы жүзеге асыруы қиын емес жобалар.
Дубайға шақырулар түскен, бірақ өзім Қазақстанда қалып, өз өзімді дамытсам деп жатырмын. Ірі жобалар болса, әрине, қатысып, өз өзімді көрсетуге тырысамын.
Шетелдегі әріптестеріммен бірігіп жоба жасау ойда бар. Сондай ақ білімімді жетілдіру, басқа да мамандыққа оқу жоспарда бар. Шетелге шығып, идея іздеуді тоқтатпаймын.
Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
