Екі кішкентай немересін бағып отырған елордалық келіншек банка жауып күн көруде

Елордалық 40 жастағы Венера Жаппарова мемлекеттен көмек күтпей, өзінің қолынан жақсы келетін іспен айналысып, нәпақасын табуда. Кішігірім табысымен жанұясын асырап отырған жайы бар. Венераның айтуынша, қазір бәрі қиналып жатыр, сондықтан ол алақан жайып, көмек сұрауға ыңғайсызданады екен. Өзінің кішігірім кәсібі жайлы әйел Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне баяндап берді. 

Жаз бойы жеміс-жидектен компот басып, күнкөрісін тауып жүрген әйел  өткен жылы қыстан қалған 50 банканы сатқан. 16 жасынан бастап банка жабуды үйренген Венера бұл ісін жақсы көретінін айтады. 

Оның айтуынша, күніне 4-5 адамнан келіп, сатып алып тұрады.

"Бір алса көптеп алып қойғанды жөн көреді, бірде тіпті 33 банка алып кеткен, ең аз дегенде 7 банка алған адам болды. Бәрін өзім дайындап, өзім жабамын. Балаларды ұйықтатып, таңғы 5-6-ға дейін жауып, дайындап қоямын", - дейді ол. 

Өткен жылы 240-қа жуық банка жапқан, жартысын көршілері сатып алған. Осы жылы Венера 1000 банка жапқысы келеді.

"Қолымнан келе ме, жоқ па, білмеймін, бірақ тырысып көремін. Әр түрлі нәрсе жабамын, тұздалған қияр, компот, тосап, салат. Бірақ қазір салаттар үшін көкөністер қымбат, сондықтан күзге қарай бағасы арзандағанда салат жауып бастаймын. Қазір ненің бағасы арзан - соны жауып жатырмын, өйткені адамдарға қымбат бағаға сатқым келмейді. 

- Жеміс-көкөністерді көтермелеп сатып аласыз ба?

- Өкінішке орай, көтермелеп сатып алуға мүмкіндік жоқ, сонымен қатар оны сақтайтын жер де жоқ, оны көп қылып алып қойып, жауып үлгермесем, бәрі бұзылып, обал болады ғой. Жеміс-көкөністі алған соң бір күнде балғын күйінде жауып тастау керек, сонда дәмді болып шығады.

- Бұл кәсібіңізге дейін немен айналыстыңыз, қайда жұмыс істедіңіз?

- Алдымен көлік жуушы болып жұмыс істедім, кейін автокөлік жуу орнының әкімшісі болып қызмет атқардым. Одан кейін наубайханаға жұмысқа тұрдым. Алайда станоктың алдында ұйықтап қалып, бір саусағымнан айырылған соң мен жұмыстан шығарылдым. Кейін психиатриялық емханада жұмыс істедім. Немерелерім дүниеге келген соң үш жыл бойы үйде отырмын, олардың тәрбиесімен өзім айналысып жатырмын. 

- Өткен жұмысыңызда оқыс оқиға орын алды деп едіңіз, жұмыс берушілерден көмек көрсетілді ме?

- Ешқандай ақша талап еткен жоқпын, өйткені бәріне өзім кінәлі болдым. Жедел жәрдем келгенде, қолымды ет тартқышқа өткізім жібердім деп айттым. Оларға қарсы ештеңе айтқан жоқпын, өйткені ол адамдар маған онсыз да қол ұшын беріп, ақшалай көмектесіп, тұрғын үй мәселесін де шешіп берген еді, оларға қарсы шығу дұрыс емес болар еді, бұл менің жіберген ағаттығымнан болған оқиға. Жұмыс берушілер өз кезегінде тиісті көмектерін көрсетті.

- Бұдан бөлек табысыңыз бар ма, мемлекет тарапынан қандай да бір көмек көрсетіле ме?

- Айына бір рет азық-түлік корзинасы жіберіледі, 91 мың теңге зейнетақы аламын, оның 50 мыңын үйге төлеймін, қалған 41 мың өзімізге бір айға қалады. Бірақ ол бізге жетпейді, екі кішкентай бала бар, олардың жөргектерінің өзі өте қымбат. 

- Сіз өз өнімдеріңізді телефон арқылы сатасыз ба, әлде әлеуметтік желілерде жарнамалау арқылы сатасыз ба?

Шынымды айтсам, бұның бәрін біле бермеймін, түсінбеймін. Маған интернет арқылы сатып көр, парақша аш, деп айтқандар көп болды. Мен тек телефон арқылы жұмыс істеймін, қоңырау шалса, жауап беремін, бар болғаны сол. 

Мен банкаларымды сатып болған соң, базарға барып, қайтадан жеміс-көкөніс аламын, банка аламын, бір банка 170 теңге тұрады. Жиналған ақшаны айналымға жібергім келеді, маған адамдар 190000 теңге ақша жинап берген еді, мен бұл ақшаны 1000 банка жабу үшін қолданғым келеді. Балаға, өзіме бұл ақшаны жұмсап жатқаным жоқ. 

- Сіз тек Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сатасыз ба, әлде басқа қалаларға да жеткізесіз бе?

Иә, тек Нұр-Сұлтан бойынша, бірақ кеше маған Оңтүстік Кореядан хабарласып, менің балаларым Алматыда тұрады, соларға жіберейін деп едім, деп хабарласқан еді. Мен қатты таңғалдым. Бұған дейін Түркиядан да хабарласқандар болды. Егер сатылым көп болса, онда жеткізу жағын қарастыруға болады, алайда қазір кішігірім ғана сатылым бар, сондықтан басқа қалаларға жеткізу жайлы ойлау әлі ерте сияқты. 

- Ойыңызда қол ұзартып, көмекші алу жоқ па?

Ол жағын ойламаппын, алсам, бұл жайлы бәрін білетін адам керек қой. Оны бақылап отырмай-ақ емін-еркін жұмыс істеуге болатындай дәрежеде болу керек. Банкалар өте нәзік болып кетті, ол атылып кетпеуі керек. Мен өз ісіме үлкен жауапкершілікпен қараймын, сондықтан біреуге сеніп тапсыруға қорқамын. Егер тек жеміс-көкөністі жуып, тазалап, кесумен ғана айналысса болады, ал қалғанын өзім істеуім керек. Өйткені мен нәтижесі, дәмі қандай екенін білу керекпін ғой, сатып алушыларға бәрі ұнауы керек. Өзім дайындасам, дәмді болатынына, адамдарға ұнайтынына сенімді боламын.

- Немерелеріңіздің жасы нешеде?

Үлкені - екі жарым жаста, ал кішісі - бір жаста. Үлкенінде ДЦП, еңбектемейді, жүрмейді. Жұмыспен айналысқанда қасыма жатқызып қоямын, бізге арба сыйлаған еді, өте ыңғайлы, пайдасы тиіп жатыр. Ал кішісін көршілеріме тапсырып қоямын, өйткені кішкене тынымсыздау, бір орында тыныш отыра алмайды. Тіпті бірде күйіп қалғаны да бар, содан бері қорқатын болдым. 

Бүгінде отбасымды өзім жалғыз асырап отырмын, өйткені қырық мың теңгеге өмір сүру мүмкін емес. Алатынымыз ең керек нәрселер, киім алуды тіпті ұмыттық. Еріктілер көмектесіп, киім әкеліп тұрады, оларға алғысым шексіз. Біз сияқты отбасылар өте көп, сондықтан мен барынша көмек сұрамауға, басқаларға жүгінбеуге тырысамын, өйткені қатты ыңғайсызданамын, қиналып жатқан жалғыз мен ғана емеспін, қазір бәріміз үшін қиын уақыт болып кетті. 

Венера өз қолымен дайындап жүрген өнімдердің бағалар тізімі мынадай:

Компот 2 литрі 1200 теңге (шие, сары өрік, қара өрік)
2 литр қияр 2000 теңге.
Тосап 0,5 -1200 теңге, 0,7-1500 теңге, 1 литр - 2000 теңге (қарақат, өрік)
Қияр-цуккини ассортиментінің 2 литрі - 1500 теңге.


Алдағы уақытта қысқы салаттар да болады дейді ол.

 

 

Сұхбаттасқан: Нұрғали Сабина

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр