Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коронавирус жұқтырған автобус жүргізушісі Шымкенттен Нұр-Сұлтанға адам тасыған

Шымкент - Нұр-Сұлтан бағыты бойынша адамдарды заңсыз тасымалдаған жүргізушінің коронавирусқа тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткен, деп хабалайды Stan.kz ақпарт агенттігі. 

Хабарламаларда қалааралық жолаушылар тасымалына тыйым салынғанына қарамастан, Шымкенттен елордаға тұрақты автобус қатынайтыны туралы ақпарат таратылды. Сонымен қатар, жүргізушіге коронавирус жұқтырғаны туралы хабарланды.

Тексеру барысында ақпарат расталды. Көлік прокуратурасы адамдарға лық толған жолаушылар көлігін Шымкенттен Нұр-Сұлтанға жол тартқан жерінен ұстаған. 

Бұл ақпаратты бас көлік прокуроры Ернат Сыбанқұлов растады. Ол прокуратураға Шымкент - Нұрсұлтан бағыты бойынша жолаушыларды заңсыз тасымалдау туралы ақпарат келіп түскенін айтты. Сонымен бірге, жүргізушілердің біреуінде коронавирус оң нәтиже көрсетті деген ақпарат болды. Оның нұсқауы бойынша автобус тас жолда ұсталып, Шымкентке оралды.

"Карантинді бұзғаны үшін автобус иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылуда. Жүргізушінің ауруы туралы ақпаратты мамандар тексереді", - деп қорытындылады Сыбанқұлов.

Артынша жүргізушінің коронавирус жұқтырғаны расталды. 

Естеріңізге сала кетейік, елімізде қатаң карантин 2 тамызға дейін ұзартылып, автобус қозғалысына шектеу қойылған. 

Талқылау