Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бөтелкелес болған: Алматыда жанармай бекетінің кассирін пышақтап, кассадағы ақшаны қалтасына басқан азамат ұсталды

Алматыда жанармай бекетінің кассирін пышақтап, аппараттағы ақшаны ұрлап кеткен азамат дәл сол қызметкердің жақын танысы болып шықты. Күдікті ақшаны алып, алысқа ұзап кете алмапты: полицейлер оны біраз уақыттан кейін қолға түсіріпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Жанармай бекетінің басқа қызметкері жарақат алған әріптесінің қылығы жайлы сөз қозғады. 

"Ана кісіден келіп тамақ сұраған ғой. Ол сосын тамақ жылытып, тамақ берген. Кінәсі сол", - деді жанармай құю бекеті қызметкері Қарлығаш Шайдарова.

Дегенмен тәртіп сақшылары аталған жайт жайлы басқа деректер келтірді. Полицейлер жәбірленуші мен күдіктінің бөтелкелес достар болғанын жеткізді. Сөздерінше, қарызын сұрап келген азамат ақша ала алмағандықтан, кассаны тонауға бел буыпты. Қаскүнем кассирдің тамағы мен шүйдесіне пышақ сұғып, 40 мың теңгені қалтасына басып ізін суытқан.

Дәрігерлер жарақат алған 54 жастағы азаматты құдай сақтағанын жеткізді. Сөздерінше, пышақ күре тамырына бір миллиметр ғана жетпей қалыпты. 

"Бізге мойнындағы пышағымен, ауыр жағдайда келіп түсті. Шұғыл түрде ота жасадық. Қазір жағдайы қалыпты. Бір аптадан соң үйіне жібереміз", - деді хирург Арсен Семенов. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 24 Желтоқсан, 2019 08:40
Талқылау