Невропатолог жүйке жүйесін дәрі-дәрмексіз емдеу тәсілдерін атады
Невропатолог Елена Дорофеева спортпен шұғылдану және жануарлармен қарым-қатынас күйзелісті жеңілдететінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lenta.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay
Дорофееваның айтуынша, жинақталған психоэмоционалдық жағдай созылмалы стресске айналып, бүкіл денеге теріс әсерін береді.
Күйзеліс орталық жүйке жүйесіне және мидың жұмысына жағымсыз әсер етеді. Бұл шекаралық психикалық бұзылулардың (невроздар мен депрессия), когнитивтік (ұмытшақтық, зейіннің төмендеуі), мінез-құлық (әлеуметтік оқшаулану, тамақтанудың бұзылуы, алкогольге тәуелділік, тәбеттің болмауы, ұйқысыздық) және эмоционалдық (пессимизм, мазасыздық) бұзылыстарымен көрінеді.
"Мұндай жағдайда, жүйкені босаңсыту және жеңілдету әрекеті маңызды. Жүйкенің шаршауын дәрі-дәрмексіз-ақ емдеуге болады", - деді невропатолог Елена Дорофеева.
Олардың біріншісі - физикалық белсенділік.
"Дене пішіні жақсы адамдар күйзеліске аз ұшырайды және өздерін бақытты сезінеді. Физикалық жаттығулар эмоционалды жағдайға әсер етеді. Ол ұйқыны қалыпқа келтіретін және стресс гормоны кортизол өндірісін төмендететін эндорфиндердің өндірісін ынталандырады", - деді невропатолог
Ал таза ауада серуендеу көңіл-күйіңізді көтеріп, ойлау жүйесін дамытады. Жылдам жүру - жүрек-тамыр жүйесі үшін тиімді жаттығу.
"Йога жүйке-психикалық белсенділікке оң әсер етеді. Йога мен тыныс алу әдістері ақыл мен дене арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, маза бермейтін ойларды жояды.
Сонымен қатар, йогамен айналысқанда стресс гормонының кортизол деңгейі төмендейді" - деді невропатолог.
Сонымен қатар жеткілікті ұйқы адамды күйзелістен сақтайды. Сондықтан, ең алдымен, ұйқы сапасын жақсарту керек.
"Cондай-ақ стресс және депрессиямен күресу үшін арт-терапияны қолдансаңыз болады. Шығармашылық процеске ену эмоцияларды босатып, дұрыс жолға қарай бағыттайды. Сонымен бірге үй жануарларына қамқорлық жасау, оларды ойнату немесе жай ғана бақылау қожайындарының психикасы мен жүйке жүйесіне жақсы әсер етеді.
Бұл күйзелістің денеге әсерін азайтудың бірнешеуі ғана. Саяхаттау, сөзжұмбақ шешу, қолөнер бұйымдарын жасау сынды дүниелермен айналысып та күйзелістен арылуға болады. Кез келген адам өзіне қолайлы нәрсені таңдай алады. Ең бастысы, ол әрекет сізге рахат әкелсе болды", - деді Дорофеева.