Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Несиеден қалай құтыламыз? Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы

Биыл наурыз айынан бастап 2022 жылдың 30 желтоқсанында қабылданған "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заңына сәйкес қазақстандықтар өзін банкрот деп жариялауға өтініш бере алады. Алайда 10 жылға жуық талқыланып, 5 ай бойы жұмыс істеп келе жатқан заң жобасына қатысты сұрақтар әлі көп. Stan.kz тілшісі "Заманауи қорғау" компаниясы мамандарымен тілдесіп, заңға қатысты сұрақтарға жауап алды. Сондай-ақ өтініш беріп үлгерген азаматтар қандай қиындықтарға тап болып жатқаны туралы анықтап көрді. 

Жеке тұлғаның банкроттығы деген не?

Жеке тұлғаны банкроттығы – бұл азаматтың қарыз берушіге қарызын толық өтей алмайтынын немесе міндетті төлемдерді төлей алмайтынын заң жүзінде мойындау. Көптеген адамдар үшін банкроттық – қарыз құрсауынан шығудың жалғыз жолы.

Азаматтардың банкроттығы туралы Заңының мақсаты неде?

Заманауи қорғау” заң компаниясының бас директоры Мадияр Қайшыбековтың айтуынша, банкроттықтың мақсаты – мемлекеттік экономиканы жақсарту. Банкроттықтың басты міндеті деп экономиканы азаматтардың қайтару мүмкіндігі жоқ үмітсіз қарыздарынан тазартуды айтамыз.

Төлем қабілеті жоқ борышкерлер қарыз құрсауына түсіп, елдің экономикалық өмірінен бейтарап қалып қояды. Олар тауарлар мен қызметтерді аз пайдаланады, үнемдейді, аз инвестициялайды және іс жүзінде салық төлемейді.

Мұндай азаматтардың күннен күнге көбеюі ел үшін ауыр экономикалық және әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан нақты жұмыс істейтін банкроттық туралы заң бір қарағанда, азаматтарға ғана емес, банктер мен мемлекетке де қажет.

Банкроттық туралы жаңа заңмен бұл мақсаттарға жету мүмкін бола ма?

"Заманауи қорғау" заң компаниясы Әдістеме және біліктілік бөлімінің жетекшісі Юлия Павлованың айтуынша, банкроттық мақсатына жетудегі басты кедергі заңдағы барлық несиелердің 12 ай көлемінде төленбегені туралы ереже болып отыр.

Осылайша, бұл норма заңды өзінің негізгі функциясын жүзеге асыруда айтарлықтай шектейді және керісінше, біздің еліміздің экономикасына теріс әсер етуі мүмкін. Себебі заң осы күйінде қалса, азаматтар ресми жұмыс орындарынан кете бастайды. Осыдан кейін банк олардан жалақыны өндіріп ала алмайды. Тиісінше, мемлекеттік бюджет жұмыс берушілер төлейтін салықты әлдеқайда аз алады.

“Демек, еңбек нарығында жұмыссыздық бұрын-соңды болмаған дәрежеге дейін өседі. Әсіресе мемлекеттік және әлеуметтік секторда, яғни педагогтар, медицина қызметкерлері және т.б. қажетті мамандар. Халықтың несиелендіру деңгейі шарықтау шегіне жетіп, әлеуметтік шиеленіс шыңында тұрғанымыз белгілі. Азаматтар азық-түлік тауарларын бөліп төлеуге алады. Ақшаны үнемдеуге, балаларға оқу ақысын төлеуге мүмкіндік жоқ. Олардың табысы бұған жетпейді. Бірнеше жылдан кейін елде білікті мамандар азайып, ел еңбек тоқырауына тап болады. Халықтың көп бөлігі көлеңкелі аймаққа өтіп, бейресми түрде табыс табуды жөн санап, өз жұмыс орнын сақтап қалудың орнына өзін банкрот деп жариялағанды дұрыс көретін болады”, – дейді Юлия Павлова.

Ресми жұмысқа орналасу банкроттық рәсімінен өтуге қалай кедергі келтіруі мүмкін? Біздің ойымызша, осы санатта екі негізгі мәселе бар:

Екінші деңгейдегі банктер төлем мерзімі өткен кезде бірінші айда-ақ сіздің шоттарыңызға төлем талаптарын (бұдан әрі - ТТ) қоюға құқылы. Қарапайым сөзбен айтқанда, сіздің шоттарыңызға түскен кез-келген сома, оның ішінде, мысалы, жалақы түскен кезде 50% алынып, қарызды өтеу үшін банк шотына түседі. Тиісінше, ТТ қойылған кезде қарыз алушылар банк ТТ қайтарып алғанға дейін банкроттық рәсіміне үміткер бола алмау ықтималдығы жоғары, өйткені ай сайын берешек мәжбүрлі түрде өтелетін болады. ТТ көбінесе қарыз алушыға дефолт жарияланған кезде және берешек сомасын өндіріп алу туралы сот шешімі болған кезде ғана қайтарып алынуы мүмкін. Ал бұл рәсім бірнеше жылға созылып кетіп жатады.

Бірақ мұнда тағы бір жағымсыз жаңалық өмір бойы елге қызмет істеп, лайықты зейнетке шыққан азаматтарды күтіп тұр. Көптеген адамдар үшін біздің елдегі шамалы зейнетақыдан да банк қарызын өндіріп алу мүмкіндігі бары жаңалық болмақ. Басқа азаматтар жұмыс орнынан кетіп, еңбегі үшін жалақыны қолма-қол алу мүмкіндігі бар болса, зейнеткерлерде мұндай мүмкіндік жоқ. Басқаша айтқанда, біздің зейнеткерлерде банкроттыққа өтініш беру мүмкіндігі жоқ.

Соттан тыс банкроттық рәсімі үшін борышкердің атында жеке мүлкі болмауы керек. Елдегі заңнамада жинақ қаржы да мүлік болып табылатындығы анықталып жазылған. Біз осы жерден тағы бір үлкен проблеманы көріп отырмыз. Себебі заң шығарушылардың логикасы бойынша шоттарында ақшалай қаражаты бар және табысы бар барлық азаматтар (тіпті банктен ТТ қою фактісі болмаса да) соттан тыс банкроттық рәсімін талап ете алмайды.

Халыққа көмектесуге бағытталған заңның әбден жұмыс істейтін моделін көрші елден, яғни Ресейден алып көруге болады. Онда, мысалы, егер борышкер төлемдерді үш айдан артық төлемесе өзін банкрот деп жариялау туралы өтініш бере алады. Тіпті осы талапты орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар, Ресейде қабылданған заң ТТ қоюмен және зейнетақы алу мәселесін қандай да бір жолмен қозғамайды. Бұл әрине мінсіз деп айта алмаймыз, алайда мысал ретінде қарастырып көруге тұрарлық.

Заң қаншалық нақты жұмыс істейді?

"Заманауи қорғау" компаниясы Заң бөлімінің жетекшісі Альнар Сапарғазиновтың сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда компания мамандары 100-ден астам клиент атынан банкроттық туралы өтініш беріп үлгерген. Кейде мамандар заңның барлық критерийлеріне сәйкес келіп тұрған бірнеше клиенттеріне формальді немесе негізсіз шешімдер шығарылып жатқанына куә болған.

Бұл бас тартулар үшін олар шағым түсіреді және әр өтініштің қабылдануын қамтамасыз етеді. Мұның бәрі іс жүзінде көп уақытты алып, ұзаққа созылады.

Альнардың айтуынша, мұндай шешімдер онсыз да қиын жағдайға тап болған азаматтар үшін банкроттық рәсімін едәуір қиындатады. Несиелерді есептен сәтті шығару үшін ол банкроттықпен тікелей айналысатын білікті заңгерлерге жүгінуге кеңес береді, өйткені мұндай заңда барлық нюанстарды білмейтін қарапайым азаматқа өздігімен несиені есептен шығару мүмкін емес.

Білікті заңгер сізге тиімді жолдарды таңдауға және мәселеңізді тез әрі оңай шешуге көмектеседі.

Талқылау