Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Несие алған адам үшін кепілгер болудың қаупі қандай? Заңгерлер не дейді?

Нұр-Сұлтандық бойжетке несие алушыға кепіл боламын деп басы дауға қалды. Сөзінше, құрбысының сөзіне сенген ол қазір біреудің несиесін өтеуге мәжбүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Осыдан бір жыл бұрын құрбыма кепіл болдым. Уақытында төлеп тұрамын, алаңдама деп айтқан болатын. Енді құрбым болғаннан кейін сендім. Бір үш айын өзі төлеген шығар. 5 ай өткеннен кейін өзім төлей бастадым. Себебі банктен хабарласып, тез төлеуімді сұрап, сотқа береміз деп, арызданамыз деп айтты. Енді құрбыма хабарласайын десем телефонын алмайды, мені қара тізімге кіргізіп тастаған. Заңгерлерден көмек сұраймын",  - дейді Мәриям есімді елорда тұрғыны. 

Мәриям секілді борышкерге кепіл болып, теңбе-тең қарыз алушы атанғандар аз емес. Көбінің үміті ақталғанымен, сеніміне селкеу түскендері де жетерлік. Бұл туралы заңгер пікір білдірді. 

"Өзіне кепілгер боламын деп міндеттемені жүктеген соң, ол әрине несие берушінің алдында міндеттемені орындау керек. Ол ішінара ма немесе толық па, ол өздерінің рәсімдеген құжаттарына байланысты. Ал енді ол несие берушінің алдындағы міндеттемесін орындаған соң, сол орындаған көлемде несие алушыдан өндіріп ала алады. Егер шартпен заңда өзгеше көзделмесе. Азаматтық кодекстің 351 бабында ол қарастырылған", - деді заңгер Халида Наширбаева.

Туыстың, тіпті таныстың көңіліне қараймын деп, ақырында банктің алдында жерге қарағандардың көбі бұл мәселінің әу баста байыбына бармаған. Сондықтан заңгерлер кепіл болудың алдында бірінші кезекте қарыз сомасына және уақытына назар аударып, сараптап алу керектігін айтады.

"Қарыз алушы егерде төлемеген жағдайда несиелік тарихы бюросында кепілгер мен екеуіде несиелік тарихы бұзылады. Егерде сот жүйесінде қарыз алушы төлемеген болса, кепілгер ҚР-нан шетелге кетуге мүмкіндігінен айрылады", - деді тәуелсіз сарапшы Әліби Кәрім.


Қарағанды тұрғыны басқа біреудің несиесін төлеуге мәжбүр


"Ал егер банк кепілгерге талап қойып жатса, ең бірінші ол орындауға шешім қабылдаса, кепілгер, ол туралы қарыз алушыны ескертуі керек. Лажы болса жазбаша түрде. Егер банк іс қозғап жатса кепілгерге, онда сол іске заемщыны қосу керек. Өйткені несие алушы іске қатыспаса, кейін кепілгер өзінің сұраныстарын одан сұранысқа келген кезде, сол кезде ол өзінің бір қарсы келетін сұрақтарын қоюы мүмкін", - деп пікрі білдірді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі директоры Ләззат Үсенбекова.

Қарыз алушыны көндіремін деп, кеткен шығынды өндіремін деп бастысы алтыннан да қымбат уақытыңызды шығын қылатыныңыз анық. Оған қосымша төленетін салықтарды қосыңыз.

"Міндеттемені орындатуды талап еткен кезде, сол міндеттеменің мөлшеріне байланысты сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баж төленеді. Мемлекеттік баждың көлемі заңды тұлғаларға 3 пайыз өндірілетін сомадан, ал жеке тұлғаларға өндірілетін сомадан 1 пайыз. Ал енді мен айтып кеткендей нотариюстық жазба арқылы өндіретін болсаңыз онда оның төленетін баждың төлімі төмендетілген болады және өндірілетін сомаға байланысты пайыздық мөлшерде есептелінетін болады", - деді заңгер Халида Наширбаева.

Осыған орай, мамандар мұндай маңызды қадамға бармас бұрын, заңгерлер кеңесіне жүгінгеніңіз дұрыс дейді. 

Талқылау