Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Немересін жетектеген әжей де болды": Тәртіпсіздіктер кезінде дүкендер мен сауда үйлерін тонағандар жайлы жаңа деректер шықты

Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматыда сауда үйлері мен дүкендерді тонау әрекеттері басталды. Адамдар топ-тобымен техникалар мен азық-түлікті, киім-кешекті жаппай ұрлаған. Бейне бақылау камераларындағы жазбалар мұның дәлелі бола алады. Еуразия бірінші арнасы қаңтар оқиғалары кезінде түсірілген тың бейнежазбаларды жинап, "Тарақандар" атты деректі фильм дайындаған. Фильмде ұрлыққа барған тұрғындардың әрекетіне психологтар мен өзге мамандар да баға беріп, пікір білдірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

тонау

Мамандар дүкендерді тонаған ұрылардың үш толқыны болған дейді. Олардың біріншісі – дүкенге тонау үшін арнайы барған қылмыскерлер тобы. Екіншісі – қолына түскенін, сөреде тұрғанды қолды еткендер, ал үшіншісі – алдыңғы екі топтан қалған заттарды місе тұтқандар. 

Бейнежазбалардан сауда үйіне бірінші кірген азаматтардың алатын дүниелерді байыппен таңдағанын көруге болады. Сөрелерді де таңдап сындырған. Ал келесілері қолына түскенін қиратып, көзіне көрінген затты қолды еткен. Тіпті көбірек зат әкету үшін сөмке асынып келгендер де болған. 

"Мен Kcell орталығына қарама-қарсы үйде тұрамын. Кешке итіммен серуенге шығып едім. Серуен кезінде Kcell ғимаратынан қолдарына ұялы телефон ұстап шыққан адамдарды көрдім. Олар бірден қораптарды ашып, телефондарды алып жатты. Ал таңертең ғимарат алды қораптан көрінбей қалды. Kcell орталығына адамдар баспалдықтың ұстағыштарын жұлып, соның көмегімен терезелерді сындырып кірген", –  дейді оқиға куәгері Алексей Цыпкин. 

Зардап шеккен кәсіп иелері тұрғындардың мұндай әрекетіне жауап таба алмадық дейді. 

"Мына сөрелерде алтыннан жасалған әшекейлер тұрған. Ер адам келіп, сөрені сындырып әшекейлерді алған. Содан кейін басқа сөрелерді сындырып кеткен, алайда ештеңе алған жоқ. Сонда сөрелерді не үшін қиратқанын түсінбеймін. Ұрлық жасап, барлығын бұзып сындырған адамдардың ата-аналары қандай адамдар екен?" – дейді әшекей дүкені сату бөлімінің өкілі Лариса Бучинская. 

Ал психолог маман ата-аналардың тәрбиесіне қатысты пікір білдіріп, ұрылардың әрекетіне өз бағасын берді. 

"Баласына біреудің затын алуға, кішкентайларды ренжітуге, көршілермен ұрсысуға болмайды деп тәрбие беріп, өздері осы айтқандарын орындамайтын ата-аналар бар. Бұл шылым шегетін ата-ананың баласына шылымның зиян екенін түсіндіруімен бірдей. Осындай тәрбие берген адамдар "қазір және осы жерде" деген ұстаныммен өмір сүреді", –  деп түсіндірді психолог Алма Дәулет. 

Оқиға куәгерлері тәртіпсіздіктер кезінде адамдардың көшеде балға, балта, таяқ, темір ұстап жүргендерін айтады. Сонымен қатар қала тұрғындары түсірген кадрлардан тәртіпсіздікке қатысқандардың кейбірі мас болғанын, өзін басқара алмағанын байқауға болады.

"Абдырап қалдық. Мұндай нәрсені көрген соң әрі қарай не болады деген ой келді. Көздері шыны секілді. Ішімдік ішкен не басқа нәрсе тұтынғаны байқалды", –  деді Алматы тұрғыны Ирина Воробьева.



Зардап шеккен кәсіп иелері мен дүкен өкілдерінің айтуларынша, ұрылар барлығын тонаған соң сөрелер мен басқа да жиһаздарды аяусыз сындырған екен. Ал мамандар тұрғындардың осындай әрекетке баруына топ ішінде ашулы адамдардың көп болуы әсер еткен дейді.

"Топта ашулы, жаман әрекеттерді көздейтін адамдардың болуы өте маңызды. Мұндай жағдайда тұрғындар эмоциясын басқара алмайды. Жағымсыз эмоция көбейген сайын адамдар жануарға айналады деуге болады", – дейді Медицина және психологиялық мәселелер орталығының директоры Владимир Стеблянко. 

Қаңтар тәртіпсіздіктерінің куәгерлері ұрылардың топпен жүргенін айтады. Жерден тастарды алып, шыны сөрелерді сындырып, киімдерді ұрлаған екен. Әрі ұрлыққа барған адамдардың барлығын жағдайы төмен деп айтуға да келмейді. Себебі дүкендерді қымбат жол талғамайтын көлікпен келіп тонағандар болған. 

"Бутикке екі рет кірген. Есігін бұзып, сөредегі заттарды қапшықтарға салып алған. Ұятсыздар деп атар едім олар", – деді әшекей дүкенінің өкілі Лилия Низамбаева. 

Жаппай тәртіпсіздіктерден тек дүкендер ғана емес, тамақтану орындары да жапа шеккен. Ашулы адамдар мейрамханалар мен асханаларды себепсіз өртеген. Кәсіпкерлер еңбегіміз еш кетті, ештеңе қалған жоқ деп шағымданды. 



"Қандай әдемі мейрамхана еді. Жанғыш сұйықтығы бар бөтелке лақтырған. Толығымен жанып кетті. Шамамен 100 миллон теңгеден айырылдым. Қанша тер мен еңбектің нәтижесі еді мейрамхана. Бір күнде жоқ болды. Сұмдық қой", – деп мәлімдеді мейрамханалар желісінің иесі Юрий Негодюк.

Психолог зардап шеккен адамда қорқыныш сезімі қалатынын айтады. Яғни оған психологиялық көмек көрсету керек дейді. Ал шығынның орнын толтыру үшін мемлекет тарапынан қолдау ауадай қажет екенін айтты.

Тәртіпсіздіктерден кейін ғаламторда брендтік заттардардың сатылымы жайлы хабарламалар көбейген. Бірі ішіктерді, енді бірі аяқ-киімдер мен күртешелерді сатқан. Келесілері алтын сағаттар, былғары сөмкені сатылымға шығарған. Брендттік заттардың төмен бағада болуын сатушылар өлшемінің келмей қалуымен немесе шұғыл ақшаның қажет болуымен байланыстырған. 

"Тонап, сындыру, адам өлтіретіндей төмен жағдайда өмір сүрдік пе? Ұрлық – ең жаман нәрсе. Сол адамдар байып кетті ме? Әрине, жоқ", – деп пікір білдірді актер Ерболат Тоғызақов. 

Қала тұрғындары мен дүкен иелері ерлі-зайыптылардың, немересін жетектегенен әжейдің, толық отбасымен келіп тонағандардың болғанын айтады. 

"Барлығы 1 962 қылмыстық іс тіркелді. Бұл барлық баптар бойынша. Ал бөтеннің мүлкін ұрлау деректері бойынша 239 адам тұтқындалды. Бүгінгі күнге дейін кінәлілерді ұстау жалғасып жатыр", – дейді Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов. 

Талқылау