Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Halyk Bank пен Bank RBK шектеулерге қарамастан дивиденд төлейді: Себебі белгілі болды

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мемлекеттік қолдау алған Қазақстан Халық банкі мен Bank RBK не себепті 2022 жылға акционерлерге дивиденд төлегенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2023 жылдың мамыр айында "Қазақстан Халық Банкі" АҚ банк акционерлерінің жылдық жалпы жиналысында 2022 жыл үшін жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдағанын жариялаған болатын. Акционерлерге төленетін дивидендтер сомасы 276 851 990 363 теңгені құрады.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ұлттық қордан қаржылай қолдау алған банк акционерлеріне дивиденд төлеуіне наразылық білдіріп, Ұлттық банкке сауал жолдады.

"Ұлттық қордан миллиардтаған доллар көмек алған банктер халық алдындағы қарызын өтемей тұрып, неліктен дивиденд төлейді? Демек, алдағы маусым айында Халық банкі өз акционерлеріне дивиденд ретінде жарты миллиард долларға жуық қаржы төлейтін болады", – деді депутат.

Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов депутаттық сауалға берген жауабында мемлекеттік қолдау қаражатын балансында ұстайтын банктерге түскен пайданы бөлуде шектеулер қойылатынын және мемлекеттік қолдау қаражатын пайдаланудан түскен кірістен басқа кірістерді ғана дивидендтерге бөле алатынын айтты. 

Аталған шектеулер қойылған банктердің ішінде екі банк, "Қазақстан Халық Банкі" АҚ мен "Bank RBK" АҚ 2022 жылға дивидендтер төлеу және мемлекет алдындағы міндеттемелерінің бір бөлігін мерзімінен бұрын өтеу туралы шешім қабылдады.

"2022 жылдың соңында акционерлерге дивидендтер төлеу мүмкіндігін алу үшін "Қазақстан Халық банкі" АҚ 28,4 млрд теңге сомасында немесе төленген дивидендтер сомасының 10,26% мерзімінен бұрын ішінара қайтаруды жүзеге асырды. "Bank RBK" АҚ тарапынан мемлекет алдындағы 13 млрд теңгеге жуық қарызын мерзімінен бұрын ішінара өтейтіні күтілуде”, – деді Ғалымжан Пірматов.

Дана Русланқызы
Жұма, 23 Маусым, 2023 18:37