Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Неге қымбат? Қазақстанда Құран кітап 90 млн теңгеге сатылып жатыр

Қазақстанда осыдан бірнеше ғасыр бұрын жазылған Құран кітаптар сатылып жатыр. Олардың құны 1  млрд теңгеге дейін барады. Осы орайда, кітап саудалап жүрген азаматтардан толығырақ ақпарат алуды жөн көрдік. Бірі басқаларға қарағанда тым арзан баға ұсынғандығын айтса, енді екіншілері жоқшылықтың салдарынан осындай әрекетке барып отырғандарын жеткізді.

корнак

Фото: olx.kz

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Отандық жарнама сайттарының бірінде Құран кітаптар 2 700 теңгеден бастап,  90 000 000 теңгеге дейінгі бағада сатылып жатыр. Кітаптардың сипаттамалары әртүрлі. Мысалы, арасындағы ең қымбат кітап XV ғасырда жазылған. Енді бірі Араб баспасына тиесілі болса, екіншісі осыдан 100 жыл бұрын жарық көрген. Осы орайда, сатушылардың өздерінен толығырақ ақпарат алуды жөн көрдік.

Астана қаласының 70 жастағы тұрғыны Шарифолла Әбдүлкәрімнің коллекциясында Құран кітаптардан өзге араб әріптерімен жазылған шешен, билер туралы әңгімелер бар екен. Рабғұзидың “Қисса-сүл-Әнбиясының” да бір нұсқасы бар көрінеді. Жуырда қария Құран кітаптардың бірін 3 500 000 теңгеге бағалап, сатылымға шығарған. Ол осылайша алған ақшаны қайырымдылыққа жұмсап, жетім-жесірлерге қол-ұшын беруді мақсат тұтатындығын айтып жатыр.

“Құран кітаптар негізінен Қазанда, Түркияда, Пәкістанда және Араб елінде басылып шығады. Сонау бағзы заманда Хазірет Осман төрт Құран кітап шығарып, қалғанын өртеп жіберген. Кейінгі кітаптар –  сол Құрандардың көшірмесі.  Олардың мәтінінде еш өзгеріс болмайды. Тек жазылу мәнері әртүрлі болуы мүмкін. Қазіргі Құрандарда оқуға жеңіл болуы үшін сөзге харакаттар қойылған. Мендегі кітапта да сондай харакаттар бар. Бұдан өзге пайғамбарымыздың өмірі туралы “Мұхаммедия” кітабы бар. Оны өртер кезде найзамен іліп алып лақтырған екен. Сол қарудың ізі әлі күнге дейін тұр”, – дейді Шарифолла Әбдүлкәрім Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында.

1млрд

Бағасы – 1 823 950

Ақсақалдың қолындағы кітап шамамен 1885 жылы шыққан. Беттерінің барлығы түгел. Өлшемі – 9х8 см болатын қалта Құраны. Шарифолла мырза араб тілін жетік меңгерген. Еркін сөйлеп, аударма жасай алады. Көбінесе жастар ол кісіге ата-бабаларынан қалған қолжазбаларды әкеліп, аудартып алады екен. Қарияның  өзі Құран кітапты баю мақсатында сатудың дұрыс еместігін айтады.

“Біреулердің Құран кітапты 1 млрд теңгеге сатып жатқанын көрдім. Ақшаны адам түрліше жұмсайды. Дұрысы – сол ақшаны қайырымды іске жұмсау. Ал Құранды бизнес ашып, баю мақсатында сатқандарын құп көрмеймін. Ғалымдарға қажет болса, Рабғұзидың пайғамбарлар туралы “Қисса-сүл-Әнбия” кітабының бір нұсқасы бар. Әрбір аят пен сүрені түсіндірген “Хәуаси Құран” атты кітап та бар. Ол өте ертеректе жазылған. Бұдан өзге Ханафи мәсхабын ашып түсіндіретін “Ғибадат Ислам” деген кітап бар. Бағалайтын адамдар болса, ата-бабамыздан қалған мұра көп менде. Осы саланың мамандарын, дін тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдарды, өкінішке орай, танымаймын”, – дейді ақсақал.

Шарифолла Әбдүлмәлікұлының шағын кітапханасында бұдан өзге де кітаптар мол. Олардың барлығы дерлік 1-2 ғасыр бұрын жазылған. Ақсақал келіп көріп, аламын, зерттеймін, аудартамын деушілерге есігінің ашық екенін айтып жатыр. Келесі сатушы Мақпал Айдарқызы өзіндегі кітапты 12 млн теңгеге бағалап отыр. Ол қасиетті кітапты 50 жыл бойы көзінің қарашығындай сақтаған. Енді оны дағдарыстың салдарынан сатуға мәжбүр болып отыр.

12л

Бағасы – 12 000 000

“Бұл Құран кітапты маған анам берді. Ол кісінің анасы әйел адам болса да, молда болған екен. Қазір 50 жастамын. Оны көзімнің қарашығындай сақтап келдім десем де болады. Экспертиза жасатпағандықтан, белгілі бір құжатым жоқ. Десе де, бұл оңай шаруа секілді. Қасиетті кітапты тек жоқшылықтың салдарынан сатып отырмын. Әйтпесе, оны туған қызыма тарту ететін едім. Араб тілін толық меңгермегендіктен, ішінде нақты не нәрсе жазылғанын білмеймін. Жуырда үйдің жанындағы Мешітке апарып көрдім. Ол жердегілер де дұрыстап оқи алмады. Бірақ, әжемнің бұл кітапты оқып бергені емес-еміс есімде.

Білуімше, оның ішінде мұсылмандық туралы жазылған. Яғни, ақіретте не болатындығы, адамдарға қандай сұрақтар қойылатындығы туралы. Кей адам маған “Бұл Құран емес! Сен жұртты алдап жатырсың!” деп смс-хат жазады. Иә, расымен де, бұл Құран кітап емес. Бірақ оның мұсылмандарға тиесілі екені анық. Ішінде суреттері де бар. Бастапқыда қандай бағаға сатарымды білмедім. Сөйтіп жүріп интернет беттерінен дәл осындай кітап сатып жатқан адамды тауып алдым. Олар да мен секілді Қазаннан көшіп келген екен. Әлгі Қасиетті кітапты 27 млн-ға бағалапты. Мен ойлана келе 12 млн-ға сатуды жөн көрдім. Бұған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымның нашарлауы әсер етіп жатыр. Яғни, кітаптың тезірек сатылып кеткені маған жақсы. Шындығын айтсам, хабарландыру бойынша маған әлі бірде-бір адам хабарласпады (Күлді.)”, – дейді Мақпал Айдарқызы.

25а

Бағасы – 25 000 000

Енді бірі Құран кітапты сатып материалдық жағдайын түзеп алуды жоспарлауда. Сол себепті, тұтынушыларға жоғары баға ұсынып отыр.

“Біз оны өзгелер секілді біреуден сатып алған жоқпыз. Отбасымызда бағзы замандардан бері әкеден балаға мирас болып беріліп келе жатыр. Экспертиза нәтижесін алып үлгермесем де, оның жалпы құнын мамандардан сұрадым. Сол себепті оны 25 млн теңгеге бағалап отырмын. Арасында кей беттің шеткі бөлігі бүлінген”,  – дейді Ермек Тоқтасынов.

10 млн

Бағасы – 10 000 000

Ал Руслан Ақжігітов кітапты өзінің діні басқа болғаны үшін сатпақ. Жігіт ешкімді дініне, ұлтына бөлмейтіндігін айтып жатыр. Керісінше, “Мұсылман қауымына титтей болсын пайдам тисе, арманым жоқ еді” дейді ол. Кітапты 5 млн-ға сатып жатыр.

“Бұл Құран кітап маған арғы аталарымнан келді. Экспертиза жүргізген жоқпыз. Дінім басқа болғандықтан, оны сатуды жөн көріп отырмын. Жақсы адамдарға көмегін тигізіп жатса, неге сатпасқа?! Қажет болса, бағасын арзандатуға әзірмін. Бір бөлігімен несиемді жауып, қалғанын жетім-жесірлерге берсем деп отырмын. Оның менің қолымда екенін растайтын құжаттар бар”, – дейді Руслан Ақжігітов.

130 млн

Бағасы – 1 300 000

Дидар Кәкішев көне заттардың арзан бағада сатылып кете беретініне наразы. Осы орайда, ол елімізді Америкамен салыстырды. Ал қолындағы кітабын 1 млн 300 мың теңгеге бағалап отыр екен.

“Бұл кітапты маған әжем табыстады. Бірақ қосымша ешқандай құжат бермеді. Оның ХІХ ғасырда жазылғаны анық. Барлық беті түгел. Менің бағамды аса қымбат деп ойламаймын. Мысалы, Америкада ХІХ ғасырдың болмашы қолшатырын 200 000 млн долларға сатады. Ал оның жанында Құран кітап әлдеқайда құндырақ болуы тиіс. Бұдан өзге Америкада бір адамның 20 жыл бойы бөтелке жинап, артынша оларды 1 млн теңгеге өткізгенін білемін. Ал кітапты сатуыма жоқшылық себеп болып отыр. Пәтеріме төлейтін ақшам жоқ. Әйтпесе, өзім үшін құнды дүниені бұлай сатпас едім. Кей  екі пәтері, үш жүз жылқысы бар байлар мұндай кітаптарды сатып, ақшаны қайырымдылыққа жұмсайды. Әрине, менде де олар секілді бай болсам, келген қаржыны қайырымдылыққа жұмсайтын едім. Өкінішке орай, қазір өзімнің жағдайым қиын”, – дейді ол.

17 млн

Бағасы – 17 000 000

Өтеген Айсұлтановтың қолындағы Құран кітап басқаларына қарағанда өзгеше. Себебі, кітаптың ішіндегі кейбір аяттар қолмен жазылып толықтырылған. Беттері де аздап бүлінген екен. Ол аталған кітапты 17 млн теңгеге бағалап отыр.

“Бізде бұл Құран кітап әкеден балаға асыл мұра болып беріліп отырған. Ішінде қай жылы жазылғаны, қай баспадан шыққаны жазылған. Кей беті жоқ. Оларды қолмен жазып толықтырған. Араб тілін білмейтіндіктен, харакаттардың қойылған-қойылмағанын нақты білмеймін.  Оған қатысты арнайы құжаттарым жоқ. Ақшадан қысылып жүргендіктен сатуға мәжбүрмін”, – дейді ол.

90А

Бағасы – 90 000 000

Өзіндегі Құран кітапты 90 млн теңгеге бағалаған азамат сауалдарымызға жауап беруден бас тартты. Кітапқа қатысты ақпараттың толықтай құпия болып қалуы керектігін мәлімдеді. Тілшімізбен сұхбаттасқан саудагерлер өздерінің есімдерін жасырып қалуды өтінгендіктен, олардың аты-жөндері өзгертілген.


Жіберіп алмаңыз:

Құран адам миының құпияларын ашты

Ресейлік танымал актер бір ай бойы Құранды оқып, ислам дінін қабылдады

Құран мен Інжілді біріктірген кітап басылып шықты

Серік Абас-шах жуылған киіміндегі Құран сүресінің еш бүлінбегенін айтып таңдандырды

Талқылау
Пікір
Куралай Казбековна
09 Нау, 24 жыл - 18:51

Менде де бар 2 ҒАСЫР болған сатам.Қызымның емі үшін сатам