"3 күнде оңалып, 15 жылда өзгермегендер де бар": Қазақстандық теолог радикализммен күресу шараларын айтып берді

Теолог Жандәулет Сүлейменовтің айтуынша, Қазақстанда діни экстремизммен күрес тек жазалау шараларымен шектелмей, алдын алу және оңалту бағытында кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Сарапшы Stan.kz тілшісіне оңалту орталықтарында адамдардың қалыпты өмірге қайта оралу мерзімі әртүрлі болатынын атап өтті. Кейбіреулер небәрі үш күнде оңалса, енді біреулерге процесс ондаған жылдарға созылуы мүмкін дейді ол.
"20 өңірде діни оңалту орталықтары жұмыс істейді"
Теолог Жандәулет Сүлейменовтің айтуынша, 2000-2010 жылдар аралығында діни экстремизммен күреске арналған нақты әдістемелік бағдарламалардың жеткіліксіз болғанын атап өтті.
"Дегенмен, мемлекет мәселені назардан тыс қалдырмай, сырттай бақылау жүргізіп, талдау жұмыстарын жүзеге асырды. Белгілі бір деңгейде алдын алу және түсіндіру шаралары жүргізілгенімен, жүйелі мемлекеттік бағдарламалар кейінгі кезеңдерде ғана қабылданды. Осыған байланысты діни радикализмнің бастапқы кезеңде таралуына жағдай қалыптасты деп пайымдауға болады. Кейіннен "Терроризмге қарсы" және "Діни экстремизм мен радикализмге қарсы" заңдар қабылданып, осы бағыттағы мемлекеттік саясат нақты жүйеге түсті", – дейді Жандәулет Сүлейменов.
Сүлейменов қазір діни экстремизмге қарсы бағыттағы жұмыстардың айтарлықтай күшейгенін жеткізеді. Оның мәліметінше, еліміздің 20 өңірінде діни оңалту орталықтары жұмыс істейді. Әр орталықта 15-20-ға жуық білікті маман қызмет атқарады. Ал теологиялық оңалту жұмыстары 2013 жылдан бастап белсенді түрде жүргізіліп келеді дейді теолог.
Фото: Жандәулет Сүлейменовтың жеке архивінен
Сарапшы Қазақстанның батыс өңірлерінде радикалды идеялардың не себепті жиірек байқалатынына қатысты пікір білдірді.
"Батыс өңірлеріндегі (Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау) радикалды насихаттарға бейімділік мәселесін кей жағдайда өңірлік мінез-құлық ерекшеліктерімен байланыстырып түсіндіруге болады. Бұл әлсіздік немесе осалдық емес. Керісінше, басқа аймақтармен салыстырғанда, батыс өңір тұрғындары ашық, тік және эмоциясын жасырмай жеткізетін қасиетімен ерекшеленеді. Мұндай сипаттар кей жағдайда түрлі идеологиялық ықпалдардың тезірек байқалуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан радикалды идеялар бұл өңірде ертерек көрініп, қоғам назарын жылдамырақ аударады", – деп түсіндірді теолог.
"Соғыс көрген адамдардың психологиялық және рухани жарасы оңай жазылмайды"
Сарапшының айтуынша, оңалту жұмыстары көбіне жеке жүргізіледі, өйткені әр адамның психологиялық және рухани жағдайы әртүрлі. Теолог Жандәулет Сүлейменов соғыс көрген адамдардың жарасы оңай жазылмайтынын атап өтті.
"Жусан" бағдарламасы арқылы отандастарымыз елге қайтып оралды. Бірақ соғыс көрген, радикалды идеологияға түскен адамды толық оңалту – бір күннің жұмысы емес. Олардың жүрегінде жара қалады. Кәдімгі жол апатын көрген адамның өзі ұзақ уақыт әсерден шыға алмай жүреді. Ал соғыс көрген адамның ішкі жан дүниесінде ауыр із қалады. Мұндай әсерлер 10-15 жылға дейін сақталуы мүмкін. Сондықтан мемлекет дер кезінде оларды елге қайтарып, оңалту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді", – дейді теолог.
Қазақстандағы діни тұрақтылықтың негізі – дәстүрлі Ханафи мазхабы дейді теолог Жандәулет Сүлейменов. Оның айтуынша, осы бағытты жоққа шығарып, қоғамды бөлетін кез келген ағым ел бірлігі мен тыныштығына қауіп төндіреді. Айта кетейік, 2011 жылғы "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңда исламның сунниттік бағыты, соның ішінде Әбу Ханифа мазхабы тарихи негіз ретінде көрсетілген.
Фото: Жандәулет Сүлейменовтың жеке архивінен
"Оңалтуға келетіндердің басым бөлігі 18 бен 30 жас аралығындағы жастар"
Теолог Жандәулет Сүлейменов оңалтуға келгендерді екі топқа бөледі. Бірі өз еркімен немесе жақындарының ықпалымен келгендер, екіншісі түзету мекемелеріндегі сотталғандар. Оның айтуынша, екінші топтың жағдайы күрделірек, өйткені олар радикализмнің шегіне жетіп, қылмыс жасаған және радикалдық деңгейі жоғары адамдар. Радикалдану мәселесі көбіне жастар арасында байқалады деп отыр Жандәулет Сүлейменов.
"Бостандықта жүргендерді көбіне ата-анасы, жақындары алып келеді. Олар радикалданудың бастапқы немесе орта кезеңінде болады, сондықтан оларды түзету жеңілірек. Жалпы, оңалтуға келетіндердің басым бөлігі 18 бен 30 жас аралығындағы жастар. Алайда 16 жастағылар да, 40-60 жастағы азаматтар мен зейнеткерлер де кездеседі. Гендерлік тұрғыдан алғанда, әйел азаматтарынан қарағанда ер адамдар басым", – дейді теолог.
Оның сөзінше, оңалту процесін нақты уақытпен шектеу мүмкін емес.
"Жалпы, оңалту жүргенде адамды уақытқа байлай алмаймыз. 6 ай, 1 жыл деп. Мен білетін бір адам бар, ол 3 күнде оңалған. Тағы бір адам бар, 15 жыл болды, әлі оңалған жоқ. Мұның бәрі адамның санасының деңгейіне байланысты түптеп келгенде", – дейді ол.
Сарапшы өз тәжірибесінде оң нәтиже берген жағдайларды да атап өтті. Оның айтуынша, бір азаматпен жүргізілген бір жылдық жұмыс нәтижесінде ол өз қателігін мойындаған.
"Бұрын бір өңірде түзету мекемесінде жұмыс істеген кезде радикалды бір азаматпен жұмыс істедік. Ол мемлекеттік қызметте істеген адам болды. Ер адам интернет арқылы арбалып, әр түрлі адамдарды кепілге алып, әр түрлі қылмыстық әрекетке бармақшы болып, дайындалады. Сосын жұмысынан өз еркімен босатылып, қылмысына әрекеттеніп жүрген кезде, қолға түсіп сотталды. Енді одан кейін түзету мекемесіне түскеннен кейін онымен теологиялық оңалту жұмыстарын істедік. Мысалы, ол адам толық оңалды. Кейін бейнеүндеу жасап, өзінің қалай адасқанын ашық айтып, жастарға ескерту жасады. Сондай-ақ мемлекетке қатысты бұрынғы теріс пікірінен бас тартып, жария түрде кешірім сұрады", – дейді Жандәулет Сүлейменов.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті де елдегі терроризм мен діни экстремизмге қарсы күресті жүйелі түрде жалғастырып келеді. Ведомство бұл бағытта алдын алу, түсіндіру және қауіптердің жолын кесу бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.
"Бүгінде ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл үздіксіз жүргізіліп жатыр. 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында нақты алдын алу және қарсы әрекет ету тетіктері іске асырылып жатыр. Сонымен қатар жастарды радикалды идеологиядан қорғау негізгі басымдықтардың бірі. Осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді", – деді бөлім басшысы Олжас Бектенов.