Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Не себепті Мұхаммед Әли спорттан шеттетілді

Осыдан дәл 50 жыл бұрын, АҚШ-та күллі әлем жұртшылығын, әсіресе спорт сүйер қауымды дүрліктірген жайсыз бір оқиға болды. Атап айтсақ, 1967 жылдың көктем айында Нью-Йорк штатының спорттық комиссиясы қабылдаған шешімге сәйкес әйгілі кәсіпқой боксшы Мұхаммед Әлидің шаршы алаңға шығуына шектеу қойылды.

1421427388_l

Бұл шешім өзге де шенеуніктер тарапынан кеңінен қолдау тауып, арада аз ғана уақыт өткенде Американың өзге де штаттарында айтулы спортшының жұдырықтасуына қатаң тиым салынды. Және де ол өзіне тиесілі атағының біразынан айырылды. Соның салдарынан Әли үш жылдан аса уақыт үлкен спорттан қол үзіп қалды, деп жазады Айқын газеті.

Жоғарыда айтылған жайттың нақты себебі, Мұхаммед Әлидің АҚШ-тың Қарулы күштері сапында Вьетнамға барып соғысудан бас тартуы. Осындай шешім қабылдаса, қандай қиындықтарға тап болатынын ол жақсы білді. Үлкен спорттан шеттетілу немесе атақ-даңқтан айырылу бергі жағы ғана. Өр мінезді ұлдың осы әрекеті үшін билік тарапынан қудалауға ұшырап, өз Отанында саяси қылмыскер атанатыны айдан анық еді. Соны ол жан-тәнімен сезінді. Бірақ Мұхаммед алған бетінен қайтпады. Сан мәрте ол өз шешімінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысып, биік мінберлер мен халық алдында  іркілмей сөйледі. Ит арқасы қиядағы Вьетнамға соғыс жариялаған билік басындағы лауазым иелері мен саясаткерлерді қатаң сынға алды. Америка әскерлері Үндіқытай түбегін талқандап жатқан тұста Әли «Мәні мен  мағынасы жоқ соғыстың еш жақсылыққа апармайтынын» ашық түрде жария етті. Сол кездері атағы жер жарған боксшы сан миллион жамағаттың алдында өзін бейбіт өмірді қалайтын, адамгершілік пен бауырмалдық, халықтар достығы мен ынтымақтастығы идеясын бәрінен биік қоятын нағыз көзі ашық, көкірегі ояу азамат ретінде көрсете білді.

Вьетнам соғысынан бас тартқан Әлидің мына бір қанатты сөздері көпшіліктің есінде сақталып қалды:

  • Өзіңнің сенімің үшін қудалану немесе түрмеге түсу еш қорқынышты емес. Вьетнамға аттанған менің мыңдаған отандастарым не үшін және кім үшін өліп жатқандарын өздері де білмейді. Үндіқытай түбегіне аттанған өрімдей жастар бостан-босқа қырылып жатыр. Сондықтан да мен қолыма қару ұстап, Вьет­намға барудан саналы түрде бас тарттым. Мен неге қан төгуім керек? Ме­нің олармен бөлісе алмай жүрген ештеңем жоқ. Сондықтан да солақай саясаттың же­тегінде кеткен жоқпын. Бауырлас Вьет­нам халқына оқ жаудырып, кінәсіз адамдардың қанын ағызғанша, түрмеге түскенім әлдеқайда артық.
  • Вьетнамдықтармен бөлісе алмай жүрген ештеңем жоқ. Олармен жанжалдасқан да, төбелескен де емеспін. Және де олар мені ешуақытта ниггер деп атаған жоқ.
  • Неге ақ нәсілді адамдар қара нәсілдерді Вьетнамға жіберіп, «сары нәсілділерді өлтіріңдер» деп бұйрық беруге тиіс? Сол бұйрықты орындасақ қана біз өз Отанымыздың патриоты саналамыз. Әйтпесе, қуғынға ұшырайсың. Ал сол біз қорғаға тиіс жерді кезінде ақ нәсілділер қызыл нәсілділерден тартып алған еді ,ғой…

Бір сөзбен айтсақ, Мұхаммед Әли соғысқа барудан бас тартқаны үшін талай азапты көрді. Оны шартты түрде түрмеге тоғытты. Атақ-даңқынан айырып, АҚШ аумағында жұдырықтасуына шектеу қойды. Төлқұжатынан айырып, шет мемлекеттерге шыға алмай қалды. Десек те, бұл қиындықтар өр мінезді жігіттің сағын сындыра алған жоқ. Ол билікке қарсы шықты. Қарапайым халықтың сөзін сөйлеп, дүйім жұрттың алғысына бөленді. Қара нәсілді азаматтардың құқығының сақталуын талап етті. Кедей-кепшіктердің жоғын жоқтады. Табаны тиген жердің барлығында Ислам дінін насихаттады. Осы позицияны соңғы демі таусылғанша ұстанды.

Оның спорттық жолына келер болсақ, жоғарыдағыдай жағдайға душар болғанша 29 жекпе-жек өткізіп,барлығында жеңіске жеткен еді. Арада үш жарым жылдан аса уақыт өткеннен кейін АҚШ билігі өз қателігін мойындап, Әлидің қайта шаршы алаңға шығуына рұқсат берді. Бұл ретте де ол өзінің мықтылығын тайға таңба басқандай етіп дәлелдеді. 1970 жылдың 26 қазанында ол өзінің отандасы Джерри Куорриді ұтты. Уақыт оза әлем чемпионы өзіне тиесілі атақтың барлығын қайтарып алды. Жалпы, 21 жылға созылған спорттық карьерасында Мұхаммед 61 кездесу өткізіп, 56 рет жеңіс тойын тойлады. 57 қарсыласын есінен тандырды.  Осылайша, Мұхаммед Әлидің есімі ХХ ғасырдың ең үздік кәсіпқой боксшысы ретінде  әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.

Тағы да оқыңыз:

Мұхаммед Әли не себепті мұсылман болды

Аты аңызға айналған Мұхаммед Әлидің соңғы суреттері (фото)

Мұхаммед Әлидің ұлы соңғы екі жыл бойына әкесімен араласпаған

Талқылау