"Назарбаевты құдіретке айналдыру амалынан туған жасанды мереке": Қазақстанда 1 желтоқсан — тұңғыш президент күні қалай тойланатын еді?
Биыл Қазақстанда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған тұңғыш президент күні ресми түрде тойланбайды. Себебі парламент депутаттары бұл датаны мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тастады. 2012 жылы тойлана бастаған бұл күнді бұрындары жұрт кеңінен атап өтетін: флешмоб ұйымдастыратын, мемлекеттік арналар Назарбаев туралы фильмдер көрсететін, жыл сайын кітап басылып шығатын, кітапханалар көрме ұйымдастыратын. Stan.kz ақпарат агенттігі тұңғыш президент күні бұған дейін қалай тойланғанын айтып бермек.
Мереке қалай пайда болды?
2011 жылы парламент 1 желтоқсан “Қазақстанның тұңғыш президенті күні” деп жариялады. Бұл датаны депутаттар жайдан-жай таңдаған жоқ. 1991 жылы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев тек өзі түскен сайлауда дауыстардың 98,78 %-ын жинап, Қазақстан президенті болды. Осылайша бұл орнында 2019 жылға дейін отырды. Экс-президент мемлекет басшылығынан өз еркімен кетіп, лауазымын сол кездегі Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Тоқаев президент сайлауына дейін президент міндетін уақытша атқарды. Назарбаев 2022 жылға дейін Елбасы деп аталып келді.
Биылғы қыркүйекте Мәжіліс депутаттары Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тастады. Мұны Тоқаев мақұлдап, заңға қол қойды.
Дегенмен 1 желтоқсан – Алғыс күні, Мемлекеттік рәміздер күні сияқты Тұңғыш президент күні болып қала береді, бірақ халық бұл күні демалмайды. Осы ретте өзгерістерді құптағандар да, наразы болғандар да табылды.
Журналист, “Дат” газетінің жетекішісі, қоғам белсендісі Ермұрат Бәпи Жаңа Қазақстанда мұндай “жасанды” мереке болмағаны жақсы дейді.
“1 желтоқсан – кезінде Нұрсұлтан Назарбаевты әлдеқандай қылып, құдіретке айналдыру, көкке жеткізу амалынан туған жасанды мереке. Назарбаев өзіне арналған қошемет, қолдау-қолпаштауты қатты жақсы көрді. Соның кесірінен түрлі-түрлі бастамалар көтерілді де, міне, осы мереке пайда болды. Қуанышымызға орай, мұны сайланған президентіміз түсініп, 1 желтоқсан күнін мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тастады. Дұрыс істеді. Жаңа Қазақстан орнасын десек, осындай жеке басқа табынушылық жойылуы керек. Қанша жерден біреуді көкке көтеріп, мақтап, мадақтап, жасанды дата, мемлекеттік мереке арнасақ та, халық бәрібір мұны шын мереке көрмейді”, — дейді ол.
Ал жазушы, драматург Дулат Исабеков “тірі адамға мереке арнау – ұят” дейді.
“1 желтоқсан Тұңғыш президент күні деп демалыс жариялап едік. Мұны алып тастағаны дұрыс болды. Тірі тұрған президенттің құрметіне демалыс жариялау – әлемдік деңгейдегі ұят нәрсе ғой”, – дейді Исабеков.
Кітаптар, көрмелер
Назарбаевты бірінші президент күнінде ұлықтау тәсілдерінің бірі — ол туралы кітап шығару немесе әлдеқашан жазылған кітаптар көрмесін өткізу.
Мысалы, 2014 жылғы 27 қарашада Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен көрмеде Назарбаев туралы үш мыңнан аса кітап, естелік, очерк пен өлең жинағы қойылған. Олардың арасында экс-президент туралы бірқатар шығарма жазған саясаттанушы Махмұд Қасымбековтың кітаптары бар: бірнеше тілге аударылған "Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян", "Елін сүйген, елі сүйген Елбасы", "Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы" деген 13 томдық жинақ, "Послание президента в потоке истории: политический анализ, документы, публицистика".
Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та кезінде Нұрсұлтан Әбішұлына екі шығарма арнаған еді — "Нұр мен көлеңке" және "Он делает Историю" деген мақалалар мен очерктер жинағы. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін де Қасым-Жомарт Кемелұлы ол туралы шығарма жазғанына өкінбейтінін айтты.
Бұрынғы президент туралы кітап жазатындардың арасында парламент депутаттары да бар. 2018 жылы сол кездегі депутат Бақыт Смағұлов 1 желтоқсан қарсаңында “Нұрсұлтан Назарбаев. Алтын ғасыр” деген кітап шығарды. Туындының аяғында ол сол кездегі Елбасына 46 өлең арнаған.
“Кітабымда президенттің алысты жақындату, аразды татуластыру, бітімгерлік қабілетін, бейнесін көрсете алдым деп ойлаймын”, — дейді Смағұлов.
Жастар қатысқан флешмобтар
1 желтоқсан қарсаңында жиі өткізілген шаралардың бірі — флешмоб. Оларға көбіне жастар қатысатын. Іс-шараны мектептер, колледждер мен университттер, музейлер ұйымдастыратын еді.
2018 жылғы қарашаның аяғында Өскеменде Ольга Рыпакова атындағы үлкен спорт сарайында мектеп, колледжде оқитын, спорт секцияларына баратын 500 бала қатысқан “Ел тірегі — Елбасы” флешмобы өтті.
“Біз табысты елде тұрып жатырмыз. Мұның бәрі — Нұрсұлтан Әбішұлы атқарған зор еңбектің нәтижесі. Оған осы үшін алғыс айтамын”, — деген еді жеңіл атлеттен 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова.
Ал сол жылы Таразда Назарбаев интеллектуалдық мектебінде оқитын 50 күйші Small супермаркетінде “Балбырауын”, “Келіншек”, “Қара жорға”, и "Ерке Сылқым" күйлерін шертті. Мектептің сайтына сенсек, “мұндай патриоттық акциялар жыл сайын қараша аяғында елдің барлық Назарбаев мектебінде өткен”.
Ал Павлодарда YouTube-тағы B.Life арнасы мен “Жас Ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымының өкілдері сауда орталығында "Елін сүйген, елі сүйген Елбасы" флешмобын өткізді. Онда жастар Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйіп тыңдайтын "Когда весна придет..." әнін шырқаған.
Голливуд режиссёрының "Qazaq: Алтын адамның тарихы" фильмі
2021 жылғы желтоқсанда мемлекеттік үш телеарна Қазақстанның бұрынғы басшысы туралы "Qazaq: Алтын адамның тарихы" деген деректі фильмді көрсетті. Оның авторы — үш Оскардың иегері, АҚШ режиссері Оливер Стоун.
reuters.com
Сегіз сериялы фильмде Назарбаев билікте отырған жылдарын еске алып, сұхбат алып отырған режиссёрға Қазақстанның болашағы туралы ойын айтады.
Қазақстандағы да, шетелдегі де сарапшылар туынды Назарбаевты тек мақтағанын, кем тұстарын баяндамағанын айтып сынаған еді.
Кейін журналистер анықтағандай, бұл фильм Назарбаев ашқан қордың ақшасына түсірілген екен. Vlast.kz және OCCRP басылымдары жүргізген зерттеуге сенсек, “Қазақстан Республикасының Тұңғыш президентінің қоры” америкалық режиссерге 7 миллион доллар төлеген.
Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі концерттер
Концертсіз мереке болмайтыны рас. Тұңғыш президент күні де концертсіз өтпейтін. Түрлі жылы Қазақстанның түкпір-түкпірінде жергілікті әншілер қатысқан концерттер өтетін.
2021 жылы бұл күн ерекше аталып өтті. Себебі Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті болғанына және Қазақстан тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған еді.
Былтыр Алматыдағы Республика сарайында "Елбасы. Жастар. Болашақ" атты концерт өтті.
Іс-шараға ғылым мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қаланың құрметті тұрғындары, ардагерлер кеңесінің, қоғамдық бірлестіктер, жастар мен балалар ұйымдарының мүшелері шақырылған. Оларға әуелі “Елбасының Қазақстанды қалыптастырғанына, нығайтқанына” арналған ролик көрсетілді.
Салтаннатты кеште Роза Рымбаева, Әлішер Кәрімов, “МузАрт”, “Кешью” топтары сынды әншілер өнер көрсеткен. Концертте бұрынғы Елбасы жазған әндер мен ол туралы жазылған туындылар орындалған.
Тұңғыш президент күніне орай өтетін концерттердің мазмұны ұқсас. Әдетте іс-шара басында бұрынғы мемлекет басшысын ұлықтайтын бейнеролик көрсетіледі. Әкім сөз сөйлейді. Концертке құрметтілер шақырылады. Танымал әртістер Назарбаевтың өмірінен үзіндіні негізге ала отырып өнер көрсетеді.
Мәселен, былтыр Оралда да Алматыдағыдай концерт өтті. Іс-шараның басында Назарбаевтың жетістігін тізген видео көрсетілді. Кейін облыс әкімі сөз сөйледі.
“30 жылда тұңғыш президент — Елбасының арқасында жас Қазақстан мемлекеті тұрақты экономикасы бар, дүниежүзінде саяси орны бар бір елге айналды”, — дейді БҚО әкімі Ғали Есқалиев.
“Тегін Қазақстан”
Бұл күнге орай бұрын қалаларда бір реттік акциялар ұйымдастырылатын. Мысалы, 2012 жылы тұңғыш президент күні бірінші рет аталып өткенде Астанада Екінші дүниежүзі соғысы ардагерлерінің әрқайсысына 30 мың теңге берілді (200 долллар).
Ал 2018 жылы бір күн мерекеге орай Павлодар тұрғындары автобусқа тегін мінген. Бұл акция 2021 жылы Ақтауда да өтті.
Кей жылы Қазақстанның тұрмысы төмен азаматтарына 1 желтоқсан күніне орай жәрдемақы берілетін. Мысалы, 2019 жылы Астананың кейбір тұрғынына 11 мыңдай теңге көмек көрсетілді.
2022 жылдың басында Назарбаевтың құрметіне тұрмысы төмен отбасылар 13 мыңдай теңге жәрдемақы алады деп хабарланды. Бірақ қыркүйекте Тұңғыш президент күні мемлекеттік мереке болып есептелмейтін болды. Десе де, жұртқа бұл жәрдемақы сонда да берілуі мүмкін.