Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев университетінде "студенттің қыздарға арналған әжетхананы видеоға түсіргенін" хабарлаған жігіт оқудан шығарылмақ (видео)

Астанадағы Назарбаев университетінде "студент жігіттің қыздарға арналған әжетхананы видеоға түсіргені" туралы ақпаратты таратқан студент оқудан шығарылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Оқудан шығарылғалы жатқан Темірлан есімді студенттің сөзінше, қыздарға арналған әжетхананы видеоға түсірген жігітке тек айыппұл салынған. 

"Студент жігіттің қыздар әжетханасын видеоға түсіргені туралы ақпаратты маған бір студент айтты. Сосын бұл оқиғаны көпшілікке жария еттім. Бірақ бұл туралы бұған дейін 4 мың адамы бар студенттер чаттарында талқыланған еді. Дегенмен менің пікірім танымал боп кетті. Бұл ақпаратты жариялау себебім Қазақстанда әйелдер құқығы қорғалуы керек. Себебі елімізде зорлық-зомбылық эпидемиясы тарап жатыр. Мұндай жағдайлардың көбеюі қоғамда зорлық-зомбылықтың қалыпты жағдайға айналғанын көрсетеді. Орынсыз әрекетке барған студентке жай ғана айыппұл салынды. Полиция оған университетке кіруге тыйым салды. Бірақ ол оқудан шығарылған жоқ. Керісінше маған қатысты тәртіптік тыңдалым өтпек. Енді менің оқудан шығарылуым немесе басқа да санкцияға ілінуім мүмкін", – деді студент. 

@internet_nomad

 

♬ vertigo - insensible & énouement

Желі қолданушылары оқудан шығарылуы мүмкін жігітке қолдау білдірді. Олар университет басшылығы қоғамдағы өзекті мәселені көтерген студентпен мақтануы керек дейді. 

"Шындықты айтып шырылдаған адамды жазалаудың не қажеті бар!", "Егер оқудан шығарса, дереу сотқа шағымдану керек. Талап арызға оқуға қайта шақыруды және моральдық өтемақы талап еткен жөн", "Сізді оқудан шығарып жатса, демек университет әкімшілігі әйелдерге зорлық-зомбылық жасаумен айналысады. Оқудан шығарылуыңызға себеп таппай отырмын. Егер университет басшылығы өз абыройы үшін алаңдаса, жігітке лайық жазасын берсін. Зардап шеккен қыздарға психологиялық көмек көрсетсін", "Осы мәселені қоғамдық талқыға салғаның үшін рақмет! Назарбаев университеті осындай студенттерімен мақтануы керек", – деп жазды желі қолданушылары. 



Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Назарбаев университеті басшылығынан мән-жайды сұрап білді. 

Университет мәліметінше, жоғары оқу орны басшылығы студенттерді қорғау мақсатында керек шараларды қабылдады. Дисциплинарлық комиссияда студентке қатысты шешім қабылданады дейді. 

"Қазір ішкі тергеу жүріп жатыр. Университет кампустағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдады. Видео түсірген студент кампустан шеттетілді. Одан бөлек, университет студенттерді қорғау мақсатында керек шараларды қабылдады. Дисциплинарлық комиссияда студентке қатысты шешім қабылданады. Ал құқық қорғау органдары тарапынан мәселенің қалай шешілгенін білесіз. Желіде ақпарат таратқан университет студентіне жоғарыдағы оқиғаның мүлде қатысы жоқ. Университет регламенттеріне сай, бұл ішкі тергеу болғандықтан, деректер жария етілмейді. Дисциплинарлық комиссияны академиялық қауымдыстық өкілдері өткізіп жатыр", – делінген университет хабарламасында. 

Айта кетейік, бұған дейін Назарбаев университетінде студент жігіт қыздарды дәретханада жасырын видеоға түсіргені туралы жазған едік. Мәліметке сәйкес, студент 30 видео түсірген. Кейіннен университет басшылығы студент жазаланып, айыппұл салынғанын мәлімдеген. 

Талқылау