"Біз онымен кеңеспейміз": Сенат төрағасы Назарбаевтың қазіргі саясатқа араласпайтынын айтты
Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі саясаттағы рөлі туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сенат отырысынан кейін журналистер бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатқа араласып жатқаны туралы сауал қойған. Өз жауабында М. Әшімбаев ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі саясатқа араласпайтынын мәлімдеді.
"Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Әрине, ауқымды шараларда, референдум, сайлау секілді шараларға ел азаматы ретінде қатыса алады. Барлық мәселелер заңда көрсетілгендей шешіліп жатыр. Конституцияға байланысты Президент құқықтары бар, Үкіметтің, Сенаттың, Мәжілістің құқықтары бар. Солардың бәрін заң жүзінде іске асырып жатырмыз. Нұрсұлтан Әбішұлы референдум болғанда өзінің дауысын берді, бұл – әрбір азаматтың құқығы. Бірақ саясаткер ретінде, Тұңғыш Президент ретінде Қазақстанның саясатына араласып отырған жоқ. Біз онымен кеңеспейміз", – деп жауап берді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы қазіргі кезде биліктің барлық тармағы, барлық мемлекеттік органдар заң жүзінде өз құзіреттерін жүргізіп жатқанын еске салды.