Науқастың соққысынан кейін комаға түскен қостанайлық дәрігер есін жинады
Фото: instagram.com/nashkostanay
Соққыға жығылған Қостанай облыстық ауруханасының дәрігері Антон Кистанов қазір Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында емделіп жатыр. Ол жансақтау бөлімінен неврология бөліміне ауыстырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Instagram-дағы Nashkostanay парақшасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, дәрігер ұлттық орталыққа жабық бас сүйек-ми жарақаты, мидың ауыр дәрежедегі жарақаты, ми жартышарының оң жағында субдуралдық қан құйылу, қарақұстың жабық сызықтық сынуы диагноздарымен жеткізілген.
"Бүгінде науқастың жағдайы оңалып келеді. Науқас есін біледі, байланысқа түседі, бағдарлай алады. Бас миының ауыр жарақаты бойынша диагностикалық хаттамаларға сәйкес дәрілік ем тағайындалды", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облыстық ауруханасында науқас дәрігерге шабуыл жасағанын жазған едік. Науқастың шабуылынан есінен танып қалған Антон Кистанов кейіннен комаға түсіп қалды. Ауыр жарақат алған дәрігер санитарлық авиациямен Астанаға жедел медициналық жәрдем орталығына жеткізілді.
Дәрігерге шабуыл жасады деген күдікпен облыстың 34 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті алдағы екі ай қамауда отырады.

Қазақстандық қыз АҚШ-қа оқуға барып, жүкті екенін білді: Ол қолындағы баласымен Йель университетін бітіріп, Стэнфордқа түскен
