Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Намазға жығылып, тәуелділіктен арылдым": Қазақстандық жігіт есірткі қолданамын деп қалай өлім аузынан қалғанын айтып берді

32-жастағы Руслан есімді азамат көп жылдар бойы есірткіге тәуелді болған. Зиянды әдеттен арылып, жаңа өмір бастауға күші жетпегенін де мойындайдайды. Қанша ем алып, дәрігерлерге жүгінсе де нақта нәтиже болмаған. Осыдан 4 жыл бұрын дінге бет бұрып, Намаз оқығаннан кейін ғана нашақорлықтан түбегейлі арылған. Өзінің өмірлік оқиғасын қазақстандық жігіт Stan.kz тілшісіне әңгімелеп берді. 

Руслан анасынан ерте айырылыпты. Мектеп бітірген жылы әкесі екінші рет үйленіп, отбасын құрған. Жас жігіт өгей анасымен тіл табыса алмағанын айтады. Араларында жиі жанжал болып, үйдің берекесі кетіпті. Осының салдарынан Руслан үйінен кетіп қалып, қалада жұмыс жасап жүріпті. Бастапқыда достарымен ішімдік ішіп, ересек өмірдің қызығына тоймай жүрген. 

"Мектеп бітіргеннен кейін, оқуға түсуге мүмкіндік болған жоқ. Шынымды айтсам, менің де студент атануға ниетім болмады. Достарыммен бірге қалаға бардым, бастапқыда ТЖО-да жұмыс жасадым. Кейін көлік жуып, ақша тауып жүрдім. Көбіне тапқан табысым ішімдікке кетіп жүрді. Уақыт өте келе, күнделікті ішімдік ішетін болдым. Араққа тәуелді болып қалғанымда байқамай да қалдым", – дейді Руслан. 



Баласының жағдайын білген соң, әкесі жігітті дереу ауылға қайтарған. Алайда мұнымен проблема шешіле қоймапты. Әулет үлкендері қанша ұрысса да, ақыл айтса да Руслан арақтан түбегейлі бас тартпады. Ауыл дүкендерінен қарызға алып ішетінді шығарды. Сатушылар ішімдік бермей қойғаннан кейін, әкесінің қалтасынан ұрлайтын болыпты. Кейін қайтадан қалаға кетіп қалып, баяғы тіршілігіне қайта оралды. 

"Бұрыңғы таныстарымды қайтадан жолықтырдым. Бұл жолы құрылыста жұмыс жасап жүрдім. Бір күні достарымызбен бас қосқанда, иісі жағымсыз бір шөпті шегіп көрдім. Бастапқыда ұнамады, кейін бірнеше рет шектім. Гашиш екенін, оның қаншалықты зиян екенін білсем де тоқтай алмадым. Тапқан табысымды осыған жұмсап отырдым. Шөп шекпесем, сұмдық ауыратынмын, аяқ-қолым барлығы қақсайтын болды. Жынданып кетуге сәл-ақ қалдым", – дейді азамат. 

Осылайша есірткіге тәуелді болып қалған Русланның бірте-бірте қарызы да көбейіп кетеді. Бірнеше мәрте ұрлық үстінде ұсталып қалып, әрең құтылған екен. Бұл жолы жігіт емді өзі іздеп барады. Бастапқыда алты айға дейін наркологиялық диспансерде жатып, дәрігерлердің бақылауында болады. Мамандар қолдан келгенше көмек беріп, жігітті есірткіге тәуелділігін емдейді. 

"Бірінші рет диспансерге жатқанымда, маған "Полинаркоман" деген диагноз қояды. Яғни менде араққа да, есірткіге де тәуелділік болды. Оның үстіне арасында клей иіскейтінмін. Алты айдан кейін біраз уақыт ремиссия болды. Басқа адамдар секілді жұмысыма барып, күнделікті тіршілігімді жасап жүрдім. Кейін рецидив қайталанды. Наркологиялық диспансерге қайта-қайта түсетін болдым. Бір рет өліп қала жаздадым. Қазір еске алудың өзі қорқынышты", – дейді қазақстандық жігіт. 

Руслан метадонды терапия негізінде де ем қабылдаған. Көптеген психолог мамандармен жұмыс жасаған. Десек те азаматтың ерік-жігерінің аздығынан ем нәтижесі ұзаққа созылмапты. Диспансерден кезекті рет шыққанда, әкесі өзімен ертіп ауылға алып кеткен. Баласын жанынан тастамай, ұрыс-жанжал шығарса да қалаға жібермей қойған. 

"Әкем – бес уақыт намаз оқитын кісі. Бір күні өзімен бірге дәрет алғызды. Өзінің жайнамазының жанына маған да төсеп берді. Өзінің істегенін маған қайталатып тұрды. Неге екені белгісіз, жайнамазға тұрғанымда еңіреп жылап қойдым. Кейін "Құран" сүрелерін жаттадым. Ауылдағы мешітке "Жұма" намазға баратын болдым. Әрине, есірткінің бірден қойып кеттім деп айта алмаймын. Бірақ бұрынғыдай емес, бойымда күш бар екенін сезіндім. Біртіндеп, есірткіге деген аңсарым жойылды. Қазір шөп шекпегеніме төрт жылға жуық уақыт болды", – деп ағынан жарылды жас жігіт. 

Бүгінде Руслан бес мезгіл намазын қаза қылмайды. Әкесімен құбылаға қарап, мұсылмандық парызын орындайды. Өгей шешесінен туылған бауырларына көп көңіл бөлуге тырысады. Ауыл ішінде кішігірім кәсібін ашып, нәпақасын тауып жүр. Жігіттің ендігі арманы – отбасын құрып, бала сүю. 

"Қарап отырсам, 10 жылға жуық уақыт арақ пен есірткінің құлдығында болған екенмін. Айнала беретін дөңгелек, одан түсіп қалу мүмкін еместей көрінетін. Бірнеше рет диспансерде жаттым, ем алдым. Бірақ нәтиже уақытша ғана болатын. Есірткіге ақша болмай қалса, арақ ішетінмін. Адамға ұқсамай кеткен кездерім үшін ұяламын. Әкеммен төбелесіп, қалаға қашқаным да есімде. Бұл бір – қасірет. Қазір бәріне шүкіршілік етемін. Бұрыңғы өміріме оралғым келмейді", – деді Руслан.  

Талқылау