Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Маскүнемділік пен нашақорлықты емдеуге болады": Қызылордалық нарколог-дәрігер кәсіптік міндеті туралы айтып берді

Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда ішімдік пен есірткіге тәуелді адамдар жиі кездеседі. Зиянды әдетінен өз еркімен бас тарта алмайтын азаматтарға дәрігерлер көмек көрсетуге дайын. Дегенмен ұзақ уақытқа жалғасатын емнен кейін қажетті нәтиже бола бермейді. Бұл кезекте ем алушының ерік-жігері мен сенімі негізгі рөлді атқарады. Қызылордалық нарколог дәрігер Елена Цой да осы пікірге келіседі. Stan.kz тілшісі білікті маманмен сұхбаттасып, талай отбасы ойрандаған дерт турасында әңгімелескн еді.

- Қайырлы күн, Елена Валерийқызы. Осы салада еңбек етіп жүргеніңізге неше жыл болды? Не себепті медицина саласын таңдадыңыз?

- Қайырлы күн. Жалпы дәрігер болу - бұл менің бала кезгі арманым болатын. Бастапқыда мен хирург болғым келді, кейін өзімді терапевт ретінде елестететін болдым. Бірақ соңғы шешімім дәрігер-нарколог болды. Бүгінде медицина саласында еңбек етіп келе жатқаныма 30 жылға жуық уақыт болды. Жалпы, мамандық таңдауда қателескен жоқпын деп есептеймін. Негізгі міндетіме маскүнемділік пен нашақорлыққа шалдыққан азаматтарды емдеу кіреді. Мұнан бөлек, азаматтарды медициналық куәландырудан өткіземін. Бүгінде Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісімін. 

- Ішімдікке тәуелділік қалай пайда болады? Жалпы маскүнемділікті емдеуге болады ма? 

- Негізінен ішімдікке тәуелді азаматтар көп уақытқа дейін өздерін науқас санамайды. Дәрігерге қаралудан, медициналық көмекке жүгінуден бас тартады. Бізге көп жағдайда ауруы асқынып кеткен науқастар келеді. Негізінен ішімдікке тәуелділік бірте-бірте басталады. Яғни, адамның ағзасы алкогольмен жиі уланған сайын, тәуелділік те сол деңгейде арта бастайды. Аптасына бір рет араққа сылқия тоюдың өзі маскүнемділікке әкеліп соқтыруы мүмкін. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда біздің орталықта ем алған науқастардың 4-8 пайызы ғана дертінен толыққанды жазылады. Көп адамдарда ұзақ уақытқа созылмайтын ремиссия болады. Маскүнемділікте бірінші кезекте дәрі-дәрмектер арқылы ем жүргізіледі. Мұнан соң психологтардың атқаратын міндеті зор. Ішімдікті қою үшін ем алушының ерік-жігері болуы тиіс. Бірақ көбіне науқастар ішімдіктен толыққанды бас тарта алмай жатады. 

- Әйел адамдарды маскүнемділіктен емдеу қаншалықты қиын? Әйел алкоголизмі емделмейді деген рас па?

- Шынымен әйелдерді маскүнемділіктен арылту өте қиын. Нәзік жандылар стресске, депрессияға жақын. Олардың ер азаматтарға қарағанда ерік-жігері өте төмен. Әйелдер ішімдікке тез тәуелді болады. Олармен маман ретінде жұмыс жасау да қиын. Маскүнемділіктің салдарынан олар әлеуметтік статусын тез жоғалтады. Яғни, ана ретінде балаларына, жар ретінде күйеуіне көңіл бөлуді қояды. Әйелдердің ремиссия кезеңіне де ұзаққа созылмайды. Дегенмен бар күшін жинап, дертінен жазылуды шешкен кезде, олар үшін алынбайтын қамал болмайды. 

- Отбасында ішімдікке тәуелділігі бар азаматтарға қандай кеңес бересіз?

- Отбасында ішімдікке тәуелділігі бар адамның болуы - үлкен дерт. Адам төзгісіз қиындық деп ойлаймын. Жақыны маскүнем болған жанның қалыпты өмір сүруі мүмкін емес. Өйткені оның бар ойы шашыраңқы болады. Психологиялық жағдайы да тұрақсыз. Ең бірінші кезекте, маскүнемділікпен күресу керек. Проблеманы дер кезінде шешкен дұрыс. Ішімдікке салынған адамның денсаулығында көптеген кінәрат болады. Яғни, алкогольдың салдарынан бауыр, өт жолдары аурулары пайда болады. Оларды емдемеген жағдайда науқасты құтқару мүмкін емес. Жалпы, жұмыс тәжірибемде осындай жағдайға тап болған аналар мен әйелдерді көрдім. Ана баласы қандай болса да одан бас тарта алмайды. Ішімдікке сылқия тойған ұлынан таяқ жейтін егде кісілер де бар. Күйеуінің зорлық-зомбылығына шыдап жүрген нәзік жандылар да жетеді. Көп жағдайлар да олардың өмірі тозаққа айналған. Бұрын біз науқаспен де оның жақындарымен де психологиялық кездесулер ұйымдастыратынбыз. Қазір коронавирусқа байланысты бұл жұмыстар тоқтап қалды. Ең бастысы шыдамдылық керек. 

- Жұмыс тәжірибеңізде дертінен толықтай емделе алған науқастар болды ма?

- Әрине. Осыдан шамамен 5-6 жыл бұрын мен бір науқасты емдеген едім. Ол поли-наркоман болатын. Яғни, ер азаматтың ішімдікке де, марихуаннаға да, героинге де тәуелділігі болды. Біздің орталығымызға бірнеше рет келіп түсті. Ремиссиясы ұзаққа созылмайтын. Өзі жап-жас жігіт. Әлеуметтік статусын жоғалтып алған, жақындарының барлығы бас тартқан. Ата-анасы күресуден әбден қажыған. Ол жігітпен жеке дара жұмыс жүргіздім. Психолог маманның көмегі көп тиді. Қазір ол науқас дертінен толықтай жазылған. Отбасысы бар, бизнесі шарықтап тұр. Ара-арасында хабарласып, алғысын білдіріп тұрады. Мұндай жағдайлар бізге үлкен мотивация береді. Біз маскүнемдер мен нашақорлардың өмірін сәл де болса ұзаруына септігімізді тигізіп жүрміз деп ойлаймын. 

- Бұрыңғы уақытпен салыстырғанда облысымызда нашақорлардың саны азайған ба? 

- Азайды деп айта алмаймын. Келесі буын бұрыңғы буынды алмастырып жатыр. Өкінішке орай, қазір "отбасылық" нашақорлардың саны артқан. Яғни, күйеуі де, әйелі де есірткіге тәуелді. Көп жағдайда ер азаматтар нәзік жандыларды нашаға "отырғызып" қояды. Оларды емдеу өте қиын. Көбіне науқастар метадонды терапияға жүгініп жатады. Есірткіге тәуелді ағзаның толықтай жазылып кетуі екіталай. Анашаны пайдалануды тоқтатқан азамат 10-15 күнге созылатын ауруға, яғни қарапайым тілмен айтқанда "ломкаға" шыдау керек. Сол кезде бұл сырқатты жеңіп шығуға болады. 

- Жұмыстарыңыз оңай емес екені белгілі. Өмірлеріңізге нақты қауіп төнген кездер болды ма? 

- 1998-99 жылдар болатын. Ол кезде мен жас маман едім. Орталығымызға 4 адам орналастырылды. Төртеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Олар есірткі алқабын егумен айналысқан. Медициналық куәландыру жасау үшін бөлімшеге жатқызылды. Мен кезекші дәрігермін. Түнгі 23:00 шамасы. Ол жылдары бізді полиция мамандары күзететін, қауіпсіздікке көп көңіл бөлінді. Бір кезде бөлімшеде жарық өшіп қалды. Дәліз тып-тыныш, тек арагідік адамды сүйрегендей дыбыстар шығады. Жағдайды анықтау үшін кабинетімнен шыққанымды, бағанағы нашақорлардың біріне тап болдым. Қолындағы мылтығын менің ішіме тақады, өзі анаша қолданғаны көрініп тұр. Ажалмен беттескен кезім болды. Кейін білгеніміздей, бостандықта жүрген серіктестері ішке терезе арқылы қару кіргізген екен. Санитар, мейірбикелер мен күзетті байлап, бір бөлмеге қамап қойған. Әрең дегенде науқаспен келісіп, аман қалдық. Сол жағдай әлі күнге дейін менің есімнен кетпейді. Жалпы, жұмыс барысында медицина қызметкерлеріне көп шабуыл жасалынады. Екіқабат мейірбикені ішінен тепкен нашақор да болды. Абырой болғанда, аман-есен жұмыс жасап жүрміз. 

- Сұхбатыңызға рахмет.         

 

STAN.KZ
Бейсенбі, 29 Сәуір, 2021 18:32
Талқылау