Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нағашыларының тегімен тарихта қалды": Біржан Хасанғалиев әкесі туралы естелігін бөлісті

Танымал музыкант Біржан Хасанғалиев марқұм әкесі Ескендір Хасанғалиевке қатысты естелік айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/birjan_khassangaliev/

Өнер иесі марқұм композитордың балалық шағынан сыр шертіп, kaz.inform.kz агенттігіне сұхбат берді.  

“Әкем нағашыларында тәрбиеленіп өскендіктен сол кісілердің атымен тарихта қалды. Туған әкесі — Құбаш Ибрашев, анасы — Қанаш Өтегенқызы. Туған атам 1942 жылы 24 жасында ауырып қайтыс болады. Сөйтіп, нағашы атасы Өтеген Хасанғалиев пен Бақия әжесі оны қамқорлығына алады. Ескендір Хасанғалиев 1961 жылы ең алғашқы шыққан "Анаға сәлем" әнін туған анасы Қанашқа емес, әжесі Бақияға арнаған. Нағашы атасы мен әжесін қатты жақсы көрген. Өкінішке қарай, Құбаш атамның аты ұмыт қалды. Әкем туған әкесі туралы кейін білген", –деп әңгімесін бастады музыкант.  



Одан кейін Біржан өз ата-тегін алғысы келіп, фамилиясын өзгертпек болған. Алайда әкесі қарсы болғасын, ол ойынан бас тартқан. 

“20 жасымда фамилиямды, яғни тегімді Ибрашев деп өзгерткім келді. Бірақ әкем іштей оған қарсы болды. Мен соны сездім, көрдім. Содан кейін ойымнан бас тарттым. Хасанғалиев деген тек — бренд. Барша қазақ таниды. Осылайша Хасанғалиев болып қалдым. Балаларым да Хасанғалиевтер", –  дейді ол. 

Еске салайық, марқұм сазгердің келіні атасы туралы сыр шерткен еді. 

Гүлдана Нұрлыханова
Жұма, 14 Ақпан, 2025 14:16