Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балықтар мұзда қатып қалған: Елорда әкімдігі ботаникалық бақтағы келеңсіздікке қатысты түсінік берді

Белгілі журналист Михаил Козачков өзінің Telegram арнасында Нұр-Сұлтан қаласындағы ботаникалық баққа қатысты видео жариялады. Видеодан бақ арқылы өтетін ағын суда мұзбен бірге қатып қалған балықтарды көруге болады. Бұл мәселеге қатысты елорда әкімдігі түсінік берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

коллаж козачков

Журналист сыни жазбасында су қоймасын тұрғындар үшін қауіпті деп танып, оның орнына тұрғын үй кешені мен сауда орталығын салуды ұсынған. Ал әкімдік өз жауабында ботаникалық бақта орналасқан су қойманың жасанды екенін, оның субұрқақтың суару жүйесіне арналып салынғанын айтқан.

Есіл аудандық әкімдігінің мәліметінше, аталған су қоймасы балықтардың тіршілігіне арналмағандықтан, жасанды су қоймасында балық өсірілмейді.



"Балық шабақтары су қоймасының басы басталатын "Нұра" арнасы арқылы су қоймасына келіп түсуі мүмкін", –  дейді әкімдік.

Сонымен қатар жауапты мекеме күн райы суытқан уақытта су қоймасы түгелдей мұзға айналатынын, себебі  су қоймасының тереңдігі 0,5 м-ден 3,5 метрге дейін ғана екенін қосты.

Әкімдік су бетіндегі мұз ерігеннен кейін тазарту жұмыстары жүргізілетінін айтып, түйіндеді.

Ақберен Амангелді
Дүйсенбі, 11 Сәуір, 2022 08:53
Талқылау