Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұсылмандардың мерекесі емес": Берденов жаңажылдық кешті тойлауға тыйым салды деген ақпарат тарады

Фото: Шымкент қаласын әкімінің баспасөз қызметі

Алматы қаласы дамыту орталығын басқарып отырған Руслан Берденов компанияда жаңажылдық корпоративті өткізуге тыйым салған. Оған діни сенімі себеп болыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жағдайды Threads желісінде қазақстандық азамат баяндаған. Ер адамның айтуынша, басшылық корпоративтік кешті өткізбегенімен қоймай, бюджетте қарастырылған жаңажылдық тәтті сыйлықтарды да қызметкерлерге таратпаған.

“Бұл ұжымдық этиканы өрескел бұзу әрі кемсітушілік белгісі. Корпоративтің ресми түрде тоқтатылу себебі “Жаңа жыл мұсылман мерекесі емес” деп көрсетілген. Жаңа жыл Қазақстандағы мемлекеттік мереке (“Мерекелер туралы” заңға сәйкес). Біз дін мемлекеттен және еңбек қатынастарынан бөлінген зайырлы елміз. Мұнда мәселе тәттілерде де, кеште де емес. Мәселе екіжүзділік пен қос стандартта. Елестетіп көріңіздер: егер христиан дінін ұстанатын басшы Наурызды немесе Айтты “менің жеке сеніміме сай келмейді” деп тоқтатса, қоғам қалай қабылдар еді? Міндетті түрде дау туар еді. Ал неге керісінше жағдай қалыпты нәрсе ретінде қабылданады?”, – деп жазды ол. 

Фото: Threads

Ер адамның сөзінше, басшылықтың жеке діни көзқарасы Еңбек кодексін, компанияның жарғысын және қарапайым ақылға қонымды нәрсені алмастырмауы тиіс. 

“Идеология кәсібилікті ығыстырған жерде құлдырау басталады. Осы жазбамды Қазақстандағы бизнес этикасына қатысты ресми сұрақ ретінде қабылдауды сұраймын. Айта кетейін, мен де мұсылманмын, алайда көзқарасты күштеп таңуды құптамаймын. Мұндай әрекеттер саналы дін ұстанушылардың бейнесіне нұқсан келтіріп, бізді өз пікірін бәріне тықпалайтын адам ретінде көрсетеді. Бір-бірімізді құрметтейік біз әртүрліміз, әрі бұл керемет”, – деп жазды ол.

Алматылық азамат компанияның мемлекеттік мекеме екенін, оның дінмен ешқандай байланысы болмауы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар, оның мақсаты бюджет есебінен мереке ұйымдастыру емес екенін де нақтылады.

“Біз корпоративті өз қалтамыздан өткізе аламыз. Мәселе бұдан әлдеқайда терең. Егер мереке экономикалық дағдарысқа байланысты тоқтатылса түсінер едік. Бірақ жеке діни сенімге байланысты тойлауға тыйым салды. Бұл қауіпті прецедент. Егер бүгін мемлекеттік мерекенің діни уәжбен тоқтатылуына үнсіз келісе берсек, ертең не болады? Ашықтық мәселесі. Бюджет бекітілген. Мен бюджеттен бөлінген қаржыны өз көзіммен көре алмаймын, бірақ бөлінген қаражат орнында қалды деп үміттенемін. Тағы да қайталаймын: компания есебінен мереке ұйымдастыруды талап етіп отырған жоқпын”, – деді ол.

Ал Руслан Берденов бұл мәлімдемеге жауап беріп, жарияланған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. Сондай-ақ ол жазба авторына қатысты тексеру жүргізілетінін хабарлады.

“Мен үшін Жаңа жыл ең алдымен отбасылық мереке. Жақындармен бас қосып, өткен жылды қорытындылап, келер жылға жоспар құратын сәт. Ешкім ештеңені тоқтатқан жоқ. Қаласаңыздар, мерекені өздеріңіз атап өте беріңіздер, ешкім тыйым салмайды. Жалған ақпарат таратпауды сұраймын. Сізге қатысты мәлімет тексеруге жіберілді. Қауіпсіздік қызметі бұл мәселемен айналысып жатыр, келтірілген уәждер белгіленген тәртіппен қаралады”, – деді ол.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 31 Желтоқсан, 2025 14:24