Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұрны сынып, қан түкіріп жатты": Астанадағы автобус апатын көрген куәгерлер зардап шеккендерге қалай көмектескендерін баяндады

Астанада автобустың апатын көрген куәгерлер оқиға қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Самал" шағын ауданында, дәлірек айтсақ, Тәшенов пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында №10 автобус бағанаға соғылды. Куәгерлердің айтуынша, автобус жылдам жүрмегенімен, соққы қатты болған.

Соққы жолаушылар отырған жақтан алдыңғы оң жаққа тиген. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полицейлер жедел жеткен. Куәгерлердің айтуынша, сол күні кешке сирена дыбыстары бүкіл аумақта естілді.

“Орташа жылдамдықпен жүрді, бірақ соққы күшті болды. Ал автобус апатқа ұшырағанда бірден тоқтай алмай, біраз уақыт инерциямен қозғала берді. Соқтығыс болғаннан кейін бірден салондағы жарық сөніп, бұл адамдарға да әсер етті. Олар айқайлай бастады, сонымен қатар есіктер жабылды, ешкім шыға алмады”, – деді куәгер Мөлдір Жақан. 


Астанадағы автобус апатынан аяғынан айырылған 8 жасар қыздың отбасына 20 миллион теңгедей беріледі


Жергілікті тұрғын Мәриям соққы даусын естіген бойда оқиға орнына жүгірген. Ол зардап шеккендерге тез арада көмек көрсете бастады. 

“Мен бір қызды көрдім, беті қанап жатты. Оның мұрны сынып қалған, қан түкіріп жатты. Ол су мен майлықтарды сұрады, бетін жуып, тыныштандыруға тырыстым. Сонымен қатар басқалардың жанына бардым. Досым Ермұрат Әлихан аяғынан айырылған кішкентай қызды шығарып алуға көмектесті”, – деді тағы бір Мәриям Күленова. 

№1 автобус паркі жағдайға қатысты пікір білдірді. Айтуларынша, жүргізушінің тәжірибесі мол және оны маршрутқа жіберер алдында медициналық тексеруден өткен.

“Болған оқиғаға өкініш білдіреміз және барлық жолаушыға тезірек сауығып кетуін тілейміз. Автобус жүргізушісі жолаушылар тасымалы саласында жалпы 15 жылдан астам жұмыс өтілі бар, 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Оқиға болған күні ол міндетті түрде іссапар алдындағы медициналық тексеруден өтіп, жұмысқа жіберілген. Бұйрық бойынша демалыстан кейінгі бірінші күні жұмыс істейді”, – деді Астана қаласының №1 автобус паркінің баспасөз қызметі.

Елордалық полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

Олардың айтуынша, жүргізуші маневр жасау кезінде тізгінге ие бола алмай қалған. Себебі әлі белгісіз. Ол қамауда отыр. Сонымен қатар Астана әкімдігі зардап шеккен жолаушыларға медициналық және сақтандыру тексерісінен кейін заңға сәйкес ақшалай өтемақы төленетінін хабарлады.

Еске салсақ, Астанада жолаушылар автобусы апатқа ұшыраған еді. Автобус апатынан зардап шеккен жолаушылардың жағдайы туралы айтылды. 

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 04 Маусым, 2025 09:11
Талқылау