Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бомба, мина, граната": Әуежайда қандай сөздерді айтуға болмайды

Коллаж: Stan.kzКоллаж: Stan.kz

Әуежайда "бомба”, “жарылғыш зат", "граната" сияқты сөздерді айтуға тыйым салынған. Себебі әзіл ретінде айтылған тіркес те қауіп туралы хабарлама болып қабылданады. Сонымен қатар бұл Терроризм актісі туралы әдейі жалған ақпарат тарату болып саналып, қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Stan.kz Алматы және Астана әуежайындағы осыған қатысты ережелерді анықтады.

Алматы халықаралық әуежайының қызметкерлері кез келген төтенше жағдайда арнайы нұсқаулық пен алгоритмдерге сай әрекет етеді. Баспасөз қызметінің сөзінше, бұл жолаушылар мен персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жылдам әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.

"Әуежай аумағында тәртіпсіздік тудыратын әрекеттерге, мас күйде болуға және өзге де заңсыз қылықтарға қатаң тыйым салынады. Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 273-бабына (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны) сай, "жарылғыш зат", "бомба" немесе "қару" секілді қауіп туралы жалған ақпарат тарату — қылмыстық жауапкершілікке әкелетін құқық бұзушылық. Яғни бомба, қару сөздерін айтуға тыйым салынған", – делінген Алматы әуежайының Stan.kz-ке берген жауабында.

Қылмыстық кодекстің 273-бабына сай, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 5 000 АЕК-ке дейін (2025 ж 19,7 миллион теңге) айыппұл салынуы немесе түзеу жұмыстарына жіберілуі, сонымен қатар бес жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыруға дейін жазалануы мүмкін.

Ал Астана халықаралық әуежайының берген жауабы бойынша, әуежай жай ғана транзит нүктесі емес, ол – жоғары қауіпсіздік, тәртіп пен сенім жүйесі. Мұнда әр сөздің салмағы бар, әр әрекет бақылауда. Бейқам айтылған бір сөйлем бүкіл жүйені іске қосып, үлкен салдарға әкелуі мүмкін.

“Бомба”, “жарылыс”, “граната”, “мина”, “СВУ” (самодельное взрывное устройство) сияқты сөздер әуежайда әзілге жатпайды. Себебі мұндай тіркестер халықаралық стандарттарға сай, тікелей террористік қауіп ретінде қабылданады. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметі мұндай жағдайда барлық қызмет дереу әрекетке көшетінін ескертеді. Рейс тоқтатылуы, жолаушылар эвакуациялануы, жедел штаб құрылуы мүмкін. Бұл – тек ереже емес, авиациялық қауіпсіздік мәдениеті. Ол жолаушының сыртқы тәртібінен бастап, ішкі санасына дейін көрінуі керек. Себебі сөз — қару. Әсіресе әуежайда", – деп жауап берді Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.

Әуежайда қандай сөздерге тыйым салынады?

  1. Бомба
  2. СВУ – қолдан жасалған жарылғыш құрылғы
  3. Граната
  4. Мина
  5. Жарылыс және басқа да ұқсас мазмұндағы тіркестер
"Мұндай тіркестер әзіл ретінде айтылса да, олар ескерусіз қалмайды. Себебі бұл — жолаушылардың, экипаждың, әуежай персоналының өміріне төнетін ықтимал қауіп деп бағаланады. Қауіптің шынайы екеніне көз жеткізгенше, бүкіл терминалдың жұмысы уақытша тоқтауы мүмкін. Көңіл-күймен, қалжыңмен, “өзі де түсінеді ғой” деген оймен айтылған жалған қауіп туралы сөз — заң аясында қылмыстық жауапкершілікке жатады", – деп ескертті Астана әуежайы.

Қандай әрекеттер күдік тудырады?

Азаматтық авиация комитетінің және авиациялық қауіпсіздік қызметтерінің ақпараттық жадынамаларына сай, күдікті деп бағалануы мүмкін белгілер:

  1. Сырт келбеті ерекше немесе маусымға сай келмейтін киім киген тұлғалар (мысалы, жазда күртеше немесе шапан киген адам)
  2. Қауіпсіздік рәсімдеріне негізсіз қызығушылық танытқандар
  3. Күмәнді әңгімелер немесе біртүрлі қарым-қатынас үлгілері
  4. Басқа жолаушылардың немесе қызметкерлердің қозғалысына кедергі келтіру
  5. Қараусыз қалған сөмкелер мен заттар

Мекеме әр әуежай қызметкері және кез келген жолаушы мұндай белгілерге назар аударуға және күдікті жайттарды қауіпсіздік қызметіне хабарлауға құқылы, тіпті міндетті екенін ескертті.

Жолаушылар нені ескеруі керек?

  • Сөзге абай болу – басты міндет.
  • Қауіпсіздік ережелеріне селқос қарамау.
  • Қараусыз затты көрсеңіз, дереу хабарлау.
  • Күдікті әрекетті байқасаңыз, үнсіз қалмау.
  • Авиациялық қауіпсіздік қызметіне сеніммен қарау.

Еске салайық, 19 сәуірде Алматы-Қарағанды бағытындағы рейске отырғызу кезінде 2009 жылы туған 15 жастағы жасөспірім досында бомба бар екенін айтып қалжыңдаған. Бұл сөз қауіпсіздік қызметтерінің шұғыл әрекет етуіне негіз болды. Рейстер кешігіп, ұшуға шектеу қойылды. Кейіннен жасөспірімнің әрекеті 20 млн теңгеге жуық шығын әкелуі ықтимал екені айтылды.

Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 23 Сәуір, 2025 14:22
Талқылау