Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұндай басшылармен жұмыс істеуге дайын емеспіз": Өрт сөндіруші Медеуде көз жұмған әріптесінің өліміне басшылықты айыптады (видео)

Алматы қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Медеу шатқалында көз жұмған әріптесінің өліміне қатысты мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, өрт сөндірушінің көз жұмуына басшылықтың салғырттық танытуы себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

өрт сөндіруші

Өзін Арман Өмірбаев деп таныстырған өрт сөндіруші басшылықта отырған шенділердің тәртіпсіздікке жол беріп отырғанын айтты. 

"Президент мырза, бұл мәселені шешіп беруді сұраймын. Әлеуметтік желіде мені "оппозиционер" ретінде көрсетуі мүмкін. Жоқ, мен Отан алдындағы борышын өтеп, қызмет етуге келген қарапайым жігітпін. Бірақ мен лауазымды орынға білімі арқылы емес, ақшасы мен таныстары арқылы жеткен басшылық құрам үшін өмірімді қатерге тіге алмаймын. Мысал ретінде жақында Медеудегі өртті сөндіру кезінде көз жұмған әріптесім Арсланды келтіре аламын. Ол басшылық құрамның салғырттық танытуынан көз жұмды", – деді ол. 

Қызметкер төтенше жағдайлар департаментінің басшылығына білікті мамандарды тағайындауды сұрады. 

"Егер керек болса, басшылықта отыруға лайық адамдардың тізімін ұсына аламыз. Барлық жеке құрамның атынан айтарым, біз халқымызды құтқару үшін соңына дейін баруға дайынбыз. Бірақ мұндай басшылармен жұмыс істеуге дайын емеспіз", – деп аяқтады ол.

Желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірген қалалық ТЖД өкілдері Өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғаныстың аға сержанты Арман Өмірбаевты департамент басшылығы қабылдағанын мәлімдеді. 

"Қызметкер әлеуметтік желі арқылы гарнизон жұмысының ұйымдастырылуына қатысты пікір білдіргенімен, комиссиялық қабылдауда нақты дәлелдер келтіре алмады. Жан-жақты және толық тексерістің нәтижесі бойынша мұндай үндеу жариялауға себеп болған факторларды анықтау үшін нақты тапсырмалар беріледі", – делінген жазбада. 

Айта кетейік, 8 мамырда Медеуде тау баурайындағы өртті сөндіру кезінде Арслан Жолдасбекұлының көз жұмғаны белгілі болды. 

баннер

Талқылау