"Мұғалім жертөледе 3 сағат ұстап, ұрып-соқты": Шымкентте колледждегі шудан кейін қылмыстық іс қозғалды
Шымкентте колледж студенттері мұғалімнің соққысына жығылғанын мәлімдегеннен кейін қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Басы дауға қалған директордың тәрбие жөніндегі орынбасары жұмысынан уақытша шеттетілген. Миы шайқалған жігіттер ауруханадан шығып, үйлерінде емделіп жатыр.
Апта басында "Парасат" колледжінің студенттері кураторымыз жертөлеге кіргізіп, сағаттап ұрды деп мәлімдеген еді. Олар "тик-токтағы" видеоға күлгеніміз үшін оңбай таяқ жедік дейді.
Қазір арнайы құрылған комиссия "Парасат" колледжін тексеріп жатыр. Оқу орнына бөтен адамдар кіргізілмейді. Бақылау күшейтілген. Полиция іс қозғап, сот-медициналық сараптама тағайындаған.
“Жәбірленуші студенттердің кураторы бізде 2014 жылдан бері 10 жыл уақыт жұмыс істеді. Дәл қазір ол жұмыстан шеттетілді. Алдағы уақытта қалай жұмыстан шығарылатыны соттың шешіміне қарай шығарамыз”, – деді "Парасат" колледжінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Ердос Кәдір.
Осы колледждің студенттері екі күн бұрын кураторларын айыптаған. Олар директордың орынбасары бізді жертөлеге кіргізіп, сағаттап ұрды деген еді.
“Бетімнен ұрды. Бәрі көрініп тұр ғой. Денемнен де ұрды. Денем де көгала қойдай көгеріп кеткен. Басымнан тепті. Досымды да аяған жоқ”, – деді студент Константин Зорин.
“Мұғалімдер мен жоғары курс студенттерін қосқанда 10 адамдай болды. Қайда барып арыздансақ та, тауып алатындарын айтты. Электрошокер қолданғысы келді. Кейін басқа студенттерге бізді ұруды бұйырды”, – деді студент Әбдіғаппар Ырысалиев.
Оларды ата-аналары арыз жазып, оқудан шығарып алған екен.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте колледж директорының орынбасары студенттерді соққыға жықты деп айыпталғаны айтылды.